Смайылов азық-түлік бағасын ұстап тұруды тапсырды

Смайылов азық-түлік бағасын ұстап тұруды тапсырды

Смайылов азық-түлік бағасын ұстап тұруды тапсырды
ашық дереккөзі
Премьер-министр Әлихан Смайылов арнайы өткізілген кеңес барысында өңір әкімдерінің азық-түлікке қатысты жағдайды бақылай алмай отырғанын сынады деп хабарлады turkystan.kz. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,9%-ды құрағанын айтты. Сондай-ақ «айналым схемасын» қаржыландыруды ұлғайту жұмысы өңірлерде төмен деңгейде жүріп жатқаны атап өтілді. Жоспарланған 100 млрд теңгенің 58,3 млрд теңгесі ғана бөлінген. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайтынын мәлімдеді. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл ретте ел ішінде үздіксіз өндіріс қамтамасыз етілді және Үндістаннан қосымша қант көлемін жеткізуге келісімшарт жасалды. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, республика бойынша картоп қоры 199 мың тоннаны, қырыққабат – 17,2 мың тоннаны, сәбіз – 43,1 мың тоннаны, пияз – 23,1 мың тоннаны құрайды. Есептерді тыңдаған Смайылов бір апта ішінде азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңір әкімдері бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасай алмай отырғанын айтты.
«Маңғыстау облысында пияз 39,2%-ға, сиыр еті 5,5%-ға қымбаттаған. Өткен жылы біз Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақтылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан едік. Аталған жұмыс орындалмады, сол себепті азық-түлік бағасының өсуіне жол беріліп отыр. «Айналым схемасына» 3,6 млрд теңгелік жоспар кезінде 1,1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 млн теңге ғана бағытталды», – деді ол.
Үкімет басшысы соңғы екі жылда СҚО-да сүт-тауар фермаларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенін айтты. Бұл орайда, өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май тиісінше 14,3%-ға, 9,5%-ға және 5,3%-ға қымбаттаған.
«Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз», - деді Ә. Смайылов.