Айбергеновтің жары
Айбергеновтің жары
Танысу
1986 жыл. Мектеп бітіріп, оқуға тапсыру үшін Алматыға баратын болып, жолға жиналып жатырмын. Көңілім алып-ұшып, бір орында тұра алмаймын. Уақыт өтпейтін секілді.
–Ассалаумағалейкум. Кітаптан басымды көтеріп жалт қарасам, үйге Далдыбай ағам мен Әрепбай ағам кіріп келе жатыр екен. Далдыбай – әкемнің жақын інісі, ал Әрепбай – Далдыбайдың туған қайын ағасы, біздің Қоңырат ауданынан шығатын «Жеңіс байрағы» газетінің тілшісі. Төлеген Айбергеновтің ең жақын досы болған Әрепбай ағам келгенде біздің үйдің іші толып кететін.
– Уай, құда, қош келдің! Мақтап жүреді екенсіңдер, қазір тамақ та пісіп қалды-ау деймін. Шай алыңдар. Әкем кілт көңілденді.
– Мына Бауыржанға жол болсын айта келдік,– деді Әрепбай ағам кеңкілдей күліп. Мен кәдімгідей қомпаңдап қалдым. Далдыбай ағам қулана көз қысып қойды. Ендігі әңгіме Алматы, Төлеген ағама ауысты. Ақынның елге келген сапарында сұлу шаһар туралы досына айтқан әңгімелерін ықыластана тыңдап отырмын. Арасында: «Шіркін, мен де Алматыдан келіп, Сыдық, Болаттарға әңгіме айтып отырсам ғой...» деп армандап қоямын.
– Баукен, – деді Әрепбай ағам кетер кезде маған бұрылып, – мына хатты Үрниса жеңешеңе берерсің. Сыртына адресін, телефонын жазып қойдым. Ұялма, хабарлас, ол – өте жақсы адам!
Үрниса! Аты ерекше екен. Басыма бірінші келген ой – осы.
Ертеңіне Ілия, Ұлбосын, Клара есімді үш кластасыммен бірге жолға шықтық. Жолбасшымыз – мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген, Ұлбосын мен Ілияның ағасы Сәрсенбай ағай. Ұшаққа билет болмай, Нөкістен Ташкентке, Ташкенттен Алматыға пойызбен келдік. Сол пойыздың ішінде келе жатып, әлгі хат есіме түсті. Әрепбай ағам айтпаса да, хаттың мен туралы екенін түйсігіммен сездім. Ашып, оқығым келді. «Қой, ұят болады...» дейді бір ойым. «Онда тұрған не бар, қайта желімдеп қоя салмайсың ба?» – дейді тағы бір ой кимелеп. Ақыры сол иығымдағы періштем жеңіп, аштым.
— «Үрниса! – депті ағам амандық-саулықтан кейін. – Мынау Төлеген ағасы секілді шайыр боламын деп талаптанып жүрген бала. Оқуға түсуіне көмектесерсің». Біздің ауыл ақынды шайыр дейді. Хатты оқып болып, екіұдай сезімде болдым. Бір жағынан ішім жылып тұр. Екінші жағынан сәбет оқушысы, республикалық олимпиаданың жеңімпазы үшін біреуге «оқуға түсір» деп өтініш айтқан ыңғайсыз емес пе?! Оның үстіне, жеңгей қалай қарайды? «А, мен сені сәлем беруге келген екен десем...» десе, өлім ғой... Жоқ, болмайды. «Бұл хатты оқуға түскеннен кейін апарып беремін». Осы ойға бекідім.
Сол жылы оқуға түсе алмадым. Сәрсенбай ағай мен қыздар ертерек кетіп қалған болатын. «Құлап қалғасын» Төлеген ағамның үйіне баруға мүлдем құлқым болған жоқ. Хат өзіммен бірге ауылға «қайтты». Ол туралы Әрепбай ағам келіп сұраған сәтте бір-ақ білген әкем аузын толтырып бір-ақ боқтады: «Өй, жатырына тартып кеткен әкеңнің аузын... жасық неме...».
1989 жылы әскерден келіп, тағы Алматы астым. Сол КазГУ-ге келіп тұрмын. Әрине, бұл кезде хат жоқ, бірақ үйдің адресі мен телефон нөмірін жатқа білемін. Бірақ қоңыраулатуға ішімдегі бірдеңе жібермейді. Бұл жолы да тоңқалаң астым. Алматы станок жасаушылар зауытында жұмыс істеп жүрмін. Төлеген ағамның өлеңдерін жатқа соғамын. Кейде тіпті өзі секілді жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарап оқимын. Бірақ оқуға түспей тұрып, ақынның үйіне бару ұят секілді.
