Ауыл шаруашылығы «жауыр» шаруашылыққа айналып бара жатқан жоқ па?

Былтырғы қуаңшылық пен қымбатшылықтан соң ауыл шаруашылығы саласының елеусіз қалып келген елеулі мәселелері анық байқала бастады. Содан бері жылға жуық уақыт өтті, министр ауысты, бірақ проблема азаймады, тіпті еселенді деп топшылауға болады.

Аграрлық елге айналамыз деген тал­пынысымыздың тауы шағыла беруі­не не себеп? Әлеуетіміз жете­ті­ні анық, әліміз неге келмейді?

Субсидияның сарсаңы
Ауыл шаруашылығы саласын­да­ғы субсидия мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. Жыл басын­да­ғы қаңтар оқиғасынан кейін бұл мә­селе ұмыт қалғандай көрінген еді. Дегенмен 1 ақпанда өткен Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл мәселелері жөніндегі кеңесте Мем­лекет басшысы субсидияның «бар­мақ басты, көз қыстымен» та­лан-таражға түсіп жатқанын ай­тып, мәселені реттеуді тапсырған.
Президент соңғы 5 жылда са­ла­ны қол­­­дауға 2 триллион тең­ге­ден ас­там қаражат бөлінгенін, бір­ақ сол ақшаның бас­тапқы мақ­са­тынан басқа ниетте жұм­са­л­ып, бө­ліске түскенін тағы бір еске сал­ды. Со­ның ішінде осы суб­сидия­ға қатысты қан­шама схема табыл­ға­ны, 960 қылмыс тір­келіп, 450 адам жауап­кершілікке тар­тыл­ғаны да айтылды.

– Cубсидия көлемі қанша өссе де, бұл са­­­лада ауыз толтырып айтатын өзгеріс бол­ған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып беру­мен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жа­салған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұм­салуын да ешкім бақылауға алмаған. Суб­сидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда та­лан-таражға түсті. Тіпті, ауыл шаруа­шылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр, – деді Пре­зидент.

Бір ғана мысал жайылым жерлерін суландыруға бөлінген 80 миллиард тең­генің жартысы қайда кеткені беймәлім. Тіп­ті, кей жобалар қағаз жүзінде ғана «иге­рі­­­ле» салған.
9 наурызда Мәжілістің бір топ де­пу­таты Премьер-Министр Әлихан Смайы­ловқа субсидияға байланысты мә­се­лелерді санамалап, депутаттық сауал жол­да­ды. Депутаттар мұның барлығы өңірлерде өт­кізген кездесулерден кейінгі қордаланған мәселелер екенін айтқан.
Үкімет Президент сынынан кейін аг­роөнеркәсіптік кешенді субсидия­лау жүйесін жетілдіруге кіріскен еді. Бұл жұ­мыстар шағын және орта кәсіпкерлердің, сон­дай-ақ қорасында мал ұстайтын жеке қо­салқы шаруашылықтардың кедергісіз суб­сидия алуына жағдай жасауы керек. Ми­нистрлік осы мәселеге қатысты үлкен ре­фор­ма жүргізілетінін мәлімдеп, қол­да­ныс­тағы мемлекеттің қолдау механизмдерінде олқылық көптігін мойындаған еді. Жауапты органдардың кешенді талдау-тексерістері де мұны теріске шығармады. Сөйтіп Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия са­нының қысқаратынын мәлімдеді.
Дегенмен депутаттар министрліктің субсидия бағдарламалары бойынша тұрақты ұстанымы жоқ екенін, аграршылар саланы мемлекеттік қолдау жүйесінің өз­геруін онша құптамайтынын айтыпты. Олар субсидия санын қысқарту ұзақмерзімді инвестицияларды талап ететін АӨК сек­торларына залал келтіретінін алға тарт­қан. Мәселен, ет өнімдері, сүт өнімдері, жемшөп өн­дірісі және басқа да секторлардағы инвес­тиция жобалары қолдауды аса қажет етеді екен.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігі­не берген жауабында субсидиялардың біра­зын жеңілдетілген несиеге алмастыруды ұсынған. Депутаттар бұл бастаманы да оң деп есептемейді: олардың айтуынша, қара­жат тағы да фермерлерге емес, банктерге тү­седі. Сауалда субсидиядағы «бармақ басты, көз қыстыны» көп жағдайда шенеуніктер жа­сайтынын, сол үшін аграршылар зардап шек­пеуі керек екені де айтылыпты.
Оған қоса, субсидия алып отырған шаруа­лардың ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеуге және сақтауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидиялау жүйесі шаруаларды бұған ынталандырмайды. Мұны Мемлекет басшысы да айтқан. Жағдай түзелмесе, аг­роөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден әрі аса алмайтыны анық.
Сонымен, депутаттар АӨК-тің им­порт­қа тәуелді секторларын мемле­кет­тік қолдауды сақтауды ұсынған.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мемлекет техникалық және технологиялық жаңаруға бағытталған инвестициялық субсидияларға басымдық беретінін айтыпты.

– Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қол­дауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті ат­қарушы органдардың, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарының өкілдері кірді. Жұмыс тобы отырыстарының шеңберінде суб­сидиялау рәсімін оңайлатуды, оның бағыттарын оңтайландыруды (субсидиялар түрлерінің санын 51-ден 7-ге дейін қысқар­ту жоспарланып отыр), барлық субъектілер үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді, за­манауи технологияларды енгізуді ынта­лан­дыруды және агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тартуды, нақты индика­тив­тік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша фер­мерлердің қарымта міндеттемелер алу нормасын енгізуді көздейтін жаңа тәсілдер таныстырылды, – деп айтылған Үкімет бас­шысының жауабында.

Бірақ Премьер-Министр де, Ауыл шаруа­­шы­лығы министрі де бұл бас­та­маны жүзеге асыру келесі жылға қал­дырыл­ғанын мәлім­деді.
Дегенмен субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп, ол Ақмола облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылатыны айтылыпты. Себебі бұған дейін жеке құрылымдар субсидия бөлуге байланысты түрлі портал ашып, өз қызметі үшін шаруалардан ақша алып отырған.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне суб­си­дия санының азайтылуына қатысты сұ­рақ жолдап көргенімізбен, мардымды жауап ала алмадық.
Ал «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Тө­­­леутай Рақымбеков субсидия санының қыс­қаруын құптайтынын, оған қоса жүйе­сі­нің де өзгергенін дұрыс деп санайтынын ай­тады.

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ,
«Ұлттық аграрлық
ғылыми-білім
беру орталығы» КЕАҚ
басқарма төрағасы:

