Көрген-білген ойға азық

Көрген-білген ойға азық

Көрген-білген ойға азық
ашық дереккөзі
«Алыс пенен жақынды жортқан білер» демекші, әркімнен естіген бір бөлек те, көзбен көргеннің әсері басқаша. Өйткені ақпараттық экспанция заманында жұртты адастыратын, шындықтың бетін көлегейлейтін жайт көп. Сондықтан реті келсе сапарға шығып тұрудың пайдасы көп. Әрине, сапарға шығудың мақсаты, түрлі себептері болады. Біреу ел көру, жер көру мақсатында ел аралайды, тағы бір адамдар тарихи орындарға саяхат жасап, бұрын естігендерін көзбен көргісі келеді. Енді бір кісілер отбасылық жағдайларға байланысты туған жеріне, ағайын-туғандарына барып қайтады. Дегенмен бұлардың қай-қайсысы да көңілге ой салып, көп жайға қанықтырады. Ал менің сапарыма келсек, осы айдың басында елде тұратын туған жездем 74 жастан асқанда дүние салып, соның себебімен кіндік қаным тамған жұртта болып қайттым. Бұл менің елге тоғыз жылдан соң ат ізін салуым еді... Тәртіптің аты – тәртіп Кеңес үкіметі тараған соң 1999-2013 жылдар аралығында қазақ-өзбек ше­кара­сынан ары-бері төрт рет өткенім бар. Кеңес үкіметі тараған соң тәуелсіз рес­пуб­ли­калар пайда болып, бәрі шекараларына сергек қа­рай бастаған тұста бұрын тығыз қарым-қа­тынаста болған халықтар алғашқы кезде ше­­­карашыларға мойынсұна бермейтін, төл­құ­жатыңызды көрсетіңіз деген сарбаздарға қолын сілтеп кете беретін. Шекара бекеттері алқа-салқа, бір елден екінші елге өтетіндер бей­небір базарға кіріп-шығып жүргендей ер­­кін еді. Сол кезде осы көріністердің бәрі қа­­зақ пен өзбекті бөліп тұрған ала баған маңын­­дағы тірліктің көрінісі болатын. Кейін мем­­лекеттер шекараға тәртіп орнатқан соң ха­­лық та біртіндеп заңға бағына бастады. 2011, 2013 жылы кіндік қаным тамған өлкеге – Қара­қалпақстанға екі рет барып қайтқам. Сол кезде шекара қызметкерлерінің қабағы тым қатулы еді (әсіресе көрші елдің шекара­шы­лары). Сәл нәрсеге үлкен-кіші демей ақы­рып, жекіріп, жасқап тұратын. Ал биыл... Қазақ-өзбек шекарасында тәртіп жө­ні­нен көп өзгеріс болған сияқты. Қа­зақ­стан шекарашылары бұрынғыдай түксиіп, қа­­далып тұрған жоқ, тіпті Өзбекстан шека­ра­сына өтер жерде «шекарашыларға шағы­мыңыз жоқ па?» деп сұрап тұр. Ал өзбек ше­кара­шылары да бұрынғыдай түксиіп тұрған жоқ, тиісті заттарыңды тексеретін лентадан өт­кізіп жібере салады, тек Қазақстан азамат­тары­ның вакцина паспорты болмаса ПТР-тест­тен өткізіп, нәтижесін 20 минутта шы­ғарып беріп, паспортыңа Өзбекстанға өтті де­ген белгі соғып береді. Бұрындары алдына кел­гендерге сәл бірдеңе ұнамай қалса жекіріп «сумкаңды аш, тексереміз» деп тұратын көрші елдің шекарашылары жұмсақ. Артық сөз жоқ. Бұ­ған пандемия кезінде көршілес елдер ара­сындағы тоқтап қалған қарым-қатынас та, қа­зақ, өзбек Мемлекет басшыларының ше­кара қызметіне қатты мән бергені де әсерін ти­гізген болар деп ойладым. Қалайда жақсы өзгеріс бар. Жол жүрген сершіл келеді Алматыдан Нөкіске автобусқа отырдым, «ті­келей рейс» деп аталғанымен, Алматыдан Са­рыағаштағы Жібек жолы шекаралық ке­де­ніне дейін жетіп, одан әрі Өзбекстанға өт­кен соң жолаушыларды Нөкіске дейін жеткізетін ав­тобус күтіп тұрады. «Тікелей рейстің» жақ­сы жері шекарадан өткен соң көлікті қайдан іздеймін деп қиналмайсың, арнаулы көлік күтіп тұрады, жолаушы таситын жекеменшік так­силер «қайда барасың, қалаған жеріңізге жет­кізіп тастаймыз» деп жүгіңе жармасып, мазаңызды алмайды. Біз Алматыдан мінген автобус