Телефонға тәуелділік: ауру ма, әдет пе?

Телефонға тәуелділік: ауру ма, әдет пе?

Телефонға тәуелділік: ауру ма, әдет пе?
ашық дереккөзі
Сандық технологияның эволюциялық жолы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқаны соншалық, олар адамзаттың ажырамас бөлшегіне айналып кеткендей. Әсіресе, әлемдік цифрлық нарыққа смартфондардың келуі біраз жағдайдың өзгеруіне себепші болды. Өйткені олар асқан ептілікпен жасалып, адам миы мен ойы жететін ресурстардың да кеңістігін жаулап алып жатыр. САНДЫҚ ӘЛЕМНІҢ «СЫЙЛЫҒЫ» Сандық құрылғылар жұмыс процесін жеделдетіп, өмір сүруді жеңілдететін фак­тордан бөлек, адам­ның психикалық күйі­не әсер етіп, стресс тудырады. Әр сәт сайын телефонға алаңдап, әлеуметтік мес­сенд­жерлерді тексеруге тырысу, келген ха­бар­лама дыбысына елеңдеу дәл осы техни­ка­лық стрестің туындауына себеп болады. Мысалы, Америка психологиялық ас­­­­социациясының жүргізген әлеу­мет­тік сауалнамаға қатысқан жергілікті ха­лық­тың 20 пайызы цифрлық технологияға күн­делікті жүгіну күйзеліске душар ететінін жет­кізген. Ал Швецияда жасалған бір тәжірибе бойын­ша жастар мен жасөспірімдердің мо­биль­ді құрылғыларды тұрақты қолдануы ұй­қының бұзылуымен қатар депрессиялық симптомдар мен стрестік күйдің жоғары дең­гейлерін көрсеткен. Тәжірибеге қатыс­қан­дардың 70 пайызы жатар уақыт ал­дында міндетті түрде әлеуметтік желіні шолып шы­ғатын болса, 15 пайы­зы бір немесе одан да көп са­ғатын қалтафонға қарап жатумен өт­кізген. Аталған зерттеулерге сүйен­сек, гад­жеттерді түнгі уақытта, әсіресе жатар ал­дында қолдану мазасыздық пен ұй­қы­сыз­дық­қа немесе ұйқы тыныш болмауына әсер етеді. Сонымен қатар осы­лай беймезгіл уа­қыт­та сандық құрылғыларды қолдану адам сал­мағының ұлғаюына да әсер ететіні анық­тал­ған. Пенсильвания университетінің зерт­теушілері Facebook, Instagram сияқ­ты мессенджерлерді үздіксіз парақтау адам­дар­дың өзін жайсыз сезінуіне себеп бо­ла­ты­нын айтқан. Егер әлеуметтік желілерді бел­гілі бір дәрежеде шектесе, жалғыздық пен деп­рессияны сезіну азаятыны анықталған. Ал түнде де телефонға телміріп жататын кіш­­кентай балалардың ұйқысы бұзылып, салыстырмалы түрде өте аз ұйықтайды екен. Child Development журналында шыққан ғылыми ма­қа­лаға сәйкес, цифрлық құрыл­ғы­ларды күн­де­лікті әрі белсенді пай­даланатын балалар мен жа­сөс­пірімдердің психикалық ау­руларға ду­шар болу ықтималдығы жоғары. Олар­дың ішін­де өз эмоциясы мен іс-әрекетін басқара ал­мау, ADHD (өзгелердің назар ау­дару жетіс­пеушілігі және гиперактивтіліктің бұзылуы) сияқты симптомдар бар. Мобильді телефондардың күнделікті өмірге кірігіп, біте қайнасып бірігіп кет­­кені сонша, адамдар одан бас ала ал­май­тын­­дай тәуелділікке тап болған. Циф­р­лық құрылғылардың тұрақты тұтынушылары тәуел­­діліктің психологиялық-эмоционалдық шегіне жетіп, оны бір сәт қолға ұстамаса, өзін жайсыз сезінетіндей халге душар бола­ды. Бұл – әлем сарапшылары қағып жатқан да­был. Соған сәйкес, осы процестерге қатыс­ты жаңа ғылыми терминдер мен ұғымдар сөз­дік қолданысқа еніп жатыр. Соның бір­нешеуіне тоқталсақ. XXI ҒАСЫРДЫҢ ЖАҢА СИНДРОМДАРЫ Номофобия (no-mobile-phone phobia) – ұялы телефонсыз қалудан қорқу. Бұл термин 2008 жылы пайда болғанымен, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Но­мо­фоб адам гаджетінің қуаты біте бас­та­ғанда немесе оны бір жерде ұмыт қалдырғанда өте мазасыз күй кешеді. Телефонсыз қалу қа­тері туындаған жағдайда жүрегі қатты соғып, тынысы тарылып, ашуға бой алдыруы ға­жап емес. Зерттеушілер аталған синдромды «XXI ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті, оны психикалық ауытқу ре­тін­де диаг­нос­ти­ка­лық ем­деуге тір­кеуді ұсынған. Фаббинг (phone-snubbing) – кездесу, дос­тармен бас қосу кезінде телефон­нан бас ала алмау. Яғни, фаббер сөйлесу, әң­­­­­гімелесу кезінде жанындағы адамға емес, қолындағы гаджетіне көп назар аударады. Әлеуметтік желіні парақтап, тіпті өзге бір адамдармен хат жазысып отыруы мүмкін. Кездесіп отыр­ған екі не одан да көп адамның бірі те­ле­фо­нына қарай бастаса, екіншісі де міндетті түр­де оны қайталайды. Осылайша, бұл қа­лып­ты жағдайға айналып кетеді. Кент университетінің дерегінше, бұл психоло­гия­лық проблема мен жағымсыз әдеттің бірі ретінде қарастырылған. FoMO (felling missing out) — маңызды нәр­сені өткізіп алудан қорқу. 2013 жылы бұл сөз термин ретінде ресми түрде тіркеліп, Окс­форд сөздігіне енді. Бұл синдромның бел­гілері: тек телефон тұтынушысы әлеу­меттік желідегі лентасын жаңа­лап, өзгелер­ден жылы лебіз бен жағым­ды пікір күтеді, әрбір трендтегі оқиғаға үн қо­сып, оны басқалардың бағалағанын қалайды, біраз уақыт онлайн болмаса, барлық қызықты жаңалықтан құр қалғандай сезімде болады. Сондай-ақ аталған синдромы бар адам өзіне, өз өміріне көңілі толмай, әр­қа­шан өзгелерге қызығумен, өзін олармен салыстырумен болады. Бұл дерт адамның псиxикасына әсер етіп қана қоймай, депрессия мен көңіл күйінің түсуіне әкеп соқтырады екен. Шек­тен тыс стреске түсу суицидке дейін де жет­кізуі мүмкін. Digital detox – цифрлық технологиядан белгілі бір уақыт аралығында саналы түрде бас тарту. Бұл ұғымның ақпарат кеңістігінде пайда болғанына аз уақыт болған жоқ. Ағзаны зиян­ды шлак, ток­синдерден тазарту үшін «деток­сика­ция» жасала­тын болса, ми мен жүйке-жүйені де қажетсіз ақ­параттардан арыл­ту үшін де детокс әдісін жүр­гізуге бола­ды екен. Атал­ған тәсіл тәулік бойы (24/7) цифрлық құрыл­ғыдан бас ала алмай­тын, одан бір сәт көз жазып қалса, мазасыз күй кешетін жан­дарға арналған. Олар үшін қазір онлайн қосымшалар мен түрлі детокс курс­тар пайда болып жатыр. Туризм тер­ми­ніне де Digital Detox Holidays деген жаңа сая­хат түрі қосылған. Бұл тур кезінде жо­лау­­шылар wi-fi орна­тылмаған қо­нақ­үйлерге ор­наластырылады. Тіпті сая­хат ке­зінде те­ле­фон­дарды жинап алу