Келесі жылы оқуға түскеннен кейін де звондауға батылым бармай жүрді. Бір күні өзімді жеңіп, автоматқа жеттім-ау, әйтеуір.
– Алло. Әйел адамның дауысы. Үрниса жеңешем болуы керек.
–Алло, Төлеген ағамның үйі ме екен? Сұрағымның түрін қара. Иегіме ие бола алмай қалдым. Сартылдап тұр.
– Иә, Төлеген ағаңның үйі. Трубканың ар жағындағы дауыс жып-жылы екен.
– Мен Қоңыраттан келіп ем... Студентпін... Сізге сәлем берейін деп... Тура біреу қуып келе жатқандай сартылдатып жатырмын. Жеңешем күліп жіберді:
– Ой, айналайын, үйге келе ғой. Адрес...
–Білемін.
Жеңешем есікті ашып қойып, күтіп отыр екен.
– Ой, гүл алып не істейін деп ең, өзің студентсің. Ал төрлет. Қоңыраттанмын дедің бе?
– Иә. «Ленинизм» кеңшарынанмын. Бұрынғы «Авангард», жолдың мына жағы. Нақтылап жатқаным, біздің кеңшар кейін, 70-жылдары құрылған.
– Онда кімнің баласысың?
– Бабажанның. Жеңешем иығын көтерді. Танымаймын дегені. Онысы рас. Менің аталарымды өкімет балық шаруашылығын дамыту керек деген сылтаумен Мойнақ ауданына «жер аударып» жіберген. Ағайын арасына 70-жылдарда ғана келдік.
Әңгімеміз шай үстінде жалғасты. Әрепбай ағамды айтқанда жеңешемнің көзі жарқ ете қалды. Оның қарындасы Сұлудың менің жеңгем екенін естігенде тіпті мәз болды.
– Келін боп түсіп жатқан кезім ғой. Шымылдық ішінде отырмын, – деді сосын рахаттана күліп алып. – Қасымда сол кезде 9-сыныпта оқитын Сұлу бар. Салт бойынша жаңа түскен келін шымылдықтың ішінде де орамал жамылып отырады. Ылдым-жылдым қозғалып қалған адаммын ғой, отырып-отырып ішім пысты. Бір жағынан ұйқы қысып барады. Сосын Сұлуға: «Сен менің орныма отыра тұр, сәл мызғып алайын...» дедім. Көзім ілініп кетіпті. Бір кезде бетіме бірдеңе тарс ете қалды. Көзімді ашып қарасам, тақия. «Е, біреудің тақиясы түсіп кеткен екен ғой...» деп шымылдықтан асыра лақтырып жібердім де, қайта көзімді жұмдым. Бір кезде сыртта у-шу болып, бір топ келіншек шымылдық ішіне кіріп келді. Сөйтсем, тақия лақтыру елдің салты екен. Жас келіннің қасында отырғандар мұндайда тақияны толтырып, сырттағы адамға ұсынады екен. Жұғысты болсын деген ниет. Ал мен кері лақтырып жіберіппін. Ішке кіріп келгендер келіннің орнында отырған Сұлуды, қасында жантайып жатқан мені көріп, тіпті шошып кетті. Сол Сұлу ғой. Баласы нешеу дейсің? Құдай берген екен.
Тағы біраз әңгіме айттық. Ананы-мынаны сұрайды. Тіпті, ауылдың арасындағы жолдарға дейін жатқа біледі. Мен кейде жауап бере алмай дағдарып қаламын. Кейін ойласам, арада өткен ширек ғасырда жер бедері біраз өзгерген екен ғой. Ал жеңешем өз көкірегінде сақталған жобамен сұрайды. Менің білмей қалатыным содан екен.
Түсте барғаннан қас қарая бір-ақ шықтым. Жеңешем есіктің алдына дейін шығарып салды. Өзі де біраз жайтты еске алып, желпініп қалған секілді: «Айналайын, жиі келіп тұр. Біздің ауылдың баласысың ғой сен...». Төбем көкке сәл жетпей тұрды.