Субсидия санын азайтып, жүйені түбегейлі өзгерту керек

– Менің ойымша, екі-ақ түрлі субсидия түрін қалдырған жөн. Субсидияға бөлінетін 350 миллиард теңгенің 300 миллиардын тікелей ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілерге, өндірілген өнімге төлеу керек. Бірақ әрине, барлық өндірілген өнім­ге субсидия төлеуге ақша жетпейді, оның ішінде біріншіден импорт алмастыру бойынша ішкі нарықта бағасы өсіп жатқан өнімдерге төленгені абзал.
Екіншіден, қайта өңдеу кәсіпорын­дары­на өткізілетін азық-түлік өнім­де­рін, үшіншіден экспортқа шығатындарды қол­дауымыз керек. Бұған 300 миллиард тең­гедей кетеді. Ал қалған 50 миллиард тең­гесі қайта өңдеу кәсіпорнының несиесі бол­са, сол несиенің үстемеақысын арзан­да­ту­ға жұмсалуға тиіс. Мысалы, қазір банктер 15-17 пайызбен беріп жатса, соның 10 пайы­зын арзандатса, кәсіпорындар 5-7 пайыз төлейді. Сонда қалған 50 миллиард тең­­­­ге субсидия қайта өңдеу кәсіпорнының жеңіл­дікпен несие алуына мүмкіндік береді. Бірақ ол несие тікелей тек қана ауылшаруа­­шылық тауар өндірушілерден кәсіп­орын­дар ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға бағытталуы керек. Мысалы, ши­кізат ретінде ет сатып алуға, сүт сатып алу­ға, көкөніс, жеміс-жидек, тағы басқа. Одан бөлек, алдындағы 300 миллиард тең­гені қосыңыз, сонда фермерлерге жылына 800 миллиард теңге ақша түседі, бұл ауыл шаруашылығын толығымен ақшамен қам­та­масыз етуге жағдай жасайды.
Несиені фермерлер алып, соның үс­темеақысын арзандатқан жөн де­ген де пікір айтылып жүр. Оның жолы қа­зір жабылған: несиеге кепілдік керек. Қай фер­мердің қолында банкке беретіндей кепілдік бар? Ондай мүмкіншілік жоқ. Инвести­ция­лық субсидия туралы да айтылып жатыр, ол да қажет деп есептемеймін. Сондықтан фер­­­мерлер субсидияны кепілдіксіз, үсте­меа­қысыз алса және тек ауыл шаруашылығы өні­мін қайтарып отырса дұрыс болар еді. Егер фермердің қолында ақша болса, ол ин­­вес­тицияны өзі-ақ жасайды. Менің ойым­­ша, осы екі түрлі субсидияны ғана қал­­дыру керек.
Бұл бізге не береді? Біріншіден, тауар өндірушілерге 100 пайыз субсидия қол­жетімді болады. Ал қазір бар субсидия көз­дерінен фермерлердің тек 5-10 пайызы суб­сидия ала алады.
Екіншіден, фермерлердің жауапкершілігі артады.
Үшіншіден, биліктің ауыл шаруа­шы­лығына байланысты қойып отырған мақсаты бар: еңбек өнімділігі және экспорт кө­лемін ұлғайту. Егер бір фермердің иелі­гін­де 10 мың гектар жер болса, бір жыл суб­­­­­сидия алып, келесі жылы одан да көп суб­сидия алу үшін ол өнімді көбірек алуы ке­рек болады. Ал ол үшін тұқымды пайда­лану қажет, тыңайтқышты пайдалану қа­жет, техника алу қажет. Осылайша, біз фер­мерлерді ынталандыра аламыз.

Жайылым тапшылығын реттей алдық па?
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде шамамен 185 миллион гектар жайы­­лым жер бар. Оның тек 36 пайызы мал шаруа­шылығына пайдаланылады екен. Қал­ған 64 пайызы бос жатыр. Бірақ ауыл хал­қы аздаған малын жаятын жайылым тап­пайды. Былтыр осы мәселе көтерілгенде, бас­қа-басқа бізде жер тапшылығы бары көп­ті таңғалдырған еді.
2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет бас­шы­сы Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін іске жаратылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұр­ғын­дарының игілігіне беруді тапсырған бо­латын.
Сол кезде кәдеге жаратылмай жат­қа­ны заңды тұлғаның үлесіндегі учас­ке­лер екені айтылған еді. Ал жайылымның 78 пайы­зын иеленіп отырғандардың қаншасы нақ­ты жермен жұмыс істейді, оның қан­ша­сын латифундистер иеленіп отыр деген мәселені Бас прокуратура анықтауға тиіс болатын.
2022 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет бас­шы­сы пайдаланылмайтын ауыл шаруа­шы­лы­ғы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мер­зі­мін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартқан заңға қол қойды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөл­шер­лемесі екі есе өсті. Дегенмен 31 нау­рыз­да Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төра­ғалығымен өткен Үкімет жанындағы Эко­номиканы монополиясыздандыру жө­нін­дегі комиссияның екінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі де өңір­лерде жайылым жерлері өте өзекті мә­селе болып отырғанын мәлімдеді.
Министр 2019-2021 жылдары ат­қа­рыл­­ған жұмыстардың нәтиже­сін­де 8,1 миллион гектар пайдаланылмайтын не­месе мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталғанын баяндады. Тиісті шаралардан кейін осы кө­лемнен 3,4 миллион гектар жер телімін бұрын­ғы меншік иелері игере бастапты. 2,1 мил­лион гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарылыпты, ал 2,6 миллион гектар жер­гілікті атқарушы органдардың қарауында екен.
Премьер-Министр Ауыл шаруа­шы­лы­ғы ми­нистрлігіне жайылым жер тап­шылығына бай­ланысты жұмыстарды жан­дандыруды тап­сырды. Яғни, бұл мәсе­ле­ге қатысты да әлі талай іс атқарылуы керек.

