10 млн теңгенің киімін жымқырған жұмысшы ұсталды

Түркістан облысының полицейлері қоймадан 10 млн теңгенің киімін жымқырған жұмысшыны ұстады деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сайрам адандық ПБ-ға киім-кешек сатумен айналысатын кәсіпкер ер адам арызданды. Жәбірленуші арызында оның Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы бойында орналасқан киім-кешек сақтауға арналған қоймасынан тауарлары белгісіз жағдайда ұрланып жүргенін жеткізді. Ер адамға келтірілген шығын көлемі шамамен 10 млн теңгеге жеткен.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Ұрлықты анықтау мақсатында сайрамдық сақшылардан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынып, бейнебақылау камералары тексерілді.

Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру іс-шаралары кезінде күдіктінің қайта қылмыс жасауға келуі мүмкін екенін алға тартып, оны құрықтауға арнайы жоспар құрды. Нәтижесінде түнгі уақытта сайрамдық сақшылар күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Яғни, күдікті қойма ішінен киім-кешекті заңсыз алып шығып, көлікке артып, әкетіп бара жатқан жолда ұсталды. Осылайша, ұрлық жасаған ер адам құрықталды.

Ол Қазығұрт ауданының тұрғыны, жәбірленушінің жүк тасумен айналысатын жұмысшысы болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті басқа ауданның тұрғыны болғандықтан Сайрам ауданындағы жұмыс орнында жатып, жұмыс істеген және ұрлықты бұның алдында үш рет жасаған. Бірінші рет жарық сөнген уақытта бейнебақылау камералары істеймейтінін пайдаланып, екі қап киім-кешек ұрлаған. Оны Шымкент қаласына апарып сатқан. Ал қалған кездерде бейнекамераны өшіріп қойып, арам ойын іске асырып жүрген.

Ұрлаған жаңа киімдерді 3 млн теңгеге сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазір аталған қылмысқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button