Әуезовтанудағы көкейкесті мәселелер
Әуезовтанудағы көкейкесті мәселелер
Сөз өнеріне өзгеше өрнек салған кемеңгер жазушы, қазақ поэзиясының пайғамбары – Абай есімін жұртына танытқан, әлемге таныстырған, өзінің кемелдену жолында ізденіп, тұлғалы қалыптығы мен ұлт мерейін өсірген Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады.
Бөрілі қыстауының маңындағы Аяққарағанда туған нәресте түркі әлемінен асып, сырт дүниеге маңдайы жарқыраған тұлға болып жаралған екен. Мұхтар Әуезовтің қазақ руханиятының асыл текті шамшырағы екенін күллі дүние түгел таныды. Бұл қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін де асқан абырой.
Мұхтар Әуезов өзі пір тұтқан рухани ұстазы Абай Құнанбайұлы туралы «Ақындықтың әбілхаят суын ішкен, өлімді жеңген, мәңгі тірлік тапқан Абай» деп баға беріп, құрметі мен сүйінішін көзі тірісінде ұлттық жадқа сіңіруге тырысып, әйгілеп кеткен еді. Абайтану ғылымының негізін салған Мұхтар Омарханұлы бұл сөзімен Абайдың хакімдігімен қатар, оның қазақ халқының дүниежүзілік өркениетке үкілеп қосар үлесін де дөп танып, өнер мен әдебиеттегі құнарын білдіріп, тұтас елдің рухани өрлеу жолы «Абай жолы» екенін әйгілі роман-эпопеясы арқылы паш етті. Бір ғұмырдың еншісіне осыншалық алып шаруа тиесілі болыпты. Оның шапағатын бүгінгі қазақ ғылымы мен әдебиеті көріп отырғаны белгілі.
«О, ғажап! Университет аудиториясына Ұлылық кіріп келе жатты» деп толғанған екен Зейнолла Қабдолов Әуезовтің лекцияларына жасырын барып тыңдап жүргенінде. Ал сол ұлы тұлғаның өмірі үнемі бақылауда болды.
1920 жылдың 1 қыркүйегінде Семей губревкомының төрағасы Большаковтың бұйрығымен Әуезов өз ұлтының қамын ғана ойлаған ұлтшылдығы үшін тұтқынға алынады. Әуезовті қуғындау осылай басталған. Небәрі 23 жасында түрменің дәмін татып, одан кейін өмір бойына соңына түскен аңду, лекцияларын білдіртпей стенограммаға түсіру, әр сөзін қалт жібермей қатаң цензурадан өткізу, талантты талқыға салу, міне жазушының кемеңгерлік жолындағы өмірінің шынайы көрінісі осы еді. «...Өлтіреді бізді! Тек сен тірі қал, халыққа сен керексің, сен!» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ағалық аманаты Мұхтарды қазақ үшін сақтап қалды.
Абайдың ұстаздық құдіретін көркем әдебиетте сомдаған «Ақын аға» романы қыңыр саясаттың салдарынан жарыққа шықпай жатып жөргегінде тұншықты. Бір таңғаларлығы кезінде аяусыз тәркіленген романмен қауышуға оқырман қауым жарты ғасырдай уақыт дәрменсіз болып келді. Тек араға жылдар салып, тағдыры тәлкекке түскен «Ақын аға» жазушының 50 томдығына еніп, көзайым болған оқырманымен қайта қауышты.
Қазіргі зерттеушілер 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы», 1950 жылы «Ақын аға» деген атпен жеке кітап болып шыққан туындылар арасындағы айырмашылықты ден қоя зерттеу керек. Себебі соцреализм салдарынан жазушы тартқан мехнат, астарлы ой тереңдерге жетелейді. «Ақын ағаның» бар кінәсі Абайдың ұстаздық құдіретін паш етті, ақын шәкірттерін шындыққа жанасымды бейнеледі. «Ақын аға» тәркіленгенмен, эпопеяның аяқсыз қалуы М.Әуезов үшін де, қазақ әдебиеті үшін де үлкен қасірет еді. Әуезовке тағы амалдауға, саясаттың ыңғайына көнуге тура келді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея – Абайдың ақындық мектебі көмескіленіп қалды.
Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды. Әсіресе, Көкбай бейнесі қатты зардап шекті. Сөзіміз дәлелді шығу үшін қос нұсқаны қолға алайық. Романның басындағы төрттік жырды төрт ақын боп айтатын жарыс үлгісін ұсынатын Көкбайдың орнына кейінгі нұсқада Ақылбай аталса, «Ақын ағада» «Еңлік-Кебек» жырына таласқан Дәрмен мен Шұбарға билік айтушы Көкбай кейінгі нұсқада Ерболмен алмастырылған. Дәрменнен Еңлік жыры сенікі деп, сүйінші сұрайтын да Көкбай болмай Мағаш болып өзгерген. Тізе берсек, осындай ауыстырулар жетерлік.
Тарихи шындықты осылайша саяси қалыптан аса алмаған, көнбіс көркемдік шындық өз ырқына салды. Базаралы большевиктің сөзін «сөйледі». Абай Абылай туралы басқаша «толғады». Осының бәрі романды аман алып қалу үшін жасалған жазушының жантәсілім амалдары еді. Абайды әлемге таныту үшін Құнанбайды ғана емес, романда аты аталмай кеткен Шәкәрім, Турағұл сияқты Абайдың туыс-балаларын да құрбандыққа шалды. «Ақын аға» романында Абай мектебі деген негізгі идеяның салмағын Көкбайға қарай аударып амалдаған Әуезовтің жанкешті жоспары да іске аспай қалды. Ақыры Абайдың ең жақын досы, ақын шәкірті Көкбай да жағымсыз кейіпкердің шапанын жамылып шыға келді.