«Ауыр» шаруашылық
Қазір өңірлерде көктемгі дала жұмыс­тары басталды. Ал өңірлердегі шаруалар көк­темгі дала жұмыстары кезінде мемле­кет­тік қолдау шараларының жоқтығын ай­тып шағымданып отыр. Бұған өңірлерді ара­лап барған депутаттардың да көзі жетіп­ті. Олар бұған бірінші кезекте Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің дәрменсіздігі мен әрекетсіздігі тікелей себеп дейді.
Ең алдымен, шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармайдың жетіспеушілігі жә­не бағасының қымбат екеніне шағым­дан­ған. Одан соң минералды тыңайтқыштар мен қосалқы жабдықтар да былтырмен са­­­лыстырғанда екі-үш есе қымбаттапты. Оған қоса, егіс тұқымы жоқ, ағын су тапшы. Тіп­ті, «Кең дала» бағдарламасы бойынша көк­темгі дала жұмыстарының қаржылан­дыруы кешіктірілген. Мұның барлығы өткен жылы қуаңшылықтың зардабынан әлі айық­паған диқандарға «жығылғанға жұды­рық болып отырғанын» айтқан депу­таттар Ауыл шаруашылығы министр­лігінен есеп сұрап, жауапкершілік талап ету керек де­ген ұсыныс айтқан. Депутаттардың де­ге­ніне сүйен­сек, құзырлы орган былтырғы қуаң­­шы­лықтан еш сабақ алмаған.
Оған қоса, елде бидай тапшылығы бар деген ақпарат тарады. Сәйке­сін­ше, баға да шарықтаған, диірмендердің жартысынан көбі жұмысын тоқтатқан. Де­ген­мен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-ми­нистрі Айдарбек Сапаров елімізде астық тап­шы деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, 1 сәуірдегі жағдай бойын­ша республикада 6,4 млн тонна бидай бар. Ви­це-министр ішкі қажеттілікті ескерсек, бұл көлем елді қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті. Тіпті, астықтың бір бөлігін экспортқа да шығаруға болады екен. Вице-министр мәселе бидай тапшылығында емес, бидай бағасында екенін айтады. Бұған дейін ұн тартатын кәсіпорындар бидайды арзан бағаға Ресейден импорттап келген. Әсіресе, шекарадағы облыстар: Павлодар, Солтүстік Қазақстан. Алайда Ресей дәнді дақылдарды сыртқа шығаруға тыйым салғаннан кейін бұл баланс бұзылып отыр екен. Көрші елдің мұндай шешімі диірменшілерді астықты тез арада ішкі нарықтан сатып алуға итермелеп отыр. Ал ішкі нарықта тиісінше бидай баға­сы өсіпті.
Жауапты орган ішкі нарықта тап­шы­лық болмауы үшін ве­д­о­мст­воара­­лық комиссия 2022 жылғы 15 сәуірден 15 маусымға дейін ұн мен бидай экспортын квоталау туралы ше­шім қабылдаған. Бидайға квота көлемі –
1 млн тонна, ал ұнға – 300 мың тонна. Сон­дай-ақ ішкі нарықтағы ахуалды жете түсіну үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі ста­тистика бюросымен және жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп, өңірлерде бидай­ға инвентаризация жасамақ.
Жалпы, ауыл шаруашылығы сала­сын­да мәселе шаш етектен. Біт­пей­тін тапшылық пен оңалмайтын олқы­лық­тар бәсекеге қабілетті экономика қ­ұ­ру­ға белгілі бір дәрежеде тосқауыл болып отыр­­ғаны жасырын емес.