койкалы, жатып демалып баратын автобус екен. Кәдімгі пойыздағы секілді, екі қабатты. Астың­­ғы орындар, негізінен әйелдерге бері­леді. Автобус бізді шекарадағы «Жібек жолы» ке­ден бекетіне апарып, өздеріне тиесілі ав­тотұраққа түсірді. Сол жерде ақша ауыстыру пун­ктіне теңгені өзбек сумына айырбастап алу­ға жағдай жасалған. Бір теңге – 23 сумға тең. Автотұрақ иелері өз аймағына келген жо­­лаушыларға қамқор, біреудің сырттан ке­ліп алдап-арбауына, бопсалауына жол бер­мейді. Сол арада жүрген бір жігіт «валютщик» екен, бір өзбекстандық жолаушыға ақшаңды ауыстырып берем деп теңгесін артық алып кет­кен екен, дереу оны тауып алып, ақшасын қай­тарды. Нөкіске жеткенше автобус Ташкент об­­лысы мен қаласының, Сырдария, Жы­­зақ, Са­марқан, Бұқара облыстарының үсті­­мен өте­ді. Біз мінген автобус таңертеңгі са­­ғат он жа­рымда қозғалып, Бұқара облысына кір­геннен кейін қараңғы түсті. Оған дейін жол бойындағы ауылдар мен қалаларға қа­рап, көргенімізді елмен ойша салыстырып отыр­дым. Ежелден диқаншылықтан нәпақасын айырып келе жатқан өзбек елінде халық су бар жерге қоныстанады, сондықтан үлкен жолдар да негізінен елді мекендердің үсті­нен өтеді. Шекарадан Ташкент, Жизақ, Сыр­дария, Самарқан, Бұқара облыстарына бар­ғанша жолдың екі жағына тығыз орна­лас­қан елді көресің, яғни жан-жағында ел тұр­май­тын жол жоқ. Өзбек елі сырттан келетін қонақтардың кө­зіне ыңғайсыз нәрсе түспеуі үшін жол бойындағы ауылдар мен аудандарды, қа­ла­ларды барынша әдемілеп қояды. (Осын­дайда біздің алқа-салқасы шығып жатқан ше­каралық аудандар мен ауылдар есіңе түсіп ың­ғайсызданасың). Былайша айтқанда, күн­діз жүрсең жол бойындағы елді көріктендіріп тұр­ған ағаштар мен бақтарды, әсем үйлер мен ғимараттарды көріп көзің демалады. Сосын бір байқағаным, біз жүрген жолдың бойында құры­лыс, жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Тек Бұқара облысынан ары Қа­рақалпақстанға қарай кеткен жолдың біраз жері көп жылдан бері жөндеу көрмеген екен, асфальттар бұзылған, ойықтар бар, шаң­ғытып жатыр. Былайша жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді, бірақ оның ұзаққа со­зылып кеткені байқалады. Сондықтан Бұқара мен Қарақалпақстанның Төрткүл ау­даны аралығында біраз селкілдеп, баяу жүруге тура келеді. Ал Қарақалпақстанның ішкі жол­­дары кей тұстарда жөндеу қажет екен демесек, көбіне жақсы. Нөкістен Ташкентке қайтарда жеке­мен­шік таксимен қайттым (жола­қы­сы бір адамға 250 мың сум, біздің ақшамен 10 500 теңгедей). Таксистердің көп жүріп, әбден ысылғаны көрініп тұр. Таңертеңгі сағат 10-да Нөкістен шыққан такси түнгі 12-де шекараға жеткізіп тастады. Кәсібі бардың – нәсібі бар Егер сіз Ташкенттен Нөкіске дейін күн­діз автобуспен жүріп жер көрсеңіз, өз­бек халқының ұқыпты, тазалыққа ерекше мән беретінін, барлық жағын тал-терек егіп, бақ орнатып жайнатып қоятын бейнетқор еке­нін байқар едіңіз. Қай жаққа қарасаңыз да бос жатқан жер жоқ, не егін егіп қояды, не бақ ор­натады. Сондықтан жолға жақын маңда бей­берекет жүрген малды көрмейсіз. Күн ыст­ық болса да егін даласында жүрген, бау-бақ­шаларын баптап жүрген адамдарды көре­сіз, олардың арасында әйелдер мен балалар көп көрінеді. Содан кейін жол бойында тамақ, сусын сатып отыратындардың қарасы мол. Соңғы жылдары өзбек елінде құрылыс жұ­мыстары күшті қарқын алған сияқ­ты. Ташкент облысынан Бұқара облысына бар­ғанша жол бойында жаңадан салынған за­манауи ғимараттарды, парктерді