Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылды

Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылды

Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылды
ашық дереккөзі
Мәжіліс «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және кейбір заңнамалық актілерге Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлады turkystan.kz stan.kz-ке сілтеме жасап. Заң жобасының мақсаты – ластанған жерлерді тиімді басқару үшін Семей ядролық сынақ полигоны аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Семей полигоны жабылғалы бері бірқатар проблемалық мәселе анықталған.
«Бұрынғы Семей полигонының жері үш облыстың жергілікті атқарушы органдары қарамағындағы қосалқы жерге жатады. Бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттерін және осы аумақта болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады. Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін оңалту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмейді», - деді министр.
Бүгінгі таңда ластанған және таза аумақтардың аражігі ажыратылмағандықтан, жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланылмай отыр. Осы проблемаларды шешу үшін Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру көзделіп отыр:
  • бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонындағы жұмыстардың орындалуына жауапты ұйымды тағайындау;
  • кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша нормативтен тыс радиациялық ластанған аумақтардың және шартты таза жерлердің шекаралары мен ауданын айқындау;
  • ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оларды уәкілетті ұйымға пайдалануға беру;
  • бұрынғы полигонның ластанған учаскелерін оңалту;
  • аймақ аумағында радиациялық жағдайға мониторинг жүргізу;
  • бұрынғы полигонның шартты таза жерлерін шаруашылық айналымға беру.
Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін басқару жөніндегі уәкілетті ұйым ретінде Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы – Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығын тағайындау болжанып отыр.
«2008 жылдан бастап бүгінге дейін Ұлттық ядролық орталық полигон аумағының 100 пайызын тексеріп, 2 миллионнан астам өлшем жүргізді, топырақтың 5000-ға жуық үлгісіне талдау жасады. Биыл тексеру материалдары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберіледі. Содан кейін полигонның шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлерінің шекаралары айқындалады. Олардың болжамды ауданы сәйкесінше 8900 км2 және 9400 км2 құрайды»,  - деді министр.
Ұлттық ядролық орталығына құрылатын аймақ аумағында ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету, радиоактивті ластанған жерлерді оңалту және олардың қаупін төмендету, тарихи радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және радиоактивті ластану деңгейін мониторингілеу функциялары беріледі. Бұл радиоактивті қалдықтардың арнайы аймақтан тыс жерлерге таралуына жол бермеуге және соның салдарынан халықтың сәулелену мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.