Елордада полицейлер мас жүргізушіні қуған сәт бейнежазбаға түсіп қалды (ВИДЕО)

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы полицейлерінің үлкен жылдамдықпен жүріп, жол ережесін бұзған нөмірсіз Citroеn маркалы көлігін қуған сәті видеоға түсіп қалған деп жазды turkystan.kz.

Оқиға шамамен түнгі сағат 03.50-де болған. Жүргізуші тәртіп сақшыларының талабына жауап бермей, жылдамдықты үдете түскен.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, жүргізуші қашып кетуге тырысып, Көктал шағынауданына кірген. Полиция қызметкерлері оны Тілендиев даңғылында патрульдік көлік көмегімен тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицейлердің қызметтік көлігін соға бастаған. Тәртіп бұзушыны тоқтату үшін тәртіп сақшылары оның көлігінің дөңгелектеріне оқ жаудырған.

«Көлікті 21 жастағы жігіт жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша оның мас болғаны анықталды. Тексеру барысында көлік салонынан ресейлік есепке алынған мемлекеттік тіркеу нөмірі табылды. Бұған дейін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған болып шықты», – деді полиция өкілі.

Тәртіп бұзушыға қатысты бірден 19 әкімшілік хаттама толтырылып, көлік коммуналды тұраққа қойылған.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі бойынша, тәртіп бұзушы 20 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button