Ресейліктерге "Times New Roman", "Arial" шрифтерін пайдалануға тыйым салынды

Times New Roman, Arial, Verdana, Tahoma және Helvetica қаріптерінің иегері американдық Monotype компаниясы ресейлік пайдаланушылар үшін сайттағы өз кітапханасына кіруге тыйым салды деп жазды turkystan.kz «Ведомости» басылымына сілтеме жасап.

Басылым тілшілері ақпаратты тексеріп көрді. Нәтижесінде Ресейде Monotype веб-сайтының қолжетімді екені анықталды. Алайда қаріптер каталогы бар бетті ашуға тырысқанда, пайдаланушы кіруге тыйым салынғаны туралы хабарламаны көреді.

«Ресейде Monotype қаріптер кітапханасының пайдаланушыларға қолжетімді емес екені 11 сәуірде белгілі болды. Бірақ бұғаттау шарты ертерек қосылған болуы мүмкін», – дейді басылымға сұхбат берген ресейлік IT-компаниясының қызметкері.

Ең көп қолданылатын Monotype қаріптері ресейлік пайдаланушылар үшін осы уақытқа Microsoft Office пакетінде қолжетімді болып отыр. Бірақ Microsoft компаниясы наурыз айының басында Ресейде сатылымдарды тоқтату туралы хабарлаған болатын. Компания өкілі Ресей нарығындағы Monotype-пен ынтымақтастық тақырыбына түсініктеме беруден бас тартты.

Content Review талдау агенттігінің басшысы Сергей Половниковтің мәліметінше, Microsoft бұл қаріптердің құқықтарын Monotype-тан сатып алды.

«Әрине, Monotype Ресейде қаріптерді пайдалануға тыйым салуға қол жеткізе алады. Бірақ, бұл тым көп қағазбастылыққа ұрындырады, компанияның бұған баруы екіталай», – деп атап өтті сарапшы.

Заңгерлердің айтуынша, Monotype қаріптер каталогын бұғаттау ресейлік қолданушылар үшін оларды пайдалануға тыйым салу деген сөз емес.

«Бұл ресейлік баспагерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету өндірушілері және басқа да тұлғалар автоматты түрде Monotype зияткерлік қызметінің өнімдерін пайдалану құқығынан айырылады дегенді білдірмейді», –  дейді Enterprise Legal Solutions компаниясының басқарушы серіктесі Юрий Федюкин.

Маманның ойынша, авторлық құқық иеленушінің қолданыстағы келісім-шарттарды мерзімінен бұрын бұзуға бастамашылық жасауға құқығы бар. Дегенмен, бұл компания үшін тиімсіз әрекет, себебі айыппұлдар мен пайыздар түріндегі бірқатар қаржылық шығындарға әкеп соғады.

Федюкиннің айтуынша, Monotype қаріптерін бұғаттаудың салдарынан «жақын болашақта оларды пайдалану мүмкін болмай қалады». Бірақ ресейлік заңнама бұл жағдайда «мәжбүрлі лицензиялау» механизміне мүмкіндік береді.

«Бұл кезде өнім құқық иесі лицензия беруден бас тартқаннан кейін де мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғау қажеттілігіне байланысты елде қолданылуы мүмкін», – деп қорытындылады ол сөзін.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button