көп көр­дім. Кей жерлер биік үйлерден құралған тұтас ық­шамаудандар көрініп қалады. Көп жер­лер­де көпір, жол құрылыстарының жақында ғана аяқталып, пайдалануға берілгені көрініп тұр. Бірақ ешбірі құр әшейін бітті деп қоя сал­­маған, жан-жағының бәрі абаттандырыл­ған. Өзбек елінде кәсіпке көп мән беріледі. Оларда әр ауылдың өз кәсібі бар десе де болады. Мәселен, мен (қайсы облысының ау­мағында екенін ұмыттым) бір-біріне жал­ғасқан бірнеше ауылдың әрбірінің өзіне тән кәсіптері бар екенін байқадым. Бір ауылда шай­ханалар көп болса, тағы бір ауылда жол бойын­да нан мен самса сататындар самсап тұр, ал енді бір ауылда жол бойында көлік жуа­­тын орындар жиі көрінеді. Енді бір ауыл­ тұрғындарының жеміс-жидек сатумен шұ­ғылданатынын сезесің. Яғни, іргелес ауыл­дар бір-бірінің кәсібімен айналысып, өзара бәсекелес болуға бармайтын сияқты. Бұл – үйренетін нәрсе. Бізде жұрттың көбі тек сау­дамен айналысып, алыпсатарлықпен күн көруге бейімдесіп кетушілік басым. Әйтпесе, ұқса­та білгенге кәсіптің түрі көп қой... Туған жерде не көрдім? Менің кіндік қаным тамған жер – бір кезде қазақтарға Бесқала атауымен та­ныл­ған қарақалпақ елі. Түгел түркінің бір бұта­ғы. Бір кезде (1930 жылға дейін) Қазақ­стан­ның құрамында болған, бүгінде Өз­бек­стан­ның құрамында өсіп-өркендеп жатқан, біз­дің Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыс­тары­мен шектесіп жатқан ұлттық аймақ. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан соң осы өлкеден ағып, Арал теңізіне құйып тұр­ған әйгілі Әмударияның суы тар­тыл­­ған соң теңіз құрғап, экологиялық апат­тың құрсауында қалса да, Қарақалпақстан хал­қы болашақтан күдер үзген жоқ, заманмен бірге өркендеп, дамып келеді. Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қа­ласы – Орталық Азиядағы ірі қа­ла­лардың бірі. Елдің әкімшілік орталығы мен ғы­лыми-мәдени элитасы осында шоғырлан­ған. Өзге елдердегі сияқты мұнда да қазіргі тех­нологиялық жетістіктер көзге шалынады. Сол сияқты Нөкіс қаласында да урбанизация үдерісі қауырт жүріп жатқаны байқалады. Қала жаңа ғасырда үлкейе түскен. Маңында бір­неше ірі поселке пайда болған. Соңғы 30 жыл­да түрлі әсем ғимараттар, тұрғын үй ке­шен­дері салынған қарақалпақтың бас қаласы кеңестік кездегіден мүлде өзгерген. Қалада ха­лық көбейген соң жүйткіген жеңіл авто­кө­лік­тердің қарасы мол. Әсіресе, Өзбекстанның өзінен шығатын Damas жеті орындық жеңіл көлігі қаланың барлық тарапына жолаушы та­ситын қоғамдық көлікке айналған. Қала­дағы қоғамдық көліктің жолақысы 1 500- 2 000 сом (біздің ақшаға шаққанда 70 теңгеге жуық). Біздегідей қала көшелерінде көлік кептелісі деген атымен жоқ. Қаладағы бұрынғы бір қабатты үйлердің көбі бұзылып, олардың орнына әдемі тұрғын үйлер бой көтерген. Елдің айтуынша, бұзылған, ескі үйдің ие­лері­не қомақты ақша беріліп, тұрғын үйлерден пәтер немесе қала сыртынан үй салуға жер учас­келері де бөлінген көрінеді. Бұл жақтың халқы Қазақстандағы бо­лып жатқан жағдайлардан толық ха­­­бар­дар көрінеді, OTAU TV ұлттық жер­серік­тік телевизия желісі арқылы бәрін көріп-біліп отыр. С ондай-ақ біздегі Balapan телеарнасын да ол жақтағы бүлдіршіндер қызыға тамаша­лай­ды екен. Сондай-ақ қазақстандық басы­лым­­дарды сайттар арқылы да оқып отыра­тын­дар аз емес. Мен туған Тақтакөпір ауданы Қарақал­пақстанның солтүстік-шығысында орналас­қан. Бұл жақ судың аяғы болған соң құрғақ­шы­лық басым. Биыл қыста