Көрген-білген ойға азық
Көрген-білген ойға азық
«Алыс пенен жақынды жортқан білер» демекші, әркімнен естіген бір бөлек те, көзбен көргеннің әсері басқаша. Өйткені ақпараттық экспанция заманында жұртты адастыратын, шындықтың бетін көлегейлейтін жайт көп. Сондықтан реті келсе сапарға шығып тұрудың пайдасы көп.
Әрине, сапарға шығудың мақсаты, түрлі себептері болады. Біреу ел көру, жер көру мақсатында ел аралайды, тағы бір адамдар тарихи орындарға саяхат жасап, бұрын естігендерін көзбен көргісі келеді. Енді бір кісілер отбасылық жағдайларға байланысты туған жеріне, ағайын-туғандарына барып қайтады. Дегенмен бұлардың қай-қайсысы да көңілге ой салып, көп жайға қанықтырады. Ал менің сапарыма келсек, осы айдың басында елде тұратын туған жездем 74 жастан асқанда дүние салып, соның себебімен кіндік қаным тамған жұртта болып қайттым. Бұл менің елге тоғыз жылдан соң ат ізін салуым еді...
Тәртіптің аты – тәртіп
Кеңес үкіметі тараған соң 1999-2013 жылдар аралығында қазақ-өзбек шекарасынан ары-бері төрт рет өткенім бар. Кеңес үкіметі тараған соң тәуелсіз республикалар пайда болып, бәрі шекараларына сергек қарай бастаған тұста бұрын тығыз қарым-қатынаста болған халықтар алғашқы кезде шекарашыларға мойынсұна бермейтін, төлқұжатыңызды көрсетіңіз деген сарбаздарға қолын сілтеп кете беретін. Шекара бекеттері алқа-салқа, бір елден екінші елге өтетіндер бейнебір базарға кіріп-шығып жүргендей еркін еді. Сол кезде осы көріністердің бәрі қазақ пен өзбекті бөліп тұрған ала баған маңындағы тірліктің көрінісі болатын. Кейін мемлекеттер шекараға тәртіп орнатқан соң халық та біртіндеп заңға бағына бастады. 2011, 2013 жылы кіндік қаным тамған өлкеге – Қарақалпақстанға екі рет барып қайтқам. Сол кезде шекара қызметкерлерінің қабағы тым қатулы еді (әсіресе көрші елдің шекарашылары). Сәл нәрсеге үлкен-кіші демей ақырып, жекіріп, жасқап тұратын. Ал биыл...
Қазақ-өзбек шекарасында тәртіп жөнінен көп өзгеріс болған сияқты. Қазақстан шекарашылары бұрынғыдай түксиіп, қадалып тұрған жоқ, тіпті Өзбекстан шекарасына өтер жерде «шекарашыларға шағымыңыз жоқ па?» деп сұрап тұр. Ал өзбек шекарашылары да бұрынғыдай түксиіп тұрған жоқ, тиісті заттарыңды тексеретін лентадан өткізіп жібере салады, тек Қазақстан азаматтарының вакцина паспорты болмаса ПТР-тесттен өткізіп, нәтижесін 20 минутта шығарып беріп, паспортыңа Өзбекстанға өтті деген белгі соғып береді. Бұрындары алдына келгендерге сәл бірдеңе ұнамай қалса жекіріп «сумкаңды аш, тексереміз» деп тұратын көрші елдің шекарашылары жұмсақ. Артық сөз жоқ. Бұған пандемия кезінде көршілес елдер арасындағы тоқтап қалған қарым-қатынас та, қазақ, өзбек Мемлекет басшыларының шекара қызметіне қатты мән бергені де әсерін тигізген болар деп ойладым. Қалайда жақсы өзгеріс бар.
Жол жүрген сершіл келеді
Алматыдан Нөкіске автобусқа отырдым, «тікелей рейс» деп аталғанымен, Алматыдан Сарыағаштағы Жібек жолы шекаралық кеденіне дейін жетіп, одан әрі Өзбекстанға өткен соң жолаушыларды Нөкіске дейін жеткізетін автобус күтіп тұрады. «Тікелей рейстің» жақсы жері шекарадан өткен соң көлікті қайдан іздеймін деп қиналмайсың, арнаулы көлік күтіп тұрады, жолаушы таситын жекеменшік таксилер «қайда барасың, қалаған жеріңізге жеткізіп тастаймыз» деп жүгіңе жармасып, мазаңызды алмайды.
