Қарағанды мен Қарқаралыны жалғайтын күре жол тозып кеткен

Қарағанды мен Қарқаралыны жалғайтын күре жол тозып кеткен

Қарағанды мен Қарқаралыны жалғайтын күре жол тозып кеткен
ашық дереккөзі
Қарағанды мен Қарқаралыны жалғайтын республикалық маңызы бар күре жол әбден тозған деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап. Жергілікті тұрғындар кен тасыған жүк көліктері әбден жұқарған асфальт жабындысын одан сайын езіп тастады деп шағымданды. Осының салдарынан өңірге саяхаттайтын туристер саны да күрт азайған. Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы 1961 жылы пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Жолдың ені де талапқа сай емес. Салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі болады. Республикалық маңыздағы тас жолдың 303 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Жолай Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары арқылы өтеді. Бірнеше жыл бұрын көктемде су тасыған кезде темір жол қатынасы тоқтап, маңайдағы кен орындары руданы дәл осы жолмен тасыпты. Осылайша онсыз да қырық жамау жолды тіпті нашарлатып жіберген. Жол бойындағы ондаған елді мекен тұрғындары бұл мәселені талай жылдан бері қозғап келеді. Тіпті Қарқаралының таулы аймағын тамашалауға келетін туристердің де шағымы көп. Ал жол жөндеуші кәсіпорындар ойдым-ойдымы шыққан жолды топырақпен тегістеп, өздерін алдап жүр. Дегенмен, биыл сең қозғалды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен күре жол қайта салынатын болды. Бойында сервистік қызмет жаңғыртылады. Жуырда жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, 2024 жылы құрылыс басталмақ.
«Қазіргі жай-күйі - 3-техникалық санат, ені - 7 метр. Екінші техникалық санатта 9,25-ке дейін кеңейтіледі. Қайта жаңартудың арқасында ұзындық бөлік, еңістікке барлық түзетулер енгізіледі. Жолдың қауіпсіздік жағына көп мән беріледі», - дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ ҚОФ директоры Сырым Хамзин.
Құрылыс біткенше тұрғындарға осы жолмен қатынай тұруға тура келеді. Жауапты мамандардың айтуынша, осы көктемде 800 шаршы метрі жөнделіп, ойылған жерлері бітеледі. Ескірген жол белгілері ауыстырылады.