Түркістан облысында Ресейден келе жатқан жүк көлігі өртеніп кетті

11 сәуір, 2022 / Динара Амантай
ашық дереккөзі
Түркістан облысында Ресейден келе жатқан жүк көлігі өртеніп кетті Ресейден Тәжікстанға бет алған үлкен жүк көлігі Түркістан облысында жолда жанып кетті деп жазды turkystan.kz. Оқиға 9 сәуірде, кешкі сағат 21.00-де болғаны хабарланды. Аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне Жиенқұм ауылының жанындағы Самара - Шымкент тасжолының 73-шақырымында жүк автокөлігі жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына аудандық бөлімнің жедел-тергеу тобы шықты. Мұқият тексеру кезінде тәртіп сақшылары Ресейден Тәжікстанға бара жатқан Volvo маркалы жүк көлігі тіркемесінің баллоны жанғанын анықтады», – деп хабарлады полиция қызметкерлері.
Ақпарат бойынша, өздігінен жанған үлкен жүк тиегіш тұрмыстық техникамен бірге толықтай өртеніп кеткен. Адам шығыны болған жоқ. Жүргізуші жүк көлігінен құжаттарын алып шығып үлгерген.