Ақтаңдақ ақиқаты

Ақтаңдақ ақиқаты

Ақтаңдақ ақиқаты
ашық дереккөзі
ХХ ғасыр басында кеңестік өкіметтің қол астында өмір сүрген халықтар қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. 1935-1938 жылдар аралығында еліміздің біртуар елеулі азаматтары жаппай қу­ғын-сүргінге ұшырады. Кеңес өкіметі халықтарды біржолата бұ­ғаулау мақсатында ұлт зиялыларын қудалап, көздерін жою сая­сатын ұстанды және оны жүзеге асырды. Сол сұрапыл саясат қазақ жерін де айналып өткен жоқ. Қуғын-сүргін салдарынан жүздеген отбасының шаңырағы шайқалып, әйелдері жесір, балалары жетім қал­ды. Әкелері жер аударылып, шешелері лагерьлерге жіберілді. Ал ұрпақ­тары «халық жауының баласы» атанып, қиындық пен азап көрді. Қаза тапқандарды және шет жерге көш­кендерді қоса есептегенде, сол жыл­дары халқымыз 70 пайызға жуы­ғынан айырылды. 1926 жылы Адай уе­зін­дегі 350 мың адам мен 1,5 млн малдан 1939 жылы 26 мың адам және 25 мың мал қалды. Қуғын-сүргін жылдары Маң­ғыс­тау өңірінен 720 азамат ату жазасына ке­сіл­ген. Жалпы, саяси тұрғыда қуғын­дал­ған азаматтардың саны әлі белгісіз. «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін» деп Әйтеке би айтқандай, ел-жұртының қамын ойлаймын деп, жазықсыздан жер ау­дарылып кеткендердің бірі – маң­ғыс­таулық Баймағанбет Сәнеубердіұлы. Ол 1886 жылы дүниеге келген. Әкесі Құдай жолын ұстанған көзі ашық, өз дәуірінде күйлі-қуатты кісі бо­лыпты. Бай болса да ақылға, мінезге, білімге бай болып, бір рулы елдің тізгінін ұс­тап, жан-жағындағысын қамтып, қам­қорлық жасаған. Балалары мен не­мере­лері­нің сауатты болуына қатты мән беріп­ті. Жары руының ішінде алғашқы бо­лып Сәнеуберді ағасы Аймағанбетпен бір­ге қажылыққа барған. Мұсылмандық па­рызын өтеп келген екен. Сонда қажы­лы­қтан келген Сәнеубердінің қолын алу­ға алыс-жақындағы ауылдардан қо­нақ­тар екі ай бойы үзілмепті деседі. Маңғыстау халқының атам за­ман­нан мал шаруашылығымен ай­на­лысқаны, төрт түлікті асылдандырып, күн­көріс қылғаны баршамызға мәлім. Жо­­­­­­ғарыда атап өткен Баймағанбеттің әке­сі Сәнеуберді Меккедегі қажылық са­парынан асылтұқымды айғыр алып кел­ген. Сол аттың тұқымынан «Көшім торы ат» деген аты бір жылда 5 бәйге қанжы­ға­ға байлапты. Одан бөлек, Баймағанбет Орал өңірінен 6 қошқар алдырып, қой­дың тұқымын асылдандырумен де ай­на­лысқан. Сәнеубердінің Боқан деген баласы ел арасындағы дауларды шешіп, бі­тім жасап, билік айтып отырған деседі. Со­­­нымен қатар Боқан елге келген сауда­гер­лердің саудасы халыққа тиімді жағ­дай­да жасалуын қадағалап отырған. Сә­неуберді ұрпақтарында менмендік, тә­кап­­парлық сипат болмапты. Батпа деген қы­зы Қобылаш деген малшы кедей жі­гіт­ті жақсы көретінін айтқанда, екеуін үй­лен­діріп, өз алдына үй тігіп, еншісін бе­ріп­­ті. 1928 жылғы кәмпескелеу саясаты ке­зінде Маңғыстауда Баймағанбет 500 пұт ет, 500 пұт жүн өткізген. 