Мәңгілік тарқамайтын той
«Мен марттағы найзағай күркірімін» деп жырлаған Төлеген Айбергеновтің туған күні – 8 наурыз. Жеңешем жыл сайын сол күнді асыға күтетін. Таңертеңнен бастап қонақ ағыла бастайды. Зәкір Асабаев, Мұхтар Шаханов, Смағұл Елубайлар міндетті түрде келетін. Бір қызығы, мүлде шақырылмаған қонақтар да болатын арасында. Кешке қарай жастар қаптайтын. Ақынның туған күніне деген құрметі ғой. Төлеген ағамның ұлы Дәурен мен қыздары Салтанат, Махаббат, Хұсни, Айнар, күйеу баласы Бауыржан Жақып тік аяқтан тұрып күтетін келгендердің бәрін. Өтежан Нұрғалиевті бірінші рет сол шаңырақтан көрдім. Қызықты естеліктер айтылып, Төлеген ағамның өлеңдері оқылады. «Омырауынан бір сәуір шайқап ескен» жеңешемнің жүзі бұл күні бал-бұл жайнайтын.
Жалпы, 8 наурызда ақынның үйін бетке алатын «дәстүр» бұрыннан бар екен. «Біз студент кезімізде ен Алматыда өзімсініп баратын жалғыз үй – Айбергеновтің шаңырағы еді...» дейді белгілі ақын Қасымхан Бегманов.
...Төлеген ағам қайтыс болғаннан кейін «Лениншіл жастың» сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртаза мұны хат бөліміне жұмысқа алған. «Жұмысқа тұрғаным бар болсын, аңыраймын да отырамын. Өйткені келген хаттың 70-80 пайызы Төлеген туралы болатын. «Жап-жас жігіт еді ғой, қалай аяқастынан кетіп қалды?» деген әрбір хат жүрегімді тіліп түсетін...» дейтін. Төлегенге деген елдің шексіз махаббатына қатты риза болатын. Ақынның тойын бүкіл халық болып тойлаған сәтті көруді қатты армандайтын. Түбі солай болатынына сенетін. Белгілі журналист Қалбай Әділдің құрастыруымен «Біргемін мен сендермен» атты естеліктер кітабы шыққанда қатты қуанып еді.
Көптеген ақын-жазушының ұрпағы әкесінің шығармасын оқи алмайтыны рас. Ал бұл кісінің Алматы әбден орыстанып кеткен жылдарда да балаларына қазақ тілінде білім беріп, әкесінің өлеңдерін бойларына сіңдіруі – үлкен ерлік. Әр перзенті әкесінің кез келген өлеңін жатқа оқиды.
2017 жылы туған жері Қарақалпақстанда, Алматыда, Астанада, Ақтөбеде, Ақтауда, Шымкентте һәм Мәскеуде ақынның туған күні кеңінен атап өтілді. Қазір Ақтөбе облысы әкімдігі тарапынан жыл сайын ең үздік қаламгерлерге берілетін, әрқайсысы 1 миллион теңге тұратын сыйлықтың біреуі Айбергеновтің атында. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен былтыр Ақтөбенің орталық көшелерінің біріне Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылды.
2019 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің сол тұстағы ректоры Бауыржан Ердембековтің мұрындық болуымен ақын атындағы конференц-зал ашылғанда Салтанат апам баяғы мен жиі парақтаған альбом мен Төлеген ағам киген көйлекті сыйға тартты. Қазір университеттегі құнды мұралар санатында.
Биыл Айбергеновтің туғанына 85 жыл толды. Туған ауылындағы мектеп директоры, Төлегеннің өлеңдерін жатқа оқитын жалынды жас Жеткізген Сәрсенбаев ақынның жырларын оқудан керемет жарыс өткізді. Оған Қарақалпақстанның барлық өңірінен оқушылар қатысты. Telegram канал арқылы әрбір талапкердің оқыған өлеңін тыңдаған сайын өзім қатысып жатқандай күйде толқып отырдым.
«Шіркін, – деймін кейде, – осының бәрін Үрниса жеңешем көргенде ғой». Бірақ рухы сезіп жатқаны хақ.
Жақында ғана әкесі Төлегенге туралы кітап жазып бітірген Салтанат Айбергенова енді Үрниса жеңешем туралы кітап құрастырып жатыр екен. Өте құптарлық іс. 30 жасында жесір қалып, қазақтың ұлы ақынының бар мұрасын бүгінге жеткізген, салиқалы ұрпақ тәрбиелеген инсан қандай құрметке де лайық!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