Ақылы байқау ақылды бала қалыптастыруға негіз бола ала ма?
Ақылы байқау ақылды бала қалыптастыруға негіз бола ала ма?
Ізденіс жолына түскен, мектеп жасындағы оқушы үшін өз қабілет-қарымын көрсететін әрбір мүмкіндік алаңы маңызды. Ол мектепішілік өнер сайыстары немесе аудандық, облыстық байқаулар болуы мүмкін. Тіпті, «республикалық» деген статусы бар кез келген конкурстың сертификаты мен марапаты жетістікке ұмтылған жасөспірім үшін аса өзекті екені сөзсіз. Сол үшін де мектеп оқушылары конкурс, олимпиада атаулыға жарыса қатысып жатады.
Дегенмен «саны көп, сапасы жоқ», 300, 500, 1 000 теңге болса да баланың қалтасын қағуды мақсат тұтатын байқаулардың бар екені жасырын емес. Жай ғана бар емес, олар өте көп. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, ондай олимпиадалар білімнің құнын түсіріп, баланың ұмтылысына, ынта-жігеріне кері әсер етеді. Олай деу себебіміз, ол ақылы байқауларда нақты бір құрылған алгоритм жоқ. Мысалы, 1-орын жеңімпазы біреу емес, бірнеше болып шығып, алғашқы 2, 3-орынды да 10-20 шақты қатысушы қатарынан иеленіп жатуы ғажап емес. Одан бөлек, ақпарат құпиялылығының сақталмауы. Өйткені ақысы төленген соң байқау сұрақтары қолға беріледі. Сол арқылы бала парақтағы тапсырмаларды ағайын-туыс, ата-анасының жанында отырып та оңай орындап тастай алады. Бұлардың барлығы – оқушының білім көрсеткіштерін нақты бағалау критерийіне қарама-қайшы келіп, пәндік олимпиада мәртебесін төмендететін факторлар.
Сондай-ақ министр білім ордаларында ақылы олимпиада өткізілмеуі керек деген талап қойылғанын қадап айтқан еді. Ал оған баланың өзі қатысуға ниетті болса, ол процесс мектептен, мұғалімдерден тыс жүргізуге тиіс. Оған шектеу жоқ. Бұл – әр адамның жеке таңдауы екенін алға тартқан министр тағы бір жайтты жіті бақылауда ұстау керегін ескерткен.
«Бірақ мектеп ұйымдастырып, олар ақылы олимпиадаға қатыс деп мәжбүрлесе, бұл басқа мәселе болып саналады. Қазір біз ақысыз олимпиадалардың санын көбейтіп жатырмыз. Ондай олимпиадалар көп болуы керек. Бұл – балалар үшін маңызды. Біріншіден, ол ашық, адал болуы керек. Екіншіден, баланың білімін анықтайтын олимпиада болуы керек» деп ескерткен Асхат Аймағамбетов.
Дәл осы тұста «қазіргі орта және жоғары білім беру саласында «Республикалық, халықаралық деңгейдегі деген титулды иеленіп алып, ақылы-тегіні бар, сапалы-сапасызы бар, санына жетіп болмайтын конкурстар мен байқауларды бақылап, сараптап отыратын орган бар ма?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Сол байқаулардың ең басты қатысушылары оқушылар мен оқытушылар, ал қамтитын аумағы мектеп аудиториясы болғандықтан, Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Марат Сүлейменовке көтерген мәселеге қатысты бірнеше сауал жолдаған едік.
Марат Сүлейменов,
Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:
Артықшылық берілген олимпиадалар бар
– Жеке қоғамдық ұйымдар Білім және ғылым министрлігіне бағынысты болмаған соң, олар қандай да бір конкурстар өткізетін болса, оны тексеруге, жұмысын үйлестіруге министрліктің құзыреті жоқ. Жеке ұйымдар кәсіпкерлік қызмет субъектілері болғандықтан, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жұмыс атқарады. Сондай-ақ осы бұйрықпен бекітілген олимпиадалар мен жарыстар тегін өткізіледі.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар, кәсіби шеберлік конкурстары және спорттық жарыстардың ішінде ресми түрде рұқсат етілгендері Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығында көрсетілген.
Сондай-ақ барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында министрлік өткізетін барлық олимпиада мен жарыс «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының daryn.kz сайтында жарияланады, оған кез келген адам кіріп көре алады.
«Ал ол байқаулар талапкерлерге қандай ықпал етеді?» деген сұраққа келсек, «Білім туралы» Қазақстанның 2007 жылғы 27 шілдедегі заңына сәйкес, бiлiм беру гранттарын алу конкурсы кезiнде түлектердің 8 ұпайлары тең болған жағдайда, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), халықаралық, республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңiмпаздардың, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтары бойынша олимпиада жеңiмпаздарының артықшылықты құқығы бар.
«Бізде оқушылардан ақша жиналмайды»
БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің жауабын алып болған соң бұл байқау, олимпиадаларға қатысу мектептердің өзінде қалай жүзеге асады екен деген ойға қалдық. Астаналық мектептердің осы салаға жауапты мамандарын сөзге тартқан едік. Ең бірінші BINOM Ұлы дала мектебінің бейіндік оқыту жөніндегі директордың орынбасары Самал Жәдігерқызынан мектеп оқушылары жиі қатысатын республикалық немесе халықаралық олимпиадалар туралы сұрадық. Оның сөзінше, балалар қатысатын байқаулардың ең негізгілері — «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен ұйымдастырылатын тегін, мектептен бастап, кейін қалалық, аудандық, республикалық, халықаралық деңгейде өтетін байқаулар мен жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар.
Әлбетте, мектеп оқушылары үшін әрбір марапат, мадақтың орны ерекше ыстық болатыны сөзсіз. Ал сол барын салып, жанын салып қатысқан олимпиадалардан алған диплом-сертификаттардың нақты қандай пайдасы болады?! БҒМ жолдаған сауалымызға қатысты Самал ханымның да жауабын естігіміз келді.
Оның айтуынша, биылғы жылы министрліктің бекітіп жатқан халықаралық деңгейдегі олимпиададан оқушы орын алса, әр медальға ақшалай түрде сыйақы беріледі деген қаулысы мотивация беретін жаңалық болып тұр. Осылайша, оқушылар ауқымды деңгейдегі конкурс-олимпиадаларға қатысуға тырысатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз және жүлдегер болған оқушыларға бір реттік ақшалай сыйақы беруді тапсырған болатын.
Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес, конкурсқа қатыспай-ақ гранттар беру, сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы беріледі деп жоспарланып отыр. Атап айтсақ, алтын медаль үшін – 4,5 млн, күміс медальға –3 млн, қола медальға 1,5 млн ұсынылмақ. Сонымен бірге жүлдегерлерді дайындаған педагогтерді қолдау мақсатында 450-150 мың көлемінде сыйақы беріледі.