қар жауғанымен, көк­темде жаңбыр болмай, әлі жөндеп көк шы­ға қоймапты. Су енді келіпті. Ха­лық көктемгі егінге қызу дайындалып жа­тыр. Өзім 35 жасыма дейін тұрған, орта мек­теп бітіріп, әскерге аттанған, одан кел­ген соң Нөкістегі жоғары оқу орнын біті­ріп, еңбек еткен жерім – Қоңыраткөл ауы­лын­да да біршама өзгеріс бар екен. Ауылда әлі де төрт сыныптас досым тұрады. Оның үшеуі біз оқыған мектепте істейді (біреуі мектеп ди­рек­торы). Әрбірінің үйінде қонақта бол­дым. Ауылдан көп адам көшіп кетсе де, әлі жүз­ден аса отбасы түтін түтетіп, нәсібін осы жер­ден айырып отыр. Бұрынғы балалар бақ­шасы қайтадан салынып, әдемі ғимаратқа ай­налған. Орта мектепке күрделі жөндеу жұ­мысы жүргізіліп жатыр. Ұялы байланыс мұ­нарасы орнатылып, телефон байланысы мен интернет жұмысының сапасы жақсарған. Жеңіл көлік мінгендер қатары көбейген. Ал көршілес «Бөршітау» ауылына мем­ле­кет тарапынан мол қаржы бөлініп, соның ар­­­қасында мектеп пен балалар бақшасына күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа мә­дениет үйі салыныпты. Ұялы байланыстың сапасы артқан. Тұрғын үйлердің бәріне жаңа­дан шатыр жабылып, абаттандыру жұмыс­тары жүргізілген. Әрбір үйге жеміс ағаш­тары­ның көшеттері отырғызылып, ел бау-бақ­шамен айналыса бастаған. Былайша айтқанда, бұрын далиып жатқан ауыл ықшамдалып, жап-жақсы заманауи поселкаға айналған. Шы­нында, мұндай өзгерістер Тақтакөпір ауда­нындағы барлық ауылдарда көзге айқын ша­лынады. Мұның бәрі өзбек елі басшы­лы­ғының шалғайдағы ауылдарға қамқорлық та­нытып отырғанының көрінісі болса керек. Көңілге түйгендер Өзбекстан – Орталық Азиядағы халық са­ны көп, ежелден отырықшы тұр­мыс салтын ұстанған мемлекет. Бұл елде кеңес­тік кезеңнен бері туризм ісі жақсы жол­ға қойыл­ған. Өзбек еліндегі Самарқан, Бұқара, Хиуа, Үргеніш секілді қалаларға жыл сайын сырт­тан туристер көп келеді. Ал қарақалпақ елін­де де Топыраққала, Қызылқала, Қой­қырыл­ғанқала, т.б. ежелгі қалалар архео­лог­тердің де, турис­тердің де назарын аударады. Экологиялық апат аймағында жасап жатса да бабаларының салт-дәстүрін ұстанудан тай­маған және заманауи үрдістерді дамытудан шет қалмаған қарақал­пақ елінің өз ерекшелігі мол. Қарақалпақ жерінде әлемге белгілі Әбу Райхан әл-Беруни сияқты ұлы ғалым дү­ниеге келген. Бұл елдегі тұрғындардың үш­тен бірін қазақ халқы құрайды. Қарақал­пақ­стан­дық қазақтарға кеңестік кезден бері өз ана тілінде білім алуға жағдай жасалған. Со­дан болар, қарақалпақ елінде дүниеге келген қа­зақтардың арасынан ғалымдар, әдебиет, мә­дениет саласынан үлкен тұлғалар аз шық­паған. Басқаны былай қойғанда, қазақ әде­биетіне өз дарын қуатымен олжа салған Тө­леген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай секілді ақындар осы топырақта дүниеге келген. Атақты ғалым Ишанбай Қарақұлов­тың, Ресейдегі белгілі қазақ саясаткері Аман­келді Төлеевтің, белгілі тарихшы ғалымдар Елтоқ Ділмұхаммедовтің, Уахит Шалекеновтің жастық шағы осында өткен. Кеңестік кезеңде қазақтың жыраулық өнері­нің өте күшті дамыған жері – осы өлке. Наурызбек Нұржаубайұлы, Қарасай Әбді­мұратұлы, Хайролла Иманғалиев, Алда­берген Тасқынбаев секілді ондаған ірі жырау­ шыққан елде Бесқала жыраулық мектебі қалыптасты, оның жалғасы қазір де бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ата-баба салтын ұстанып, солардың кә­сі­бін жалғастыру арқылы да өмір сүріп, да­муға болатынын көршілес елге қарап ұғуға бо­лады.