Біз Алматыдан мінген автобус койкалы, жатып демалып баратын автобус екен. Кәдімгі пойыздағы секілді, екі қабатты. Астыңғы орындар, негізінен әйелдерге беріледі. Автобус бізді шекарадағы «Жібек жолы» кеден бекетіне апарып, өздеріне тиесілі автотұраққа түсірді. Сол жерде ақша ауыстыру пунктіне теңгені өзбек сумына айырбастап алуға жағдай жасалған. Бір теңге – 23 сумға тең. Автотұрақ иелері өз аймағына келген жолаушыларға қамқор, біреудің сырттан келіп алдап-арбауына, бопсалауына жол бермейді. Сол арада жүрген бір жігіт «валютщик» екен, бір өзбекстандық жолаушыға ақшаңды ауыстырып берем деп теңгесін артық алып кеткен екен, дереу оны тауып алып, ақшасын қайтарды.
Нөкіске жеткенше автобус Ташкент облысы мен қаласының, Сырдария, Жызақ, Самарқан, Бұқара облыстарының үстімен өтеді. Біз мінген автобус таңертеңгі сағат он жарымда қозғалып, Бұқара облысына кіргеннен кейін қараңғы түсті. Оған дейін жол бойындағы ауылдар мен қалаларға қарап, көргенімізді елмен ойша салыстырып отырдым.
Ежелден диқаншылықтан нәпақасын айырып келе жатқан өзбек елінде халық су бар жерге қоныстанады, сондықтан үлкен жолдар да негізінен елді мекендердің үстінен өтеді. Шекарадан Ташкент, Жизақ, Сырдария, Самарқан, Бұқара облыстарына барғанша жолдың екі жағына тығыз орналасқан елді көресің, яғни жан-жағында ел тұрмайтын жол жоқ.
Өзбек елі сырттан келетін қонақтардың көзіне ыңғайсыз нәрсе түспеуі үшін жол бойындағы ауылдар мен аудандарды, қалаларды барынша әдемілеп қояды. (Осындайда біздің алқа-салқасы шығып жатқан шекаралық аудандар мен ауылдар есіңе түсіп ыңғайсызданасың). Былайша айтқанда, күндіз жүрсең жол бойындағы елді көріктендіріп тұрған ағаштар мен бақтарды, әсем үйлер мен ғимараттарды көріп көзің демалады. Сосын бір байқағаным, біз жүрген жолдың бойында құрылыс, жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Тек Бұқара облысынан ары Қарақалпақстанға қарай кеткен жолдың біраз жері көп жылдан бері жөндеу көрмеген екен, асфальттар бұзылған, ойықтар бар, шаңғытып жатыр. Былайша жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді, бірақ оның ұзаққа созылып кеткені байқалады. Сондықтан Бұқара мен Қарақалпақстанның Төрткүл ауданы аралығында біраз селкілдеп, баяу жүруге тура келеді. Ал Қарақалпақстанның ішкі жолдары кей тұстарда жөндеу қажет екен демесек, көбіне жақсы.
Нөкістен Ташкентке қайтарда жекеменшік таксимен қайттым (жолақысы бір адамға 250 мың сум, біздің ақшамен 10 500 теңгедей). Таксистердің көп жүріп, әбден ысылғаны көрініп тұр. Таңертеңгі сағат 10-да Нөкістен шыққан такси түнгі 12-де шекараға жеткізіп тастады.
Кәсібі бардың – нәсібі бар
Егер сіз Ташкенттен Нөкіске дейін күндіз автобуспен жүріп жер көрсеңіз, өзбек халқының ұқыпты, тазалыққа ерекше мән беретінін, барлық жағын тал-терек егіп, бақ орнатып жайнатып қоятын бейнетқор екенін байқар едіңіз. Қай жаққа қарасаңыз да бос жатқан жер жоқ, не егін егіп қояды, не бақ орнатады. Сондықтан жолға жақын маңда бейберекет жүрген малды көрмейсіз. Күн ыстық болса да егін даласында жүрген, бау-бақшаларын баптап жүрген адамдарды көресіз, олардың арасында әйелдер мен балалар көп көрінеді. Содан кейін жол бойында тамақ, сусын сатып отыратындардың қарасы мол.
