Жаңалықтар

Светлана Жақыпова: 82 ардагер баспанамен қамтылған

ашық дереккөзі

Светлана Жақыпова: 82 ардагер баспанамен қамтылған

Бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Светлана Жақыпова 2015 жылы Қазақстанда 82 ардагер баспанамен қамтылғандығы туралы мәлімдеме жасады. «Бiз жергiлiктi органдармен бiрлесе отырып, биыл қаңтар-сәуiр айлары аралығында Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне 82 пәтер бердiк.

«Нұр Отан» партиясының жақында өткен жиындарының бiрiнде Қазақстанда пәтер кезегiнде 104 ардагер тұр деген ақпарат айтылды және жергiлiктi билiк басшылары мен әкiмдiктер осы ардагерлерге пәтер беруге уәде еткен болатын. Сол 104 ардагердiң 82-сi баспаналы болды деуге болады. Менiң ойымша, 9 мамырға дейiн әкiмдер қалған ардагерлердi баспанамен қамтамасыз етедi»,-деді журналистердің сұрағына жауап берген вице-министр. Оның айтуынша, пәтері бар жүздеген ардагердiң үйлерiне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың жарлары мен отбасылары да мейрам қарсаңында назардан тыс қалмайды. «Атап өткенімдей, ардагерлерге бір жолғы әлеуметтік көмек көрсету үшін республикалық бюджеттен 5 млрд 800 млн теңгеден астам қаражат қарастырылды. Осы сәуір-мамыр айларында бір жолғы өтемақылар төленеді. Негізі, ардагерлер мен мүгедектерге 100 мың теңге мөлшерінде, оларға теңестірілген адамдарға 70 мың теңге, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне (екінші рет некеге отырмаған жесірлерге) 30 мың теңгеден төленеді. Ал, бейбіт уақытта қайтыс болған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің әйелдеріне 25 мың теңгеден төленеді, олардың саны 10 мыңнан асады»,-деп хабарлады вице-министр. С.Жақыпованың айтуынша, тылда еңбек етіп, Жеңiске үлес қосқан азаматтарға 25 мың теңгеден берiлемек.