– Бұл салада шешімін таппай келе жат­қан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрт­тың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мер­зімге берілетін «арзан несиенің» бол­мауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнім­ділікті арттырып, шикізат өндірумен ға­на шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма жә­не көлік инфрақұрылымын дамыту мақ­са­тында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елі­мізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, би­дай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өн­діру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қа­лып­тастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн, – деген Пре­зидент.

Мұның бәріне, әрине елдің әлеуеті то­лық жететініне күмән жоқ. Бөлініп жат­қан қаражат та аз емес. Сонда мәселе тағы ат­қарушы биліктің қаперсіздігіне келіп тіре­ле ме?
Қазақстан фермерлер қауым­дас­тығы­ның төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл шаруа­шылығы саласындағы мәселе тым күр­делі екенін, бірақ оны еңсеруге жалғыз ға­на министрліктің шамасы жетпейтінін ай­тады. Сарапшының сөзінше, ауыл шаруа­шылығы саласының мәселелеріне мем­лекеттік масштабта көңіл бөлу керек.

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы:

30 жылымыз орындалмайтын жобаларды құруға кетті

– Ауыл шаруашылығы министрін қыс­пақ­қа алғаннан ештеңе шықпайды. Бұл – кү­ні бүгінге дейін біздің жүйе жіберген қа­­­теліктер, қате шешімдер, дұрыс құрыл­ма­ған жоспарлардың салдары. Кезінде үлкен кооперативтердің, кеңшар, ұжымшардың түкке де керегі жоқ деп бәрін тараттық. Оның орнына ештеңе ойластырған жоқпыз. 30 жыл болды ештеңе бітіре алмай отырмыз, уақыттың бәрі орындалмайтын жобаларға кетті. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе – қазір мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз ететін 780 мың фермер бар. Былтыр жайылым ту­ралы заң қабылдадық, кооперация тура­лы заң қабылдадық, бізде заңның түрі көп, оны іске асыру жағы ақсап тұрады. Ең алды­мен, фермерлердің жұмыс істеуіне жағдай жа­салуға тиіс.
Шаруаға, ең алдымен қолжетімді не­сие керек. Қазір жері бар шаруа­лардың өзінің жағдайы жақсы деп айтуға кел­мейді. Мен бүгін Маңғыстау облысын же­тінші күн аралап жүрмін. Бес ауданда мәселе шаш етектен: қып-қызыл топырақ, бір түйір шөп жоқ.
Мемлекеттік масштабта ауыл шаруа­шы­лығының стратегиясын жүргі­зіп, саланың дамуына баса назар аударуы­мыз керек. Ең алдымен ауыл шаруашы­лы­ғына деген көзқарасты өзгерту қажет. Әр об­­­лыстың, әр аймақтың бесжылдық жос­пары өңірдің ерекшелігіне сай, жеке-жеке жасалуға тиіс. Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз, бастама дұрыс, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы тасада қалмауы ке­рек. Қазір ең алдымен азық-түлік қауіп­сіздігі мәселесін реттеу маңызды болып тұр.

Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы да жүйелі реформаны қажет етеді. Мұны қазіргі ахуал да нақтылап отыр. Үкіметтің жұмысы үмітті ақтай ма, әзірге белгісіз, дегенмен қордаланған мәселені реттеуге аз уақыт кетпейтіні анық.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button