Нью-Йорктегі 3D аниматор: Қазақ мәдениеті жайында анимация түсіріп, OSCAR сыйлығын алғым келеді
Нью-Йорктегі 3D аниматор: Қазақ мәдениеті жайында анимация түсіріп, OSCAR сыйлығын алғым келеді
Анимация десе ішер асын жерге қоятын Темірлан Кенжеғалиев бүгінде Нью-Йорктағы Trans Perfect компаниясында 3 D аниматор болып жұмыс істейді. Нью-Йорк кино академиясында білімін жетілдірген ол «Қазақфильмде» еуропалықтардың ыстық ықыласына бөленген «Күлтегін», «Мұзбалақ» анимациялық фильмі, «Балуан Шолақ» деректі фильмін әзірлеуге атсалысқан. Жуырда «Ирина Кайратовна» тобының «Көк Ту» әніне түсірілген клипіне анимация құрастырған. Амбициясы мықты, арманы асқақ Темірлан алдағы уақытта қазақ мәдениетіне қатысты жоба әзірлеп, Оскар сыйлығын иеленгісі келетінін жасырмайды. Жуырда Амстердамда өтетін жеке көрмесіне дайындалып жүрген Темірланға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Өзіңіз секілді ІТ мамандығы бойынша білім алған, бүгінде шетелдің белді компанияларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың көбі бағдарламалау ісіне оқушы кезінен қызыққанын айтады. Бірақ сіз анимацияға бала кезіңізден әуестенген екенсіз...
– Бала күнімде анам сатушыға жеке куәлігін тастап, көп кассетаны прокатқа алатын. Сол кассеталар арқылы көп кино, мультфильм, анимация көріп өстім. Әсіресе, әйгілі жапондық режиссёр-аниматор Хаяо Миядзакидің Spirited Away туындысын көріп, онда баяндалған оқиғаның анимация арқылы шебер сипатталғанына қатты таңғалғаным бар. Содан соң мен де дәл сондай әлем құрғым келетінін түсіндім. Сол үшін арнайы дәптер бастап, онда түрлі фигуралардың суретін салып, қисыны келсін-келмесін, өзімше анимация жасайтынмын. Жалпы, бұл салаға қалай келгенімді сөз етпес бұрын, ең алдымен ата-анама ерекше алғысымды айтып өткім келеді. Олар «Сен дәрігер боласың. Бәлкім, бағдарлама жасақтаушы боласың. Дұрысы, сен мұнайшы бол» деп өз пікірлерін таңған емес. Керісінше, «Тырысып көр. Байқа. Қара. Ештеңеден қорықпа. Бағдар көрсететін курстарға барып көремін десең, оны да құптаймыз. Көмектесеміз» деп өзіме ерік берді. Олардың маған осындай мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Қазір Нью-Йоркта осылай жұмыс істеп жүргенім солардың арқасы деп білемін. Негізі, ІТ саласындағы мықтылардың көбі қазақ-түрік лицейі, Дарын, Назарбаев зияткерлік мектебі секілді білім ошағында білім алған. Ал мен Атыраудағы қарапайым орта мектепті тәмамдадым. Осы ретте айтайын дегенім, орта мектепте оқушыға таңдау мүмкіндігі берілетіні ұнайды. Сені тек бір бағытқа зер салуға итермелеп, қысым көрсетпейді. Өзің қызыққан саладан басқа, география, биология секілді ғылымдар туралы көп дерек білесің. Оған қоса, онда орыс тобымен араласуға мүмкіндік бар, оқушы көп жерде көзқарас, ізінше орта қалыптасады. Мақтанғаным емес, бірақ орта мектептің берері көп. Әдепкіде ата-анам өздері оқыған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде білім алғанымды қалады. Мектеп бітірген соң, бірінші сол университетке құжат тапсыруға бардық. Кейіннен КИМЭП, Қазақ-Британ техникалық университетіне назарымыз ауды. Бірақ онда оқуға түскелі жатқан түлектердің көбі маған өзімшіл секілді көрінді. Олардың «Міне, қара, менікі қызыл диплом», «Мен ҰБТ-дан осыншама ұпай жинадым» деген әңгімесін естігенде «Мәссаған, мен осылай мақтанатындармен бірге оқимын ба сонда?» деп ешбіріне құжат тапсырмай кеткенім бар (күліп). Ал Алматы Менеджмент университетінде барлығы ашық әрі онда оқитындар қарапайымдылықты жаны сүйетіндей көрінді. Тағы бір ұнағаны, онда студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша Жапонияда біраз уақыт білім алуға болады. Алматы Менеджмент университетіне алдымен ақылы бөлімге түскен едім. Бірінші семестрде университет жұмысына белсенді қатысқаным әрі оқу үлгерімім жоғары болғаны үшін келесі семестрде мемлекеттік грант иегері атандым. Негізі, басында Т.Жүргенев атындағы өнер академиясында білім алғым келген, бірақ төртінші пән ретінде физиканы таңдаған соң, ол жаққа жарамайтын болар деп ойладым. Оның үстіне, онда анимация режиссері секілді мамандық оқытылатынын білмей қалдым. Кейіннен анам «ІТ саласын оқығаның дұрыс. Сол арқылы өзің армандап жүрген анимация әлеміне бас сұғасың» деп ақылын айтты. Анамның сол айтқаны дұрыс келді. ІТ арқылы қаланған «іргетас» көмегімен бүгінде анимация саласында жұмыс істеп жүрмін.
