Әскерге барудан жалтарғандарға 3 млн теңге айыппұл салынады

Әскерге барудан жалтарғандарға 3 млн теңге айыппұл салынады

Әскерге барудан жалтарғандарға 3 млн теңге айыппұл салынады
ашық дереккөзі
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны болып жатыр. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру 1 наурыздан 30 маусымға дейін жалғасады деп хабарлады turkystan.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ведомствоның мәліметінше, 18-27 жас аралығында азаматтарға әскерге шақыру бойынша арнайы шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберіледі. Шақыртуды алған бойда олар медициналық комиссиядан өтуге міндетті.
 «Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады» деп жазылған хабарламада.
Министрлік медициналық тексерістен өту барысында егер азамат әскерге жарамсыз деп танылса, онда сол күні жинау пунктінен үйіне қайтарылатынын, ал қосымша тексеруді қажет етсе, онда медициналық мекемелерге жіберілетінін атап өтті.
 «Сонымен қатар шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралатынын естеріңізге саламыз. Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады», - дейді Қорғаныс министрлігіндегілер.
Айта кетсек, қазіргі уақытта елімізде 1 АЕК мөлшері 3063 теңгеге тең. Осылайша, әскери қызметтен жалтарғандарға 3 млн 63 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін.