Дубайда «Шаңырақ» театрының қойылымын көрген төрешілер көздеріне жас алды

Дубайда «Шаңырақ» театрының қойылымын көрген төрешілер көздеріне жас алды

Дубайда «Шаңырақ» театрының қойылымын көрген төрешілер көздеріне жас алды
ашық дереккөзі
Жуықта Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерінен құралған «Шаңырақ» театры мен «Дала сазы» оркестрі Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында «Dubai music and dance festival» атты халықаралық байқауға қатысып қайтты. 500-ге жуық өнерпаз қатысқан сайыста ЕҰУ студенттері «Театр» және «Аспапта орындау» номинациялары бойынша екі бірдей Бас жүлдеге ие болды. Осыған орай «Театр» аталымы бойынша «Үміт үзбе» қойылымының басты рөлінде ойнаған, Журналистика және саясаттану факультетінің студенті Әлиев Қадырмен сұхбаттасқан едік. – “Dubai music and dance festival” сайысынан бас жүлде алып келген екенсіздер. Құтты болсын! Дубай сахнасында қандай қойылым қойдыңыздар? – Байқауда “Үміт үзбе” қойылымын қойдық. Қойылымға арқау болған тақырып - екі жастың махаббаты. 15 минут ішінде махабаттың ащысы мен тәттісін, екі жас арасындағы ыстық сезім мен сенім, түрлі эмоцияларды көрсету қажет болды. – Байқауға қатысқан өзге театрлардан қандай ерекшеліктеріңіз болды? – «Үміт үзбе» қойылымының басты ерекшелігі – бастан-аяқ ешбір сөзсіз, тек іс-қимыл, әрекет, би арқылы барлық ойды жеткізу. Бұл – рөлде ойнаған жастар үшін оңай болған жоқ. Үлкен жауапкершілікті талап етті. Сондай-ақ  Қазақстанда нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында студенттік театрлар арасында тәжірбиесі көбі - “Шаңырақ” театры десем артық болмас. Студент жастардың театры болғанына қарамастан, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлделі орын алып, әлем сахналарында өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинақтап қалған. Жалпы театрдың репертуарында 16 спектакль бар. – Қойылымды аудитория қалай қабылдады? – Дайындық барысында 200% күш салып жұмыс істесең, сахнада өнер көрсеткенде жемісін көреді екенсің. “Үміт үзбе” қойылымы аудиторияға жағымды әсер қалдырды деп анық айта аламын. Себебі қойылым соңында байқағаным - әділқазы алқалары көздеріне жас алып отыр екен. Махаббат сезімінің құдіретін сезінгендей көрінді маған. Меніңше, аудиторияға өтімді болу үшін алдымен біз сол қойылымды барынша денеміздің әр бөлшегінен өткізіп, жан-тәнімізбен сезініп ойнадық. Солай халыққа өтімді дүние шығады деп ойлаймын. – Бас жүлде алғанда қандай сезімде болдыңыз? – Бас жүлде деп жариялаған кезде арқамнан үлкен жүк түскендей болды. Себебі «Шаңырақтың» атынан ғана емес Қазақ елінің атынан өнер көрсеткен соң үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол жауапкершілікті, сенімді ақтай алғаныма қуандым. Кубокты алған сәтте «біздің қолымыздан келді» деп ойладық. Көзге жас алғандарда жоқ емес. Себебі, дайындық кезінде біраз қиындық болды. Мәселен, дайындық барысында рөлімді ойдағыдай алып шығу үшін іздендім, театрда жүрген ағаларымнан кеңес алдым. Менімен жеке жұмыс жасап, бағыт-бағдар берген ағаларыма шын жүректен алғыс айтамын. – Қадыр мырза, алдағы уақытта сізге және «Шаңырақ» театрына шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан

Аружан Даиргелденова