MIRAS ұлт мұрасын ұлықтамақ

MIRAS ұлт мұрасын ұлықтамақ

MIRAS ұлт мұрасын ұлықтамақ
ашық дереккөзі
Мемлекеттің рухани іргетасын қа­лай­тын ұлттық мәдениет пен әдебиет, салт-дәстүр екені даусыз. Сол құнды­лық­тар­дың негізінде ұлттың негізі мен болмысы қа­­лыптасады. Сондықтан да ел дамуының қай кезеңінде болмасын оған ерекше ден қойып, рухани мұраларымызды дәріптеу мен насихаттауға ұмтылу – басты мақсат. Осын­­дай маңызды мәселелер мемлекеттік дең­­гейде талқыланып, оны қолдау мен да­мыту үшін түрлі шаралар жасалып жатқаны көңіл қуантады. Соның бірі – «AMANAT» партиясы жа­нын­дағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті да­мыту жөніндегі Miras республикалық қо­ғам­дық кеңесі өткізген биылғы алғашқы отырыс. Оған депутаттар, Үкімет мүшелері, қоғам қай­­­раткерлері мен зиялы қауым өкілдері қа­тысты. Кеңесте Мемлекет басшысының Жол­дауында айқындалған реформаларды жү­зеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауап­кершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем және кі­тап шығару» тақырыптары қаралды. Айта кетсек, партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясын түбегейлі қайта жаң­ғыртудың мақсат-міндеттерін айқындап, оның мемлекет тәуелсіздігі мен ел бірлігі үшін қызмет ететініне зор сенім білдірген бо­латын. Осы орайда кеңес отырысын ашқан пар­тияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов соңғы екі айда қоғамда, партия құрылысында үлкен өзгерістер болғанын, Жаңа Қазақстан құру жолындағы трансформацияның партиядан басталғанын айтты. Ол халықпен кері байланысты жетілдіру мақ­сатында құрылымы қайта жасақталған пар­тия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы биыл ұлттық мә­дениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-ша­ра­ны қолға алады. Соның бірі – айтыс. «Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар ай­ты­сынан бөлек, биыл «Бабалар аманаты» ай­­­тысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Пар­тия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зер­герлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл елі­міз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жыл­ды­ғы және Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтеді. Осы мерейтойларды ұйымдастыру бары­сын­да партия жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді А.Оралов. Кеңес отырысында сөз алған Мәдениет жә­не спорт министрі Дәурен Абаев Президент Жолдауында айтылған мәдени мұраларымыз бен тарихымызды тануға қатысты қойылған міндеттерге сәйкес министрлік қолға алған ау­қымды жұмыстарға тоқталды. «Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазу­шылар мен ақындар үшін арнайы Пре­зиденттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қа­зір тиісті мемлекеттік органдар Жарлық жо­басын әзірлеуде. Оған қоса, биыл ми­нистрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жыл­дың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты кон­курс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр», – деді ол. Министрдің сөзінше, биылғы Балалар жы­лы аясында арнаулы логотиппен 24 кітап жа­рық көрсе, енді жас қаламгерлерді қолдау мақ­сатында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын шы­ғару жоспарда бар. Кеңестің жаңа төрағасы, Мәжіліс депу­та­ты Аманжол Әлтай жаңа құрамдағы Miras-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, аза­мат­тық қоғам қалыптастыру мен мәдениет са­лаларын дамытудағы қордаланған мә­се­лелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді. «Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қа­зақ­стан: жаңару мен жаңғыру» атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауында Азаматтық қоғам инс­титуттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арт­тыруға баса назар аударған болатын. Бү­гінгі біздің талқылау алаңымыз осы та­қы­рып­қа бағытталады. Әлемдік кеңістікте ақ­па­рат­тық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі ке­зеңде еліміздің ақпараттық кеңістігін ны­­ғайту – негізгі стратегиялық мақсаты­мыз­дың бірі. Бұл тұрғыда Президент Жолдауында ескертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалармен жұмыс іс­теуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси клан­дардың басқа да топтардың саясатына ар­балып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсе­кеге қабілетті және еркін, мықты БАҚ қа­лып­тастыру үшін не істемек керек?», – деп қазір бо­лып жатқан әлемдік ахуалға қатысты ойын ортаға салды. Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мем­лекеттік билік пен бұқаралық ақпарат құрал­дары арасындағы байланысты рефор­малап, тәуелсіз медиа өкілдеріне басымдық беру керегін алға тартты. – Қоғамды демократияландырудың бір­­ден-бір тетігі – тәуелсіз әрі жауапкерші­лігі жо­ғары ақпарат құралдары. Сондықтан түрлі ұлт­тық жоба мен стратегиялық құ­жат­­тардың де­ні ақпарат құралдарында ашық тал­қы­лануын қамтамасыз ету керек. Түрлі медиа­жүйенің кең спектрін және ме­диа саясатқа бай­ланысты әртүрлі тәсілді ұсыну арқылы ақ­парат құралдарының жұ­мы­сына жан бі­тіруіміз керек, – деді Мәжіліс депутаты. Осы ретте сөз алған «Қазақ медиа қауым­дас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңе­сінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақ­парат құралдары ұшырасатын түйінді мә­селелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қа­зақ тіліндегі сайттардың ірі жарнамалар тап­сырысына қолы жетпейді. Қаржы тап­шылығының салдарынан білікті маман жал­дай алмайды, сәйкесінше білікті мамансыз са­палы контент өндіру тағы қиындық туғы­зады. «Мемлекет және әлеуметтік жауап­кер­ші­лік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар ау­дарса. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түр­лі тақырыптағы гранттық жобалар жа­са­лып, жекелеген журналистер, редакциялар кон­курс негізінде гранттарды ұтып алу ар­қы­лы контент жасау мүмкіндігіне ие болар еді», – деді Е.Азанбек. Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ саласын құ­қықтық реттеуді жетілдіру, ақпарат саласы қыз­меткерлерінің кәсібилігін нығайту, отан­дық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге тоқталды. «Осы салада мемлекеттік реттеудің тиімді те­тігін құру мақсатында заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды. Біз ұсыныстарды жинап, сарапшылармен бірлесе отырып, заңнаманы же­тілдіру тетіктері бойынша концепция әзір­лейміз. Ол үшін БАҚ, азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдерін, қоғам қайраткерлері және бас­қа да мүдделі ұйымдардың басын қосып, ар­найы жұмыс тобы құрылуда», – деді ми­нистр. «Хабар» агенттігі» Акционерлік қоғамы­ның басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан хал­қына Жолдауының мәні де, маңызы да ай­рық­ша екенін айтты. «Мемлекет басшысының Жолдауында ай­қындалған реформаларды жүзеге асыру ке­зеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеу­меттік, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің бас­ты арнасы бел шешіп кірісіп, идеологиялық тұр­ғыда жұмыс істейді. Президенттің бас­та­маларын біздің арналарымыз алдағы уақытта да халыққа кеңінен насихаттап, жеткізуге қашанда дайын», – деді ол. Сондай-ақ кеңесте mecenat.kz жоба­сы­ның әзірлеушілері қазақ қаламгерлерінің шы­ғармаларына арнайы бәйге жариялай­ты­ны айтылды. Олар жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге әзір. Жо­­­баны әзірлеуші топтың мүшесі, теле­жур­налист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына одан әрі үлес қосу, әдебиетте жаңа есім­­дерді таныту, үздік романдарды оқыр­ман­ға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақ­са­тында қолға алынған жобаға Freedom Holding Gorp инвестициялық тобының не­гізін қалаушы, белгілі қаржыгер Тимур Тур­лов қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді. Келелі тақырыптар қозғалған жиынға бей­неконференция арқылы да қосылған қа­лам­герлер мен қоғам қайраткерлері болды. Олар да жоғарыда көтерілген мәселелер бойын­ша өз пікірлерін ортаға салып, жан-жақ­ты талқылау процесіне қатысты. Атап айт­сақ, Жазушылар одағы басқармасының төра­ғасы Ұлықбек Есдәулет антологиялық көп­томдықтарды шығаруды назардан тыс қал­дырмау керегін ескертсе, жазушы Сәуле Дос­жан кітап саудасы, кітап бизнесіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Кеңесте сөз алған жазушы Алдан Смайыл қа­зақ киносының жеткен жетістіктерін айта ке­ле, онда бар олқылықтардың да орнын тол­тыратын уақыт келгенін жеткізді. Одан бө­лек, аударма саласында кетіп жатқан кем­шіліктер мәселесіне де тоқталды. Miras республикалық қоғамдық кеңесі өт­кізген алғашқы отырыс осындай маңызды тақырыптарды көтеріп, бірқатар хаттама қабылдады. Қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің бас қосып, ұлттық құндылықтарды сақтау жө­нінде айтқан пікірлері мен қабылдаған ше­шімдері елдегі мәдениет пен әдебиет, ме­диа кеңістігіне серпін беріп, жаңа бір тыныс сый­ласа деген үміт бар. Аталған салаларға бө­лінетін грант пен көрсетілмек қолдау­лар­дың барлығы елдің рухани әл-ауқатын арт­тыруға жасалып жатқан қадамдар екені анық.

Әсем ҚҰЛМАНОВА