«Мектеп директоры мен орынбасарлары қорқытып жатыр» – мұғалім
«Мектеп директоры мен орынбасарлары қорқытып жатыр» – мұғалім
Есенғали Бижанов - Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол қазір өзін мектеп директоры мен оның орынбасарлары «жұмыстан кет» деп қорқытып, бопсалап жатқанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған деп хабарлады turkystan.kz.
Мұғалімнің сөзіне сүйенсек, оны мектеп директоры өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатыр екен. Енді амалы таусылған мұғалім әлеуметтік желіге шағымын жазып, зейнетке шыққанға дейін жұмысын жалғастыруға көмек беруді сұрап отыр.
«Мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Жасым 59-да. Зейнетке шығуыма 5 жыл қалды. Талғар ауданындағы 7 мектепте жұмыс істедім. Мектеп директорлары жұмыстан босату туралы арыз жазуға мәжбүрлеп отыр. Директор мен орынбасарлары қорқытып, бопсалап жатыр. Оған қоса, әлеуметтік желіні пайдалана отырып, бұған ата-аналар мен оқушыларды да араластырып әлек. Маған зейнетке шыққанша 5 жыл тыныш жұмыс істеуге көмектесіңіздерші» деп жазды көпшіліктен көмек сұраған ұстаз.
Әлеуметтік желіде тараған осы жазбадан кейін Алматы облысының Білім басқармасы Есенғали Бижановтың шынымен де Қарабұлақ ауылындағы №22 мектепте жұмыс істейтінін растады. Бұдан бөлек, оның биылғы оқу жылының соңына дейін аталмыш мектепте жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Білім басқармасы мұғалім сөзінің шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Олар мұғалімнің 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап №22 мектепте жұмыс істеп жатқанын айтты. Оған қоса, мұғаліммен 3 айдан 6 айға дейінгі сынақ мерзімімен еңбек шарты жасалғанын алға тартты.
«Бижанов өз өтінішінде дұрыс емес мәліметтерді көрсеткенін хабарлаймыз. Өйткені оны жұмыстан кету туралы арыз жазуға ешкім мәжбүрлемеген. Жұмыс барысында Бижановқа еңбек тәртібін бұзғаны және педагогикалық этиканы сақтамағаны үшін бірнеше рет ауызша ескертулер берілген», – делінген хабарламада.
Тағы оқи отырыңыз: Атырауда 6 млн теңгені қалтасына басқан мектеп директоры сотталды