Соңғы жылдары өзбек елінде құрылыс жұмыстары күшті қарқын алған сияқты. Ташкент облысынан Бұқара облысына барғанша жол бойында жаңадан салынған заманауи ғимараттарды, парктерді көп көрдім. Кей жерлер биік үйлерден құралған тұтас ықшамаудандар көрініп қалады. Көп жерлерде көпір, жол құрылыстарының жақында ғана аяқталып, пайдалануға берілгені көрініп тұр. Бірақ ешбірі құр әшейін бітті деп қоя салмаған, жан-жағының бәрі абаттандырылған.
Өзбек елінде кәсіпке көп мән беріледі. Оларда әр ауылдың өз кәсібі бар десе де болады. Мәселен, мен (қайсы облысының аумағында екенін ұмыттым) бір-біріне жалғасқан бірнеше ауылдың әрбірінің өзіне тән кәсіптері бар екенін байқадым. Бір ауылда шайханалар көп болса, тағы бір ауылда жол бойында нан мен самса сататындар самсап тұр, ал енді бір ауылда жол бойында көлік жуатын орындар жиі көрінеді. Енді бір ауыл тұрғындарының жеміс-жидек сатумен шұғылданатынын сезесің. Яғни, іргелес ауылдар бір-бірінің кәсібімен айналысып, өзара бәсекелес болуға бармайтын сияқты. Бұл – үйренетін нәрсе. Бізде жұрттың көбі тек саудамен айналысып, алыпсатарлықпен күн көруге бейімдесіп кетушілік басым. Әйтпесе, ұқсата білгенге кәсіптің түрі көп қой...
Туған жерде не көрдім?
Менің кіндік қаным тамған жер – бір кезде қазақтарға Бесқала атауымен танылған қарақалпақ елі. Түгел түркінің бір бұтағы. Бір кезде (1930 жылға дейін) Қазақстанның құрамында болған, бүгінде Өзбекстанның құрамында өсіп-өркендеп жатқан, біздің Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарымен шектесіп жатқан ұлттық аймақ.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан соң осы өлкеден ағып, Арал теңізіне құйып тұрған әйгілі Әмударияның суы тартылған соң теңіз құрғап, экологиялық апаттың құрсауында қалса да, Қарақалпақстан халқы болашақтан күдер үзген жоқ, заманмен бірге өркендеп, дамып келеді.
Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қаласы – Орталық Азиядағы ірі қалалардың бірі. Елдің әкімшілік орталығы мен ғылыми-мәдени элитасы осында шоғырланған. Өзге елдердегі сияқты мұнда да қазіргі технологиялық жетістіктер көзге шалынады. Сол сияқты Нөкіс қаласында да урбанизация үдерісі қауырт жүріп жатқаны байқалады. Қала жаңа ғасырда үлкейе түскен. Маңында бірнеше ірі поселке пайда болған. Соңғы 30 жылда түрлі әсем ғимараттар, тұрғын үй кешендері салынған қарақалпақтың бас қаласы кеңестік кездегіден мүлде өзгерген. Қалада халық көбейген соң жүйткіген жеңіл автокөліктердің қарасы мол. Әсіресе, Өзбекстанның өзінен шығатын Damas жеті орындық жеңіл көлігі қаланың барлық тарапына жолаушы таситын қоғамдық көлікке айналған. Қаладағы қоғамдық көліктің жолақысы 1 500-
2 000 сом (біздің ақшаға шаққанда 70 теңгеге жуық). Біздегідей қала көшелерінде көлік кептелісі деген атымен жоқ. Қаладағы бұрынғы бір қабатты үйлердің көбі бұзылып, олардың орнына әдемі тұрғын үйлер бой көтерген. Елдің айтуынша, бұзылған, ескі үйдің иелеріне қомақты ақша беріліп, тұрғын үйлерден пәтер немесе қала сыртынан үй салуға жер учаскелері де бөлінген көрінеді.
Бұл жақтың халқы Қазақстандағы болып жатқан жағдайлардан толық хабардар көрінеді, OTAU TV ұлттық жерсеріктік телевизия желісі арқылы бәрін көріп-біліп отыр. С ондай-ақ біздегі Balapan телеарнасын да ол жақтағы бүлдіршіндер қызыға тамашалайды екен. Сондай-ақ қазақстандық басылымдарды сайттар арқылы да оқып отыратындар аз емес.
Мен туған Тақтакөпір ауданы Қарақалпақстанның солтүстік-шығысында орналасқан. Бұл жақ судың аяғы болған соң құрғақшылық басым. Биыл қыста қар жауғанымен, көктемде жаңбыр болмай, әлі жөндеп көк шыға қоймапты. Су енді келіпті. Халық көктемгі егінге қызу дайындалып жатыр.
Өзім 35 жасыма дейін тұрған, орта мектеп бітіріп, әскерге аттанған, одан келген соң Нөкістегі жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек еткен жерім – Қоңыраткөл ауылында да біршама өзгеріс бар екен. Ауылда әлі де төрт сыныптас досым тұрады. Оның үшеуі біз оқыған мектепте істейді (біреуі мектеп директоры). Әрбірінің үйінде қонақта болдым.
Ауылдан көп адам көшіп кетсе де, әлі жүзден аса отбасы түтін түтетіп, нәсібін осы жерден айырып отыр. Бұрынғы балалар бақшасы қайтадан салынып, әдемі ғимаратқа айналған. Орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ұялы байланыс мұнарасы орнатылып, телефон байланысы мен интернет жұмысының сапасы жақсарған. Жеңіл көлік мінгендер қатары көбейген.
Ал көршілес «Бөршітау» ауылына мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп, соның арқасында мектеп пен балалар бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа мәдениет үйі салыныпты. Ұялы байланыстың сапасы артқан. Тұрғын үйлердің бәріне жаңадан шатыр жабылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Әрбір үйге жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылып, ел бау-бақшамен айналыса бастаған. Былайша айтқанда, бұрын далиып жатқан ауыл ықшамдалып, жап-жақсы заманауи поселкаға айналған. Шынында, мұндай өзгерістер Тақтакөпір ауданындағы барлық ауылдарда көзге айқын шалынады. Мұның бәрі өзбек елі басшылығының шалғайдағы ауылдарға қамқорлық танытып отырғанының көрінісі болса керек.
Көңілге түйгендер
Өзбекстан – Орталық Азиядағы халық саны көп, ежелден отырықшы тұрмыс салтын ұстанған мемлекет. Бұл елде кеңестік кезеңнен бері туризм ісі жақсы жолға қойылған. Өзбек еліндегі Самарқан, Бұқара, Хиуа, Үргеніш секілді қалаларға жыл сайын сырттан туристер көп келеді. Ал қарақалпақ елінде де Топыраққала, Қызылқала, Қойқырылғанқала, т.б. ежелгі қалалар археологтердің де, туристердің де назарын аударады. Экологиялық апат аймағында жасап жатса да бабаларының салт-дәстүрін ұстанудан таймаған және заманауи үрдістерді дамытудан шет қалмаған қарақалпақ елінің өз ерекшелігі мол.
Қарақалпақ жерінде әлемге белгілі Әбу Райхан әл-Беруни сияқты ұлы ғалым дүниеге келген. Бұл елдегі тұрғындардың үштен бірін қазақ халқы құрайды. Қарақалпақстандық қазақтарға кеңестік кезден бері өз ана тілінде білім алуға жағдай жасалған. Содан болар, қарақалпақ елінде дүниеге келген қазақтардың арасынан ғалымдар, әдебиет, мәдениет саласынан үлкен тұлғалар аз шықпаған. Басқаны былай қойғанда, қазақ әдебиетіне өз дарын қуатымен олжа салған Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай секілді ақындар осы топырақта дүниеге келген. Атақты ғалым Ишанбай Қарақұловтың, Ресейдегі белгілі қазақ саясаткері Аманкелді Төлеевтің, белгілі тарихшы ғалымдар Елтоқ Ділмұхаммедовтің, Уахит Шалекеновтің жастық шағы осында өткен.
Кеңестік кезеңде қазақтың жыраулық өнерінің өте күшті дамыған жері – осы өлке. Наурызбек Нұржаубайұлы, Қарасай Әбдімұратұлы, Хайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбаев секілді ондаған ірі жырау шыққан елде Бесқала жыраулық мектебі қалыптасты, оның жалғасы қазір де бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ата-баба салтын ұстанып, солардың кәсібін жалғастыру арқылы да өмір сүріп, дамуға болатынын көршілес елге қарап ұғуға болады.