Жаңалықтар

Әскери шеруге ресейлік СУ-30 да қатысады

ашық дереккөзі

Әскери шеруге ресейлік СУ-30 да қатысады

7 мамыр күні Астанада өтетін әскери парадқа Ресейден сатып алынатын СУ-30 әскери ұшақтары да қатыспақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Қарулы күштері Бас Штабы басшысының орынбасары, генерал-майор Мүслім Алтынбаев айтты. «Өздеріңіз білесіздер, Жеңістің 70 жылдығына орай Қорғаныс министрлігіне жүктелетін жауапкершілік үлкен. Өзге де іс-шаралардан тыс, Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған парад өтеді. 7 мамыр күні Қазақ елі монументінің алдында Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында болмаған ауқымды парад өтеді. Парад Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қуатын көрсетіп, әскеріміздің біртұтастығын сипаттамақ. Сондай-ақ майданда қаза тапқан және арамызда қалған әр ардагерге деген үлкен құрметтің көрінісіне айналады. Бұл парадтың ерекшелігін айтатын болсам, тарихи кезеңді және қазіргі заманның көріністерін қамтиды. Қатысушылардың санын да көбейттік. Парадқа 5 мыңнан астам әскер, 231 техника, 70 ұшу техникасы тартылады»,– деді М.Алтынбаев. Бас штабы басшысы біз естімеген тағы бір жаңалықты жария етті: «Парадқа қатысты жаңалықты айтар болсам, бір сәтті сәйкестік болып отыр, қазір біз Ресей Федерациясынан СУ-30 әскери ұшақтарын сатып алып жатырмыз. Осы төрт ұшақ алдағы парадқа қатысады деп жоспарланып отыр», –деді ол. Ресей мен Қазақстан арасында бұрын-соңды болмаған ірі әскери келісім-шарт жасалғаны бұдан бұрын хабарланған болатын. Ресей өзінің Су-30 жойғыш ұшақтарын күні бүгінге дейін ешбір елге сатпаған екен. Төрт ұшақ Қазақстан бюджеті үшін 75 миллион долларға шыққан. Бұл қаржыға ресейлік мамандар біздің әскерилерді жойғыш ұшақты басқаруды да үйретеді.