Оқу корпустары шенеуніктерге беріле ме? Семейлік студенттер шу шығарды

Семейде Геодезия және картография колледжінің студенттері наразылық акциясына шықты деп жазды turkystan.kz.

Студенттердің айтуынша, Геодезия және картография колледжінің бас ғимаратын жаңадан құрылатын Абай облысы басқармаларының біріне бермек. Ал, әлеуметтік желілерде оқу орнын Геологиялық барлау колледжіне қосады деген ақпарат тарады.

«Ғимаратта маңызды қондырғылар бар. Оларды қозғау, қайтадан құру – қиын мәселе. Қазіргі уақытта бұл салада білікті маман табу мүмкін емес. Ондай маман жоқ. Егер орнынан қозғап, басқа жайға апаратын болса, олар бұзылып жарамсыз болып қалады. Бұл ақпаратты өзіміз де жаңа естіп отырмыз. Мұнда үлкен облыстық мекеме келіп орналасуы қарастырылып отыр», – деп мәлімдеді колледж директоры Қаныш Төлеуов.

Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта жаңа Абай облысын құруға байланысты Семей колледждерінің материалдық-техникалық базасының сараптамасы жүргізіліп жатыр.

«Мониторингке байланысты осындай қауесет тарады. Оқу орындарының жабылуы я бірігуі туралы мәселе қарастырылып отырған жоқ. Студенттер мен олардың ата-аналарына уайымдайтын мәселе жоқ», – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайранүл Жұмадилова.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button