Ресейлік сайт Головкинге қатысты күтпеген мәлімдеме жасады

9 сәуір күні Токиода Геннадий Головкин мен Риото Мурата арасындағы кездесу өтіп, қазақстандық спортшы мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Жекпе-жек аяқталған соң ресейлік «Чемпионат» сайты кездесуге қатысты пікір білдіріп, GGG-дің қартайып қалғанын жазды деп хабарлады turkystan.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

Геннадий Головкин осы кездесудегі жеңісінен соң IBF, IBO және WBA тұжырымдары бойынша чемпиондық атағын біріктірді. Ол дәл тиген соққылар саны бойынша қарсыласын артта қалдырды. Алайда жекпе-жекке шолу жасаған «Чемпионат» сайты 40 жастағы Головкиннің бұрынғы қарқыны жоғалғанын жазған.

«Кездесуді екіге бөліп қарауға болады. Алғашқы бес раунд жапондықтың бақылауымен өтті. Головкин содан кейін ғана басымдықты қолға алды. Жекпе-жектің бас жағы сенсацияға толы болды. GGG қарсыласына атыла бастағанда, ол ыңғайсыз екі соққысымен жауап қата берді. Нәтижесінде, қазақстандық боксшы өзіне тән емес жағдайға тап болып, артқа шегінді. Головкиннің соққылары ауыр болған жоқ, сондықтан, жапондық өзінің ыңғайсыз әрі күшті соққыларын дәл тигізе бастады. Үшінші раундта-ақ Головкин қызарып, титықтап қалды. Тіпті, Мурато оны зейнетке жіберетіндей болып көрінді», – деп жазды сайт тілшісі.

Сондай-ақ, мақала авторы Геннадий Головкинге мексикалық боксшы, Сауль Альварес «Канеломен» кездеспеуге кеңес берген.

«Головкиннің кезекті жеңісі оған қиын соқты. 40 жастағы спортшы үшін әдеттегі жағдай емес. Өзін жеңімпаз деп жариялаған соң ол алдағы жоспарлары жайлы да,«Канело» жайлы да ештеңе айтқан жоқ. Мүмкін, қазіргі бабымен «Канелоны» жекпе-жекке шақыра алмайтын түсініп тұрған шығар. Егер GGG мексикалық боксшыға бүгінгідей еркіндік беріп қойса, алтыншы раундқа дейін де шыдамай, тікелей ауруханаға тартады. Тағдыр оның 40 жасына беделді WBA белбеуін сыйға тартты. Спорттық мансабын аяқтау үшін таптырмайтын сәт. Әрі қарай қиын әрі нашар болмақ», – делінген сайтта.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button