Сатыбалды әулеті мен Шымкент әкімдігін не байланыстырады?
Сатыбалды әулеті мен Шымкент әкімдігін не байланыстырады?
Қайрат Сатыбалдының қолына кісен салынды. Ол наурызда шетелге ұшып кетпек болған кезде әуежайда ұсталды. Үстінен іс қозғалды.
Артынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыға, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын жария етті. Қайрат Сатыбалдыны Оңтүстікпен көп нәрсе ортақтастырады. Сондықтан қылмыстық істің бір ұшы Шымкентпен байланысты болып шыққан кезде бұған ешкім таңқалған жоқ. Аң-таң болып отырған тек шымкенттік шенеуніктер ғана сияқты. Шындығына келгенде, Қайрат Сатыбалды қайдағы бір қаймана қазақпен, анау-мынаумен емес қандай да бір шаруаларын шешу үшін Шымкенттің әкімі Әйтеновтың тікелей өзімен әңгімелескен болуы әбден мүмкін. Сонымен...
Қайрат Сатыбалдыға қатысты Шымкент жақтан шыққан шудың төркінін түсіну үшін алдымен антикордың таратқан ресми ақпаратына көз жүгіртсек:
«Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада.
Істің толық мән-жайы тергеу мүддесіне сәйкес жария етілген жоқ. Күні кеше антикор Қ.Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың - кірме темір жол желілеріндегі қылмыстырға қатысы барын анықтағанын жария етті. Екі компанияның басшылары ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қайрат Сатыбалды уақтысында Қазақстар темір жолы компаниясында бірінші вице-президент лауазымын атқарғанын ескерсеңіз, бәрі түсінікті ғой.
Ал енді Сатыбалды әулетінің Шымкент әкімдігімен не байланысы бар? Мемлекеттік тапсырыстарды жүз миллиондап ұтып алатындай, айрықша артықшылықтарды иеленетіндей, Шымкентте Гүлмира ханымның еркелейтін кімі бар еді?
Өткен аптада Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан бірде-бір қызметкер ұсталмаған, ондай ақпарат жоқ», - деген әкім орынбасары «солай емес пе?» деп, қасында отырған аталған басқарма басшысының орынбасары Мадияр Байымбетовке қарады.
Дегенмен, журналистер жағы ресми мәліметті антикор таратқанын, онда қылмыстық істің басқарманың лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалғанын еске салды.
«Ұсталды» демеген ғой, «тергеу жүріп жатыр» деген. Олар енді бізге келіп айтпайды ғой, кімдерді келіп тексеріп жатқанын», - деді Исахов.
Осы кезде М.Байымбетов сөзге араласып, қылмыстық істің басқарманың басшысына және өзіне қатысты қозғалғанын мәлім етті.
«Іспен әлі танысқан жоқпыз, бізді әлі шақырмады, біз де сіздер сияқты кеше естідік», - деді Мадияр Байымбетов.
Алайда, шымкенттік шенеуніктер бәрін кеше естігендей, түк білмегендей сыңай танытып отырған сияқты.
«Ария-Жаңа Астана» серіктестігі көпшілікке бұған дейін ақпарат құралдары арқылы жақсы таныс. Аталған компания Бауыржан Байбектің тұсында Алматы қаласында көптеген нысандардың құрылысын жүргізген.
Мәселен, Orda.kz порталы биыл компанияның Алматыдағы «Инновациялық технологиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына кәріз жүйесін жүргізіп, 5 миллиард теңгені босқа рәсуа еткенін жазған екен. Осы ақпараттарға қарағанда, «Ария-Жаңа Астана» компаниясы 2016-2021 жылдар аралығында 36 миллиард теңгеден астам соманың тендерін ұтып алған. Оған тапсырыс берген мекемелердің қатарында Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Ақмола облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, Алматы жайлы қалалық орта басқармасы аталады. Көп жағдайда әкімдіктер конкурсты өткізу барысында аталған компанияға артықшылықтар берген. «Ария-Жаңа Астана» серіктестігі «Алматы арена» сияқты ірі нысандардың да құрылысын жүргізген. Бір қызығы, бюджеттен миллиардтап тендер алатын компанияның қарызы бастан асып кеткен.
Inbusiness.kz порталының жазуынша, «Ария-Жаңа Астанадан» тиесілі қаражатын ала алмай жүрген компаниялардың ұзын-саны жүзге жуықтаған. Осыған байланысты 100-ден астам сот процестері өткен. Тіпті серіктестіктің басшыларына сол үшін шетелге шығуға тыйым салынған. Кәсіпкерлер осы жөнінде уақтысында Ақордаға, Президентке де арыз-шағым жазған екен. Алайда «Ария-Жаңа Астана» компаниясына келгенде құзырлы органдардың өздері де қауқарсыз болып шыққан. Кейбір деректерге қарағанда, компанияның Алматыдағы қолдаушысы Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек болған сияқты. Ал Шымкенттегі қолдаушысы кім? Үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов пе?
«Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты мынандай қызықты фактіге кез болдық. Былтыр мамырда Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария-Жаңа Астана» компаниясының үстінен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық төлемін өндіру туралы талап арызын берген. Шенеуніктер мұндай әрекетке мердігер мойынына алған міндетін орындамаған кезде барады. Бұл, тіпті, мемлекеттік қызметкерлерге жүктелген міндет. Егер оны орындамаса, тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін. Алайда басқарманың басшысы Е.Жолдасов берген талап арызын көп ұзамай қайтарып алған. Шымкент қаласының экономикалық соты 2021 жылдың 20 тамызында талап арыздың қайтарылып алуына байланысты «Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты істі қараусыз қалдыру жөнінде ұйғарым шығарады. Берілген талап арыз неге қайтарып алынды? Әлде бұған жоғарыдағы біреулер ықпал етті ме? Не де болса аталған басқарманың басшысы Е.Жолдасов, оның орынбасары М.Байымбетов біраз сырды біледі. Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істің ақыры қаланың әкімі Мұрат Әйтенов пен оның орынбасары Мақсұт Исаховтың карьерасына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.
«Рейтинг» газеті, сәуір, 2022 ж.