– «Қазақфильмде» жемісті жұмыс істеген соң бүкіл әлемді мойындатқан Нью-Йорк кино академиясына оқуға түсудің жолын қарастыра бастадыңыз ба?
– Иә, онда жұмыс істеп жүргенде түсінгенім, қазір отандық кинематография қарқынды дамып келеді. Өзіңіз білетіндей, еліміздегі мықты режиссерлердің көбі Нью-Йорк кино академиясында оқыған соң елге оралып, небір сапалы дүниелер жасап жүр. Байқап қарасам, елімізде сол кинорежиссерлер секілді шетел асып, білімін жетілдіріп жатқан ешбір аниматор жоқ. Сондықтан анимация жанры бойынша әлем мақтаған Нью-Йорк кино академиясында оқып келейін, сосын сонда оқыған-тоқығанымды пайдаланып, қазақ мәдениетін танытатын мультфильмдер жасауды мақсат еттім. Әлем жұртшылығына қазақ анимациясын тек батырлар арқылы емес, басқа да қырынан беруге болатынын көрсеткім келді. Сол мақсатты көздеген мен алғашында бір айлық курсқа бардым. Сол бір айдың ішінде бір минуттық анимация жасадым. Әдетте мамандар Қазақстанда мұндай жобаны әзірлеуге екі апта уақыт жұмсайды. Әлгі жұмысыма таң-тамаша болған оқытушылар әрі қарай оқуға деген құлшынысымды байқап, бір жыл тегін оқуға мүмкіндік беретін Talent Based Award стипендиясын тағайындады. Мен оқуға түскен уақыт пандемиямен тұспа-тұс келді. Студияда оқимын, студиядан үйренемін деп келген мен үшін бұл қиын да қызық кезең болды. Бір жылда көп нәрсені үйрендім, дегенмен барлығы мен жоспарлағандай болмады. Сонда да діттеген мақсатыма жетіп, академияда білім алғаныма шүкіршілік етемін.
– Пандемияға тап келсеңіз, академия бітірген соң Нью-Йоркте бірден жұмыс табу оңай болмаған шығар?
– Пандемия салдарынан Америкада шамамен 5 миллион адам жұмыссыз қалды. Сондықтан оқу бітіріп жатқанда бірден жұмысқа тұру маған да қиын болды. Академияда сабақ берген оқытушыларым «Коралина қорқыныштар әлемінде» және «Кішкентай ханзада» секілді танымал мульфильмдер әзірлеген Laika Studios компаниясымен байланыс орнатуыма себепші болды. Онда тағылымдамадан өтіп, артынша жұмысқа тұрдым. Қазір жасанды интеллектпен айналысатын Trans Perfect компаниясында 3 D аниматоры болып еңбек етемін. Онда бағдарлама жасақтаушылардың жасанды интеллект төңірегінде жасаған дүниесін анимация жанрына «ауыстырамын». Десе де, Laika Studios-пен келісімшартпен жұмыс істеудемін. Одан бөлек, кішкене баланың өмірі туралы қысқаметражды мультфильм әзірлеп жүрген жайым бар. Жеке өзім жұмыс істеп жатқандықтан, уақыттың аздығынан ол туындыны биыл көрермен назарына ұсына алмаймын. Құдай қаласа, келесі жылы қазақстандықтарды бір қуантсам деген ойым бар. Бұл жұмыстарымнан бөлек, Амстердамда өтетін көрмеме қызу дайындалып жатырмын.