мә­селесі де қарас­тырыл­ған. Осылайша, сая­хат­шылар виртуал­ды әлемнен алыстап, табиғат аясын­да тыныс алады. Бәрінің мақсаты – адам­дар­ды цифрлық құрыл­ғы­ларсыз қарым-қа­ты­нас құруға үй­рету, оған деген тәуел­ділік­тен арылтуға кө­мек­тесу. БҰЛ СИНДРОМДАРДАН ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕДІ? Осы тұста жоғарыда атап өткен «FoMO, номофобия, фаб­бинг сияқты XXI ғасырдың жаңа синдромдарынан арылудың қандай жолдары бар?» деген заңды сұрақ туа­тыны сөзсіз. Гаджеттерге тәуелді болмау ту­ра­лы гаджеттің өзінен ақпарат іздеп көр­ген едік. Электронды көмекші. App Store, Play Market желісінде цифрлық әлемдегі әре­кеттеріңізді бақылап, арнайы таймер қойып, қанша уақыт жұмсағаныңызды ес­кертіп отыратын мобильді қосымшалар бар. Осы қосымшаларды пайдалануға болады. Не­месе қалтафонның экрандағы фонының тү­сін қараңғылап, қолданбайтын қосым­шаларды өшіріп тастаңыз. Ақылы альтернатив. Сандық құрылғы­ның құрбанына айналғанын сезген жандар үшін нарық түрлі ұсыныстарды алға тар­та­ды. Жоғарыда айтқан арнайы детокс турлар, ән-би үйірмелері, медитация, йога курстары бар. Телефонды өз еркіңізбен қоя алмайтын бол­саңыз, осындай орындарға барып, ойы­ңыз бен бойыңызды сергітіп, 1-2 сағат көле­мін­де болсын онлайн өмірден демала аласыз. Өзіндік бақылау. Дұрыс не бұрыс ше­шім­ді таңдау өз қолыңызда. Жұ­мыс­қа барар, қайтар жолда құлаққапты қол­дан­бай, құстардың үні болсын, көшенің шуылы бол­сын, солардың арасынан өз ойларыңызға ерік беріңіз. Демалыс уақытында үйде, те­ле­фон қарап жату мен саябақта серуендеу не­месе достармен кездесу нұсқалары ішінен бірін­шісін таңдамаңыз. Таңертең ояна сала әлеу­меттік желіні ақтарудың орнына 5-10 ми­нут жаттығу жасап, ал кешкі ұйқы ал­дын­дағы үзілісті кітап оқуға арнаңыз.
 width= Руслан Жұбаныш: АЗҒАНА ДЕМАЛЫП, ҚАЙТАДАН БҰРЫНҒЫ ҚАЛПЫНА ТҮСУ МАҒАН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ СИЯҚТЫ КӨРІНЕДІ – Өзімді телефонға тәуелді адам ретінде санамаймын. Мүмкін әлеу­меттік желінің белсенді қолданушысы болмағасын шығар. Таңер­тең тұра сала телефон қарау әдетімде жоқ. Өйткені әртүрлі ақпараттар жаңа оянған миға, тіпті сол күндік көңіл күйге әсер етеді. Ал кешкісін қолданудың ғылыми дәлелденген зиянын білсем де, соны ұстану қиынға соғады. Кешке қарай аяқтау керек шаруалар көбейіп кетеді. Ал digital detox мәселесіне келсем, ешқашан жасап көрмегенмін. Ол менің өмір салтыма ай­налып кеткен сияқты. Бірақ біраз уақытқа онлайн әлемнен демаламын деп телефонын сөндіріп тастап немесе таймер қойып, бұғаттау әдістерін қолданып жүретін таныстарым бар. Мен оны түсіне алмайды екенмін. Өйткені азғана уақытқа өзін гаджеттерден демалтып, қай­тадан сол бұрынғы қалпына түсу маған көзбояушылық сияқты көрінеді. Егер адам өзінің те­ле­фонға шектен тыс көп уақыт жұмсайтынын сезсе, арнайы тәсілдер, қосымшалар арқылы емес, әрекетін реттеуді өз қолына алуы керек деп ойлаймын.
