«Президент Жарлығы мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді» - депутат

«Президент Жарлығы мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді» - депутат

«Президент Жарлығы мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді» - депутат
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлығына қолдау көрсетіп, пікір білдірді деп жазды turkystan.kz Депутат Мейрамбек Төлепберген facebook-тегі парақшасында Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылғанын айтып, құжаттың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл шаралардың барлығы мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді», – деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл Жарлық мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін айтты.
«Жедел шешім қабылдайтын кезде шенеуніктер бюрократияға салынып, қашқақтайды. Бұл өз кезегінде көптеген күрмеулі мәселелердің жылдар бойы шешілмеуіне алып келеді. Құжат осы жүйелі проблемаларды реттеудің жолы болып табылады», – деді Саиров.
Депутаттар Президент Жарлығы мемлекеттік аппараттың жұмысын оңтайландыруды тездетуге жол ашатынын айтты.
«Мемлекеттік аппараттың мақсаты айқын. Ол – халықтың мүддесін көздейтін маңызды құжатты ел игілігі үшін тиімді орындау», – деді Нұрлыбек Ожаев facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ, депутаттардың пікірінше, Президент Жарлығы мемлекеттік қызметті заман талабына сай жетілдіруге бағытталған.
«Ең алдымен, шешім қабылдану үдерісі жылдамдатылады. Одан кейін  мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі артып, құжат айналымы мен қағазбастылық азаяды» деп жазды Мәжіліс депутаты Бауыржан Сартбаев.
Депутат Бақытбек Смағұл бюрократияның халық пен бизнеске қиындық әкелетінін айтып, Жарлықтың осы мәселелерді түбегейлі шешетініне назар аударды.
«Президенттің бүгінгі Жарлығы мемлекет пен ұлттық мүддені көздейтін аса маңызды құжат болып отыр. Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған тарихи құжаттардың бірі болады және нақты жүзеге асырылады деген үміттемін», – дейді Бақытбек Смағұл.