«Бақытты отбасы» жобасы аясында 20 мың әйел жұмыспен қамтылады

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдады деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.

Ералы Тоғжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалақыны көтеру ісінің 1 миллионнан астам бюджеттік сала қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналын қамтитынын хабарлады. Сондай-ақ кәсіпкерлікке міндеттемелер белгілеу арқылы мемлекеттен көмек алатын ірі бизнестегі 2,8 миллион қызметкердің еңбек табысын арттыру қарастырылған.

Мемлекет басшысына кәсіпкерлік қызметтің табысын арттыруға, сондай-ақ, фармацевтика, биотехнология, IT-технология және мұнай-химия бағытындағы жаңа өндірістер сияқты экономиканың түрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты Үкіметтің жоспары баяндалды.

Сонымен қатар, Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы, «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 20 мың әйел жұмыспен қамтылады. Жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асырылып, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттар беріледі.

Кездесу соңында Президент халықтың табысын арттырудың айрықша маңызды екенін атап өтіп, Үкіметке бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button