Жұмыс барысында[/caption]
– «Ирина Кайратовна» тобының «Көк Ту» әніне түсірілген клипіне анимация әзірлеу ісіне атсалысқаныңызға қарағанда, елдегі мамандар сізді енді тани бастағандай. Осы ретте сұрайын дегенім, сөз арасында елдегі анимацияның дамуына көңіліңіз толмайтынын байқап қалдым. «Қазақфильмде» жұмыс істегендіктен, елдегі ортаны, әлеуетті жақсы білесіз. Жапония секілді анимациямен де танылу үшін бізге не істеу қажет?
– Жобаларымды ұнатқан «Ирина Кайратовна» тобының арт-директоры хабарласып, ынтымақтастық орнату туралы ұсыныс білдірді. Қазақстандық өнім әрі бірінші рет клиптің жұмысына араласатын болғандықтан, қуана келістім. Жалпы, біздегі көпшілік анимация мен мультфильм тек балаларға арналған деп ойлайды. Шынында, олай емес. Анимация десе ішер асын жерге қоятын үлкендеріміз баршылық. Бірақ өкінішке қарай, олар тым аз. Алысқа бармай-ақ, өз арамыздан мысал келтірейін. Бір жақынымызды анимацияның бәсі биік шығармашылық түрі екеніне көзін жеткізу үшін үш жыл уақыт кетірдім. Құр сөзбен айтқанша, іспен дәлелдейін деп оларды «Күлтегіннің» тұсаукесеріне шақырдым. Мультфильмді көріп, титрде жазулы тұрған аты-жөнімді көрген бетте әлгі жақыным жылап жіберді. Осыдан кейін анимация, аниматорлар туралы көзқарасы түбегейлі өзгерді. Аниматор демекші, бірде бір ата-ана маған «Аниматор жалдағымыз келеді, қызметің қанша тұрады?» деп жазды. Қызмет құнын жазып жіберсем, «Ертең осындай уақытта келе аласыз ба? Келіп балалардың көңілін көтеріп берсеңіз» деп жазып жіберіпті (күліп). Мені түрлі кештерге шақырып, шоу көрсететін аниматор деп ойлап қалса керек. Жалпы, бізде анимацияға инвестиция тек мемлекеттік бюджет арқылы құйылады. Тиісінше, анимацияның дамуы тікелей мемлекетке байланысты. Мұның бір кемшін тұсы – мемлекеттік орган өкілдері не айтса, соны жасауың қажет. Егер олар батырлар туралы жоба қаласа, тек батырларды қамтитын өнім әзірлеп беруге міндеттіміз. Байқап тұрғаныңыздай, онда шығармашылық еркіндік мүлде жоқ. Сосын бізді шоу жасайтын аниматор деп қабылдайтын, анимация мен мультфильмді ажырата алмайтын қазақстандықтардың ойлау қабілетін өзгерту керек. Режиссерлердің дені кино түсіру ісіне көп қаражат құйсаң, ісің алға басады деп ойлайды. Анимацияға да ақша салсаң, алысқа баруың бек мүмкін. Прокатқа шыққанда, қалтаңызды қампайтып, едәуір табыс әкеледі. Сол кезде мемлекеттік бюджетті керек қылмайсың. Ал бұған ешкімнің бас сұққысы жоқ. Бір шетінен анимация жасау көп уақыт алады. Мысалы, локация бекітіп, әртістерді таңдап қойған режиссер жарты фильмді жарты жылда түсіреді. Ал біз болсақ, кейіпкерлерді, локацияның суретін салып, оған эффектілер мен дыбыстар қосып, бас қатырамыз. Шынымды айтсам, Қазақстандағы анимацияның «шаңырағы» мен секілді осы салаға өлермендей ғашық мамандардың арқасында ғана шайқалмай тұр. Оның үстіне, осы саланың білгірі саналатын көп әріптесім жалақының аздығынан басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр. Соңына дейін барамын дейтіндер саусақпен санарлық. Өз тарапымнан көмекке қажет аниматорларға барынша қолдау білдіріп жүрмін. Мәскеуде жұмыс істейтін Шыңғыс есімді бауырымыз 3 D анимациясы бойынша ақыл-кеңес сұрайды. Оған бар білгенімді үйретіп, қолдау білдіріп келемін. Жуырда маған қатты ұнаған жеке туындысы жарыққа шықты. Көпшілік те тиісті бағасын беріп жатыр.
– Бұйыртса, күндердің бір күнінде «And the Oskar Goes To...Temirlan Kenzhegaliyev» дегенді естиік. Дегеніңізге жетіңіз! Оскар сыйлығын алу бұйырсын!
– Рақмет! Сол күнге аман-есен жетейік!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