Түркі мемлекеттері ұйымының 2-диаспора форумы өтті
Түркі мемлекеттері ұйымының 2-диаспора форумы өтті
Түбі бір түркі халықтарын тарих қана емес, бүгінгі күн де біріктіреді. Бұлай дейтін себебіміз, ертеректе бірге сыннан сүрінбей өтіп, қазіргі қоғамда өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер арасында достық байланыс берік орнаған. Бұлай нақты айтуымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені күні кеше 28-30 наурыз аралығында Түркі мемлекеттері ұйымы диаспорасының екінші форумы өтті. Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдар басшылығы ұйымдастыруымен Түркияның Бурса қаласында жыл сайын форумға 12 елден 70 қатысушы жиналды.
Осылайша, түркі халықтарының өкілдерін бір арнаға тоғыстырған тарихи іс-шара өтті.
Халықаралық деңгейдегі жиынға Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі – Шетелдегі түркілер және туысқан қауымдастықтар төрағасы (YTB), TDT мүше мемлекеттердің диаспорасына жауапты мекеме басшылары, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аталмыш форумға Қазақстан атынан арнайы делегация қатысты. Оның құрамында «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері және кәсіпкер Сырымбек Тау, Қырғыз Республикасы үкіметтік емес ұйымдардың өкілі Гиулшат Асылбаева, Швециядан үкіметтік емес ұйымдардың өкілі Мұрат Ерміш бар.
Бұл үлкен жиында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы және Түрікменстанның диаспора басшылары сөз сөйлейді.
Түркі мемлекеттері ұйымының 2-диаспора форумы диаспора саласындағы маңызды оқиғалардың бірі екенін ескерсек, бұл тақырып Түркиядағы этникалық қазақтарға да тікелей қатысты. Себебі Қазақстанның делегация құрамындағы «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасовтың айтуынша, Түркияға 70 жыл бұрын қоныс аударған қазақ диаспорасының саны бүгінде шамамен 20 мың адамнан асқан. Ал олардың көп бөлігі – тілін ұмытып, этникалық бірегейлігінен алыстап бара жатқан жас буын өкілдері екенін атап өтті. Сондай-ақ қоғамның ұйымдастыруымен қазақ тілі курстарының ұйымдастырылып жатқанын алға тартып, «Бірақ екінші тараптан қызығушылық жоғары деп айта алмаймыз, – деп алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар вице-президент тарих дөңгелегінде соғыс, көтеріліс, қуғын-сүргін, ұлттық-азаттық қозғалыстар сияқты түрлі саяси себептер мен діни негізде қудалау, мешіттерді бұзу тәрізді оқиғаларға байланысты күштеп немесе мәжбүрлі қоныс аудару нәтижесінде қалыптасқан қазақ халқының этникалық бөлігі туралы деректер келтіріп, форум аясында төмендегідей бірқатар ұсыныс білдірді:
– Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасында түркі халықтарының киелі мұралар тізбегін жасауды және оларды зерттеп, ұстап тұру мәселелері бойынша бірі-біріне қолдау көрсету туралы жоба жасақтауды;
– түркі халықтарының ұлы тұлғаларына ең жоғары денгейде құрмет көрсетіліп, арнайы мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды;
– түркітектес халықтардың дамуына сүбелі үлес қосқан, түркі мәдениеті мен өркениетін, ғылымы мен ілімін күллі әлемге танытқан тарихи тұлғалардың жан-жақты зерттелген, ортақ келісілген тізімін әзірлеуді;
– Түркия елінің Қазақстанда жұмыс істейтін ірі компанияларының құрамына Түркияның азаматы саналатын ұлты қазақ мамандар тартылса деген ұсыныстар айтып, Мұндай жобалар біздің бірлігімізді, туысқандық ынтымағымызды арттыра түсетініне сенімдімін» деген ойын алға тартты Мағауия Сарбасов.
Сөз соңында ол кезінде қазақтардың Түркияда орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған Түрік мемлекеті мен халқына ризашылығын білдіріп, «Отандастар қорының» алдағы уақытта да шетелдердегі отандастар және туысқан қоғамдастықтармен жұмыс істеу басқармасымен және Түркі мемлекеттер ұйымындағы барша әріптеспен тәжірибе алмасуға әрқашан ашық екенін жеткізді.
Қазақстан делегациясы құрамында болған тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Отандастар қоры» кеңесшісі И.Қобландин алғашқы отырыста жасаған баяндамасында:
– Кездесудегі маңызды мәселелердің бірі – түркітілдес диаспоралармен ынтымақтастық және өзара іс-қимылды нығайту бойынша пікірлер мен идеялар алмасу, жұмысты үйлестіру мүмкіндіктерін талқылау мәселелері болашақта Түркі әлемі дамуының негізгі факторларының бірі бола алады деп сенемін, – деді.
Форумнан кейін қатысушылар Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы жүзеге асырған Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанның диаспора мекемелері арасында тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысты.
Әсем ҚҰЛМАНОВА