Мейірімді жандардың арқасында Альмираға Оңтүстік Кореяда ота жасалады
Мейірімді жандардың арқасында Альмираға Оңтүстік Кореяда ота жасалады
Атыраулық бүлдіршін Альмира Рысмағамбетоваға қайырымды жандардың арқасында шетелде операция жасалатын болды. Туабітті мүгедек қыз қазір сегіз жасқа толғанымен көпшіліктен оқшауланып, жалғызсырап жүр. Өйткені ел қатарлы мектепке барып, қатарластарымен ойнап-күле алмайды, дейді BAQ.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Ал операция жасатуға қол қысқа. Енді демеушілердің көмегімен кішкентай Альмираның арманы орындалмақ.
Көпшілікпен араласпаған соң сегіз жастағы қыз бала әбден жалғызсырап қалған. Үйде тек өзінің інісін ойнатып, анасына аздап қолғабыс көрсетіп жүр.
Альмираның туабітті таңдайы жоқ. Осының салдарынан ауыз қуысы дұрыс бітпеген. Бұл кемістік сөйлеуге де, тіпті күлуге де мүмкіндік бермейді.
"Ол оқығысы келеді. Мен бірнеше рет мектепке беруге тырыстым, бірақ екі-үш күн өтпей-ақ қызым бас тартады. Өйткені сыныптастары келеке қылады екен. Бәрі – бала, оларға қалай түсіндірерсің... Қазір өзімше оқытуға тырысып жатырмын. Бірақ одан не болады?!" - дейді Альмираның анасы Альбина Рысмағамбетова.
Альмираның анасы балаларына қарайтын адам жоқ болғандықтан, жұмысқа да шыға алмай отыр. Кемістігі бар баланы көрші-көлемге сеніп тапсырып кету де қиын.
Альмираны шетелде емдетуге қаржы бөлетін жандар да табылған болатын. Енді келесі айда оған Оңтүстік Кореяның таңдаулы ауруханаларының бірінде тегін операция жасалатын болады. Қайырымды адамдар бірігіп, бұл отбасы балаларына таңдаған киім-кешектерін тарту етті."Шетелдік емхана дәл осындай диагнозға операция жасауға келісім берді. Енді Альмираның шетелге шығатын төлқұжаттарын әзірлеп жатырмыз. Бұйыртса, келесі аптада жақында жолға шығамыз" - дейді Туристік компания директоры Роза Бекенова.
Осындай үлкен сапарға жиналып жатқан Альмираның қуанышында шек жоқ. Әр күнін санап, дәрігерлердің көмегін асыға күтіп отыр. Ал әзірге уақытын сурет салумен өткізуге мәжбүр. Ол өзі армандаған мектеп, мұғалімдер мен оқушылардың бейнесін салуға қатты құштар.
Операция сәтті өтсе, кішкентай бүлдіршіннің үлкен арманы орындалар күн тумақ.
Мейірімді жандардық жақсылығы шқашан ұмытылмақ емес. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылордадағы өкілдігі ерекше жәрмеңке өткізді. Мекеме қызметкерлері өздері дайындаған түрлі бұйымдар мен дәмді тағамдарды саудалады, дейді 24-ші арна.
«Жүрегім толы мейірім» атты акциядан түскен қаржы денсаулығында туабітті ақауы бар науқас балалардың еміне жұмсалды. Қайырымдылық шарасы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталығында жалғасты. Мұндағы бүлдіршіндерге Халыққа қызмет көрсету орталығы атынан түрлі ойыншықтар мен спорттық жабдықтар сыйға берілді. Ал балғындар өз кезегінде мейірімді қонақтарға арнап, шағын концерттік бағдарлама қойып, алғыстарын жеткізді.
"Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының ұжымы тек қана бүгінгі күнмен ғана шектелмей, бұған дейінгі көп іс-шараларға, түрлі балаларды қорғау күніне, басқа да көптеген іс-шараларға қатысып, балаларымызға үнемі жақсы көңіл-күй сыйлап, қолдау көрсетеді. Бұл олардың өмірге деген қызығушылықтарын арттырып отырады" - дейді Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы директорының орынбасары Күміскүл Жомартова.