Күнгейде автожолдарға қызмет ететін 25 техника берілді
Күнгейде автожолдарға қызмет ететін 25 техника берілді
Оңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына 25 бірлік арнайы техника табысталды. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев берілген техникалармен аймақтағы автожолдарды күтіп ұстау жұмыстарын дер кезінде орындап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сапасының жақсаратынына сенім білдірді.
Атап айтқанда, бұл күні 2 бірлік автогрейдер, 1 бірлік «Урал» қар тазалағыш шнекороторы, аспалы қосалқы жабдықтарымен 4 бірлік МТЗ-82 тракторы, 2 бірлік «КамАЗ» жүк көлігі, 13 бірлік «Газель» маркалы жол жөндеу қызметінің жүк көлігі, 1 бірлік Жол таңбалау көлігі (разметочная машина «Газель»), 1 бірлік NISSAN TЕRANO (қызметтік көлік) және 1 бірлік НИВА - 21214 қызметтік көліктері берілді.
Жаңа техникаларды аралап көрген аймақ басшысы өңіріміздегі барлық аудандарға берілетін техниканы қолдануда, әсіресе, қысқы мерзімде қауіпті саналатын Қазығұрт, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас аудандарындағы асуларды үнемі назарда ұстап, қардан тазартып отыруды тапсырды.
Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына» қарасты 4 330 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бар. Бүгінге дейін кәсіпорынның балансында жалғыз ғана техника болып, тиісті жұмыстар қосалқы мердігерлерді тарту арқылы және жалдаумен жүргізілген болатын.
Айта кету керек, 1991-1999 жылдар аралығында автомобиль жолдарының жағдайы көбінесе ағымдағы жөндеу жұмыстары есебінен күтіп ұсталған. Автомобиль жолдарын салуға және қайта жаңартуға мүлдем қаражат бөлінбеген. Жалпы, 2000-2015 жылдары облыс жолдарына 151 млрд. теңге бөлініп, 9 176 шқ. жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 100 көпірдің жөндеу жұмыстары және 45 көпірдің құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, 2003 жылдан бері 70 шқ. жаңа жолдардың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Десе де, әлемде орын алып жатқан экономикалық дағдарысқа қарамай, облыста экономиканың күретамыры болып саналатын жол инфрақұрылымын дамытуға коп көңіл бөлініп келеді. Тек биылғы жылдың өзінде – Тәуелсіздіктің 25 жылдығында облыста 305 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстарына 25 млрд. теңге бөлініп, 639 шақырым жол мен елді мекен көшелері қамтылды.