 
 width= Гүлбаршын Нұрхан: ӘЛЕМНЕН ШЕТ ҚАЛҒАН АДАМ СИЯҚТЫ СЕЗІНЕМІН – Өзімді телефонға тәуелді адам ретінде санаймын. Дүкеннен зат сатып алу, автобусқа жолақысын төлеу сияқты қарапайым шаруалардың барлығы смартфон арқылы жүзеге асады. Сол үшін де жанымда теле­фоным мен интернет болмаса, мен көшеде еркін жүре алмаймын. Әрі менің жұмысым онлайн жасалады, үнемі желіде отыруым керек. Күнім­нің 18-20 сағатында телефоным қосылып тұратындықтан, тек ұйық­таған кезде ғана одан демаламын. Оның зиян тұстары өте көп. Кері әсерін үнемі байқаймын. Мысалы, үнемі көзім немесе басым ауы­рып, шаршап жүремін. Телефонды арасында өшіріп, әлеуметтік желілерге кірмей де өмір сүруге болады. Бірақ ол кез­де жаңалықтарды білмей, әлемнен шет қалған адам сияқты сезінемін өзімді. Бір күн желіде бол­масам, біраз дүниеден бейхабар қалғандай күй кешемін.
   width=
Назигүл Алахатқызы, психолог: ТЕЛЕФОНҒА ТӘУЕЛДІ АДАМДАРДЫҢ МИЫ СОЛ ИЛЛЮЗИЯ-ӘЛЕМНІҢ ӨЗІН ШЫНДЫҚ ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ – Адамдардың бойын қорқыныш, сенімсіздік билегенде немесе іші пысқанда телефонға кіріп кеткенді жақсы көреді. Бұл дегеніңіз – адамдардың шынайы өмір мәселелерінен қашып, өз қиялындағы арман эле­менттерін виртуалды әлемнен іздеуі. Осылайша, ол уақытша ты­ныштанып, жайлылық сезінеді. Телефонға тәуелділік адамның психологиялық күйіне кері әсер етеді. Себебі ол деградацияға алып келеді. Қазіргі отбасы психологтерінің зерттеуі бойынша, әлеуметтік желілер мен дорама-сериалдарға кіріп кеткен адамдардың миы сол иллюзия-әлемнің өзін шындық деп қабылдайды екен. Сол үшін де шынайы өмір мен виртуалды кеңістік арасында қайсысының мәселесіне ден қоюды білмей, жүйке жүйеге салмақ түседі. Пандемия кезінде үлкендер де, кішілер де цифрлық құрылғыларға тәуелді боп қалды. Бірақ бұл еш тоқтаусыз жүру керек процесс деген сөз емес. Телефонының қуаты таусылса не­месе оны әр кез қолында ұстап отырмаса өзін жайсыз сезінетін адамдар өте көп. Олар өтке­німен немесе болашақпен өмір сүріп, дәл қазіргі сәтті құнсыздандырып жібереді. Сондықтан кез келген жерде телефон қарай беру, әр хабарламаға алаңдау сияқты деструктивті әдеттерді пайдалы әрекеттерге айналдыруға талпыну керек. Таңдау әрқашан бар. Гаджеттер, жасанды интеллекттің бәрі адамзатқа қызмет ету үшін жасалған. Егер оған адамның өзі тәуелді болып бара жатса, оған жақындары немқұрайлы қарамай, одан шығу жолдарын бірге іздеп, көмекке келуі тиіс. Балалар түпсанасында ата-анасына тәуелді. Өйткені олар, біріншіден ата-анасы берген мораль­дық, материалдық ресурстарды тұтынады. Ал перзенттері телефонға тәуелділікке ұры­нып жатса, бұл – ата-ана тарапынан кеткен қателік. «Қазір бәрі солай ғой» деп жауап­кер­ш­ілікті қоғамға итере салмай, әр ата-ана бәрін өз бақылауына алып, оның зардаптары жайлы дұрыстап, егжей-тегжейлі түсіндіруі қажет. Қазір IT технологиялар дамыды, жасанды интеллект дамып келеді. Сондықтан digital detox-қа қатысты түрлі қосымшалар пайда болып жатыр. Мұның бәрі өз-өзіне көмектескісі ке­летін, өзінің эмоционалды жай-күйін реттегісі келетін адам үшін ең қажетті әдістер.
Жыл өткен сайын адамдар цифрлық әлеммен одан әрі біріге түспесе, ажы­ра­майтыны анық аксиома. Сол үшін де одан түбегейлі бас тарту –ақылға сый­майтын жағдай. Тек онымен компромиске келе отырып, виртуал мен шынайы өмір­дің арасындағы алтын көпірді жоғалтып алмау керек.

Әсем ҚҰЛМАНОВА