«ТМД-да болмаған рекорд»: Қазақстанда баланың еміне 1 млрд теңге жиналды
«ТМД-да болмаған рекорд»: Қазақстанда баланың еміне 1 млрд теңге жиналды
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастаған бір топ танымал азамат Нұртас Ерболұлы есімді баланың еміне көмектесті деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Instagram-дағы zhuldyzdar_zhazbasy парақшасында жарияланды.
Баланың еміне құны 1 млрд теңге тұратын әлемдегі ең қымбат Zolgensma препараты қажет еді. Нұртастың еміне 1 жыл 1 ай дегенде осы сома жиналды.
Оған сирек кездесетін арқа бұлшықет атрофиясы диагнозы қойылған. Баланың ата-анасы 2021 жылдың наурыз айынан бастап халықтан көмек сұрап келеді.
Айнұр Тұрсынбаева бірнеше күннен бері әріптестерімен бірге Instagram-ның тікелей эфиріне шығып, сборды жапты. Ол әлеуметтік желіде қуанышын жасыра алмай, жазба қалдырды.
«Қазақ елінде тағы 1 сбор жабылды! Тағы да миллиард! 2 айда қарапайым халықтың көмегімен 2 миллиард сборды жауып, ТМД елдерінде болмаған РЕКОРД жасадық. Жай ғана ақша емес, бұл - өмір. Бұл - болашағымызға салынған инвестиция! Атымтай жомарт, ақжүрек оқырмандарыма басымды иіп, алғыс білдіремін. Оразаларыңыз қабыл болсын!» деп жазды Тұрсынбаева.
Бұған дейін танымал өнерпаздар Тараз қаласында тұратын Айсезім Еркін есімді бүлдіршіннің еміне 3 күнде 300 млн теңге жинап берген еді. Енді олар дәл осындай ауруға шалдыққан Айкүміс Сәрсен есімді сәбиге көмектесуді ойластырып жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: «Мен беті өте қымбат адамдардың қатарына жатамын» – Айнұр Тұрсынбаева