Жамбыл облысында қытайлық компания жұмысшылары наразылыққа шықты

Жамбыл облысында қытайлық компания жұмысшылары наразылыққа шықты

Жамбыл облысында қытайлық компания жұмысшылары наразылыққа шықты
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында «Меркі-Бурылбайтал» тасжолының құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компанияның жұмысшылары жалақыны арттыруды талап етіп, наразылыққа шықты деп хабарлады turkystan.kz. Жұмысшылардың айтуынша, соңғы 3 жыл бойы қытайлық компания ең төменгі жалақы төлеп келген. Еңбек жағдайларын жақсартуды да талап етіп отырған 80-нен астам жұмысшы жұмысқа шығудан бас тартқан.
«10 сағаттық режимде жұмыс істейміз. Жалақымыз оған татымайды. Мұндай жағдайға шыдамайтынымызды екі айдан бері айтып жүрміз. Мұнда, тіпті, арнайы киім де жоқ», - дейді жұмысшы Мергенбай Дабылов.
Республикалық маңызы бар тасжолдың бұл бөлігін қытайлық «Синьсин» компаниясы салып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған, қазір онда 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Компания өкілі жұмысшылардың айлығы 60 және 120 мың теңге аралығында екенін айтады.
«Біз жобаны 2017 жылғы бағамен алдық. Қазір өзіміз де шығынға батып жатырмыз. Құрылыс заттарының құны да еселеп өсті. Сол себепті, жалақыны көтере алмай отырмыз», – дейді «Синьсин» құрылыс және дамыту компаниясы» ЖШС бас инженері Цюань Ицюань.
Бұл мәселеге қатысты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров компания басшылығымен кездескен.
«Компания басшылығы үш күн ішінде қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі қаралатынын айтты», - деп ол жұмысшыларды сабырға шақырды.
Айта кетсек, «Меркі – Бурылбайтал» тас жолының құрылысы - Жамбыл облысындағы маңызды нысандардың бірі. Қазір құрылыс жұмыстары шамамен 90 пайызға аяқталған. Келесі жылға дейін толығымен аяқталып, көлік қозғалысы ашылады деп күтілуде.