Ажырасқан әйел жасауын қайтару үшін сотқа жүгінген

Жамбыл облысында келіншек өзінің артынан келген жасауын бұрынғы күйеуінен алып беруді өтініп, сотқа жүгінген деп хабарлады turkystan.kz өңірлік соттың ресми сайтына сілтеме жасап.

Соттың мәліметінше, 2021 жылғы маусым айында бойжеткен жауапкермен мұсылманша неке қидырған. Тойдан кейін қалыңдықтың төркіні жасау әкелген. Алайда арада келіспеушіліктер болып, кейін ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Дегенмен ер адамның туыстары қыз жасауын қайтарудан бас тартқан. Осыдан кейін келіншек жасауды қайтару үшін Тұрар Рысқұлов ауданының сотына жүгінген.

Істі қарау барысында тараптар дауды бітімгерлік жолмен шешу туралы келісімге келген. Оның шарттарына сәйкес, жауапкерлер 2022 жылдың 14 сәуіріне дейін арызданушыға тізімге сәйкес қыз жасауын өз еркімен қайтаруға міндеттелді. Ал келіншек белгіленген мерзімде мүлікті өзі тиеп, әкетуге міндетті.

Медиациялық келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button