1929 жылы үй басына 500 пұттан ет салығын сал­ған­да Баймағанбет 200 қой, 20 жылқы бер­ген. Тұщықұдықта «НКВД штабы» құрыл­ған болатын. Форттан Әділбай Шумақов деген милиция келіп, 1932 жылы Бай­ма­ғанбетті «бай» деп ұстап әкетіпті. Ауыл­дағы екі ағаш үйді түрмеге айналдырған пат­ша үкіметінің жандайшаптары жа­зықсыз айыптағандарды сонда қамап ұстап­ты. Сол ағаш үйді күзетуге ауылдың жігіт­терін алған. Сонда Жаманқара руы­нан Дәулет Сағындықов деген кісі күзет­ші болған. Үлкен ұлы Көкеш тамақ алып келгенде, әкесімен кездестірмей, тамақты бер­гізбеген. Дәулет «Ертең төрт адамды отын жинауға алып шығамын. Сенің әкең де болады. Сол жерге кел» деп, Бай­ма­ғанбет пен баласы Көкешті отын жи­науға шыққанда жасырын жүздестіріп, та­мақтарын ішкізген. Дүние-мүлкін түгел кәмпеске деп жинап алған. Содан кейін халық ашаршылыққа ұшыраған. Мі­­не, Баймағанбетті күзетуге өз ауы­лы­ның жігіттерін қойған қызыл империя үкіме­ті өзі аз қазақты бір-біріне айдап сал­ған екен. Баймағанбеттің 7 ұлы, 1 қызы бол­ған. Көкеш, Оразғали, Мырзағали, Бек­қали, Бекасыл, Жанасыл және Қайыр­хан, қызы Қадыхан. Баймағанбет ұстал­ған жылы балалары жас, қабырғасы қат­­­­­паған. Ең кенжесі Қайырхан қыр­қы­нан да шықпаған екен. Алты қанатты үйдің екі керегесімен бір үзігін қалдырып, бас­қа мал-мүлкін алып кеткен. Сол ашар­шылық кезде баласы Бекасыл аштыққа шы­дамай, дүниеден өтіпті. Оразғали, Мыр­зағали Астраханьға барып, орыс­тар­мен теңізге шығып балық аулаймыз деп жүр­генде суға кетіп қайтыс болған. Бек­қали әскерге шақыртылып, Ұлы Отан со­ғысына қатысқан. Жанасыл да «малды ұрлап, сойып жеді» деген «айыппен» ұста­лып, түрмеде қайтыс болған. Баймаған­бет­тің тек өзі емес, балалары да сол кез­­­­дегі қуғын-сүргіннің құрбаны болып, бұл күнде сүйегі қайда қалғаны белгісіз. «Баймағанбеттің әкесі қажылыққа барғанда, Меккеден әкелген кілемдері 1936 жылға дейін дүкенде тұрды» деп еске алады Баймағанбет отырған түр­ме­нің күзетшісі болған Дәулет ата. Шебір ауы­лындағы Жаманқара руынан Дәулет Са­­­ғындықовтың арманы — жазықсыз қу­даланған, атылған, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылған, қорланып өлген, мүгедек болған, ел-жұртынан айы­ры­лып, туған жердің бір уыс топырағы бұйыр­май, жат елде, белгісіз жерде, ар­ман­да кеткен бабаларымыздың ақталуы. Бұл әңгімені ағаш үйдің күзетшісі болған Дәулет атаның өзінен 1991 жылы, Бай­мағанбет аға айыпталып кеткенде қыр­қы­нан шықпаған баласы Қайырханның қы­зы Ғайша Баймағанбетова жазып ал­ған. Біз, жас ұрпақ, осы солақай саясат, содыр басшылық кесірінен ашар­шылық, қуғын-сүргін құрбаны болған ба­балар рухын еске алып, құрмет көр­сетуі­міз керек. Тарихты білмей, келешек­ке бағдар жасай алмаймыз. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен құрылған болатын. Комиссия құрамына белгілі тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, ғы­лыми-зерттеу институттарының, мем­лекеттік және құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері кірді. Республиканың 17 аймағында өңірлік комиссиялар құры­лып, заңсыз жазаланғандар мен аты­лып кеткен азаматтарды толық ақтау бойын­ша еліміздің түкпір-түкпірінде мұрағаттарда еңбек етуде. Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын, ақтаңдақ ақиқатын жа­дымызда сақтау – біздің қасиетті боры­шымыз. Өткенімізге салауат айтып жүрейік.

Мейрамгүл Асқарқызы, Жарасқан ӘНДІР, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің студенттері