AMANAT партиясы ұсыныс жасады

AMANAT партиясы ұсыныс жасады

AMANAT партиясы ұсыныс жасады
ашық дереккөзі
AMANAT партиясы «Алтын домбыра»-дан бөлек, «Бабалар аманаты» айтысын ұйымдастыруды ұсынды деп хабарлады turkystan.kz. Бүгін AMANAT партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Оған Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем және кітап шығару» тақырыптары қаралды. Партияның кезектен тыс ХХІІ Съезінде Президент, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны түбегейлі қайта жаңғыртудың мақсат-міндеттерін айқындап, AMANAT партиясының мемлекеттің тәуелсіздігі мен елдің бірлігі үшін қызмет ететініне зор сенім білдірді. Осы орайда, кеңес отырысын ашқан партия Атқарушы хатшысы Асхат Оралов соңғы екі айда қоғамда, партия құрылысында үлкен өзгерістер орын алып, Жаңа Қазақстан құру жолындағы трансформацияның  партиядан басталғанын айтты. Ол халықпен кері байланысты жетілдіру мақсатында құрылымы қайта жасақталған партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, AMANAT партиясы биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс.
«Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек, биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтеді. Осы мерейтойларды атап өтуге партия жан-жақты қолдау көрсетеді», - деді А.Оралов.
Кеңес отырысында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Президент Жолдауында айтылған мәдени мұраларымыз бен тарихымызды тануға қатысты қойылған міндеттерге сәйкес,  министрліктің қолға алған ауқымды жұмыстарына тоқталды.
«Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдармен Жарлық жобасы әзірленуде. Оған қоса, биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр», - деді министр.
Кеңестің жаңа төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа құрамдағы «Miras»-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, азаматтық қоғам қалыптастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыруға баса назар аударған болатын. Бүгінгі біздің талқылау алаңымыз осы тақырыпқа бағытталады. Әлемдік кеңістікте ақпараттық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайту – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Бұл тұрғыда Президент Жолдауында ескертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалармен жұмыс істеуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті және еркін, мықты БАҚ қалыптастыру үшін не істемек керек?» - деген ойды ортаға тастады.
Бұл ретте «Қазақ медиа қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңесінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақпарат құралдары ұшырасатын түйінді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сайттардың ірі жарнамалар тапсырысына қолы жетпейді. Қаржы тапшылығының салдарынан білікті маман жалдай алмайды, сәйкесінше білікті мамансыз сапалы контент өндіру тағы қиындық туғызады.
«Мемлекет және әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар аударса. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түрлі тақырыптағы гранттық жобалар жасалып, жекелеген журналистер, редакциялар конкурс негізінде гранттарды ұтып алу арқылы контент жасау мүмкіндігіне ие болар еді», - деді Е.Азанбек.
Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ саласын құқықтық реттеуді жетілдіру, ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсібилігін нығайту, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге тоқталды.
«Осы салада мемлекеттік реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды. Біз ұсыныстар жинап, сарапшылармен бірлесе отырып заңнаманы жетілдіру тетіктері бойынша концепция әзірлейміз. Ол үшін БАҚ, азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдерін, қоғам қайраткерлері және басқа да мүдделі ұйымдардың басын қосып, арнайы жұмыс тобы құрылуда», - деді министр.
«Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні де, маңызы да айрықша екенін айтты.
«Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеуметтік, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің басты арнасы бел шешіп кірісіп, идеологиялық тұрғыда жұмыс істейді. Президенттің бастамаларын біздің арналарымыз алдағы уақытта да халыққа кеңінен  насихаттап, жеткізуге қашанда дайын», - деді.
Сондай-ақ, кеңесте «mecenat.kz» жобасының әзірлеушілері қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жүзден жүйрік шыққан жазушының шығармаларын жеке кітап етіп жариялап, жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті. Жобаны әзірлеуші топтың мүшесі, тележурналист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына одан әрі үлес қосу, әдебиетте жаңа есімдерді таныту, үздік романдарды оқырманға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақсатында қолға алынған жобаға Freedom Holding Gorp. инвестициялық тобының негізін қалаушы, белгілі қаржыгер Тимур Турлов қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді.  width=  width= Тағы оқи отырыңыз: AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарына барды