Құнанбайды тарихи тұлға ретінде сомдаса, эпопеяның алғашқы кітабымен қауышпас едік десек, Шәкәрім, Көкбайларды құрбандыққа шала отырып, Әуезов «Абай жолын» абыроймен аяқтап шықты. Қиыспас жерінің қисынын келтірді, айтылмайтын тұстан амалдап жол тапты, әйтеуір кеңестік идеологияның қайраулы қылышы кеңірдектен алып тұрған кезеңде ұлттың тарихы мен болашағын жалғастыратын ең таңдаулы туындыны дүниеге әкеле алды. Бұл – жазушының қаһармандығы. Ал осы эпопеяда Әуезов нені айта алмай кетті, нені меңзеді, астарлы ойы нені аңғартады деген мәселенің түйінін шешу – бүгінгінің еншісінде. Зерттеуші қауым әлі де осы бір тағдыры ауыр туындыға қалам батырудан тартыншақтай береді.
«Жазушы мұрасын зерттеп, танып, білуде кезек күттірмес аса ділгір мәселенің бірі – М.Әуезовтің әдеби ортасы мен айналасына келіп тіреледі. Өйткені кемеңгер жазушының өмір жолында кездескен, тікелей немесе жанама түрде араласқан сан қилы тағдырлы тарихи тұлғалар мен оның семейлік, орынборлық, ташкенттік, мәскеулік, санкт-петербургтік, алматылық нақтылы әдеби ортасы болғанына ешкім де күмән келтірмесе керек-ті», – деген көрнекті ғалым М.Мырзахметұлының тұжырымы өте өзекті. Мұхтардың тағдыры – тағылым мектебі. Алайда Әуезовтің әдеби ортасы, айналасы туралы қалам тартып жүргендер некен-саяқ.
Әуезовтің ғылыми өмірбаяны әлі жазылған жоқ. Ұлы жазушының шығармашылығын, өмірін, бүкіл ғұмырын тың деректермен толықтыра отырып қайта жазу қажет. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің Мәскеу ауруханасындағы жұмбақ өлімінің астарын әлі де арши түсу керек.
З.Қабдоловтың «Менің Әуезовімде» мынадай бір дерек бар: «Ленинград көшесінде кездескен бір құшынаш кемпір Мұхтардың алақанына үңіліп... – денеңе үш рет пышақ тиеді. Ажалың пышақтан болады». Әуезов әлемін бүге-шігесіне дейін жақсы білетін Қабдолов нені айтқысы келді, нені меңзеді екен? Бұл детальді жазушы бекер қолданбағаны да аян.
«Осыдан 20 жыл бұрын Мұхаңды түсімде көрдім. Ол кісі бізге, бір топ жазушыға қарап: «Жігіттер, мен өлген жоқпын, мені өлтірді ғой» деп мұңайып тұр. Түсімді біразға дейін ұмыта алмай жүрдім. Жалпы, ол кісінің өлімі төңірегінде біраз құпия бар. Кремль саясаткерлері әлемге әйгілі тұлғаның қажеті жоқ деп есептеді ме екен, кім білсін...» деп сыр тарқатқан жазушы Дулат Исабековтің пікірінің астарында да бір құпия жасырынғандай.
Мұхтар Омарханұлы дүниеден өтерінен екі күн бұрын жазған хатында былай дейді: «...очень-очень сожалею, что я в прошлом году не смог воспользоваться добрыми дружескими приглашениями коллектива мясокомбината и общественности поехать на открытие надгробия Абая. Но поправлюсь от болезни, эту поездку совершу обязательно». Жазушы аурудан айығатынына сеніммен қараған, үміт еткен. Әрине, бұл адамның қолымен жасалған қастандық па, жоқ Алланың қалауымен болған өлім бе, осы арасы әлі де жұмбақ-ты. Әуезовті тану ісінде осы іспеттес дүдәмал мәселелер әлі де баршылық. Ал олардың ақиқатына аршу баршамыздың ортақ парызымыз деп түсінуіміз керек.
Ұлттың асылына балап, әр шыққан сапарында Әуезовін тастамайтын Шыңғыс Айтматов, «Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз» деп таң-тамаша болған неміс жазушысы Альфред Курелла, «Шынында, бұл қазақтар неткен ғажайып халық! Осы кереметтік «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!» деп ағынан жарылған камерундық Бенжамен Матип пікірлерін кейінгі буынға айтудан жалықпауымыз керек. Қазіргі ақпарат ағыны белең алған қоғамда көркем шығарма оқитын жастар сиреп барады. Жасыратыны жоқ, «Абай жолын» оқымай, мемлекеттік емтихан тапсыруға келетін студенттер де бар. Сонда Абаймен сусындап, Әуезовті тұшынбаса келер ұрпаққа не тәрбие бермек? Әуезовті тану ісін осылайша әркім өзінен бастау керек деп ойлаймын.
Абайтанудың іргесін көтеріп, қабырғасын қатайтқан, шығармашылығы сан қырлы кемеңгер тұлғаны тануға қатысты атқарылар істер әлі түгесілген жоқ. Әуезовтанудың көсегесін көгертпей, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес екенін еске салғым келеді.
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор