Жаңалықтар

5 адамды өлтірген Дужнов өзін кінәлі санап отырған жоқ

ашық дереккөзі

5 адамды өлтірген Дужнов өзін кінәлі санап отырған жоқ

Атышулы алматылық Игорь Дужнов сот отырысында 5 адамды қасақана өлтіргенін мойындамайтынын айтты деп хабарлады turkystan.kz. Ол сот барысында үйінің аумағына заңсыз кірген адамдардан отбасын қорғау үшін әрекет еткенін мәлімдеді. Оған қоса, адам шошырлық оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Дужновтың сөзінше, ол банктен кредит алып, отбасы құны кредит сомасынан 3 есе көп коммерциялық жылжымайтын мүлік пен үйді кепілге қойған. Кредит төлеу мүмкіндігі болмағандықтан банк кепіл мүлкін сатуға шешім қабылдаған. «Алайда банк алаяқтық жасады. Коммерциялық нысанды өзі белгілеген, нарықтан әлдеқайда арзан бағада сатуға шығарды да өзі сатып алды. Біз одан кейін де банкке қарыз болып қалдық. Сосын банк біздің үйімізді де тартып алды», - деді Дужнов. Айыпталушының айтуынша, ол іс әділ шешілуі үшін прокуратура мен Президент әкімшілігіне жүгініпті. Дегенмен қайыр болмаған. Ақырында іс ушыққан. Оның қолына қару алуына жеке сот орындаушысының, полиция және үйдің жаңа иесінің үй аумағына кіруі қатты әсер етіпті. «Ыңғайланып тұрып, үйге кіргендерге «қабырғаға қараңдар» дедім. Үйге басакөктеп кіруге қатысы жоқ адамдарға, атап айтқанда заңгер мен қамқоршылықтан келген әйелге шетке тұруға мүмкіндік бердім. Олар тыныш шығып кетті. Басып кірген топты атқаннан кейін көшеде көмекке келетін полицейлер тұрғанын түсіндім. Жауынгерлік әрекетке бармауы үшін көлікке қарай бір оқ аттым. Оларды өлтіру мақсат болмады, олар менің үйімнің сыртында тұрды. Мен өзімді кінәлі санамаймын. Кінәсіз екенімнің дәлелін жарыссөзде мен және менің адвокаттарым айтады», - деді Игорь Дужнов. Еске сала кетсек, бұған дейін Игорь Дужнов жауап беру кезінде Донбасстағы соғысқа қатысқанын растаған болатын.