ШҚО-да депутаттар су тасқыны қаупі бар ауылдарға барды

ШҚО-да депутаттар су тасқыны қаупі бар ауылдарға барды

ШҚО-да депутаттар су тасқыны қаупі бар ауылдарға барды
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаттары – AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Еділ Жаңбыршин және Зарина Камаcова Шығыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен барып келді деп хабарлады turkystan.kz. Депутаттар Глубокое ауданы Белоусовка ауылында орналасқан су қоймасына барып, ондағы нақты жағдайды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар, аталған аудандағы Прогресс, Предгорное ауылдарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады.
«Өңірлерге арнайы жұмыс сапармен келудегі басты мақсатымыз - су тасқыны қаупі бар деген учаскелерді аралап, ауқымды су қоймаларының жағдайын көзбен көру. Нақты айтқанда, бүгінде тұрғындар тарапынан тасқын су мәселесіне байланысты өте көптеген сауалдар түсуде. Сондықтан тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, тасқын судың алдын алу керек. Өңірлерде су қоймаларында түйткілді мәселе де жоқ емес. Мен бұған дейінгі Шығысқа арналған жұмыс сапарымда Зайсан ауданындағы Үденей, Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймаларындағы өзекті мәселелерді көтерген болатынмын. Біз мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз қажет», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Мамандардың айтуынша, Глубокое ауданы Белоусовка ауылындағы су қоймасы 1946 жылы пайдалануға берілген. Глубочанка өзені және кіші Ертіс өзенінің оң жағалауы құяды. Су қоймасының түрі - арналық, жағалау сызығы бойынша ұзындығы - 3,3 шақырым, көлемі - 1,3 млн м3, максималды тереңдігі - 8.5 м, орташа тереңдігі - 2.4 м. Есептік өткізу қабілеті 40 м3/сек құрайды. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады.
«Азаматтар тарапынан көтерілген кез келген мәселе назардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган өкілдері мен депутаттарды халықпен жиі жүздесіп, толғандырған мәселелерінің оң шешім табуына атсалысуды үнемі айтып келеді. Бүгінгі біздің жұмыс сапарымыз да Мемлекет басшысының осы тапсырмасының аясында жүзеге асырылып отыр», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Депутаттар одан әрі 8-11 сәуір аралығында Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Алтай, Катон-Қарағай, Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралап, ондағы су қоймаларының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесетін болады.  width=