Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВ: Елорда әуежайы аэрополиске айналуға тиіс

Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВ: Елорда әуежайы аэрополиске айналуға тиіс

Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВ: Елорда әуежайы аэрополиске айналуға тиіс
ашық дереккөзі
Қаңтар оқиғасы кезінде белгілі бір топтың Алматы әуежайын басып алуы, кейбір об­лыс­тарда да әуежайға шабуыл жасалуы ел ара­сын­да үрей туғызды. «Стратегиялық нысанды оп-оңай қалай басып алады?» деген ой әр­кімнің де басында болғаны анық. Біздің «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратовпен әңгімеміз осы мәселеден басталды. Әуежайды әскер қорғауы керек – Ғабит Қалиұлы, қаңтар оқиғасы мем­ле­кетіміздің талмау тұстарын көр­сетіп берді. Со­ның бірі – әуежай. Ал­ма­ты әуежайында бол­­­ған жағдай баршаға бел­гілі. Ал елор­да­мыз­да­ғы бас әуе­жайы­мызда сол күндерде не бол­ды? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ар­найы мәлімдеме жасап, елімізде лаң­кестік қауіп-қа­тердің «қызыл деңгейін» жария­лағаннан кейін әуе­жайдың барлық қыз­меті, соның ішінде авиа­циялық қауіп­сіз­дік қызметі күшейтілген жұ­мыс режиміне кө­шірілді. Біздің адамдарымыз қолдарына ақ шүберек байлап алып, бірнеше күн бойы әуе­жай­ды күзетті. Ақ шүберекті бір-бірімізді оңай тану үшін байлап алдық. Дереу жедел штаб құрылып, әуе­жайда орналасқан барлық құқық қорғау орган­дары, сондай-ақ әуежай қор­ғанысын күшейту үшін арнайы жіберіл­ген әскери бөлімдер мен құзырлы ме­кемелер өкілдері тізе қосып іске кірісті. Әуежай­дың әрбір кіреберісі мен шығысында терминалға кір­ген әрбір адамды мұқият тексеру үшін бірін­ші бақылау желісі орнатылды. Дегенмен еш­қандай шек­теу енгізілген жоқ, әуежай қа­лыпты режимде жұ­мыс істеді.  width= – Күдік туғызатындай дүниелер бол­ды ма? – Әрине, мұндай кезде әрбір оғаш қылық көр­сеткен, тосын мінез танытқан адамға, топ­қа күдікпен қарайсың ғой. Бірақ Құдайға шү­кір, қауіпті жағдай болған жоқ. Дегенмен Ал­матыдағы оқиға көп нәрсенің бетін ашып бер­ді. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі қа­шан­да осындай оқиғаларға дайын болу керек. Рейс азайса да кіріс көбейді – Сіз мұнда пандемия басталардың ал­дында ғана басшы болып келіпсіз. Жал­пы, індеттен кейін көп кәсі­п­орын­ның сазға отырып қалғаны белгілі. Не­месе жұмысымыз жүрмей жатса, пан­демияға сілтей салатын болдық. Сіз­дерде жағдай қалай? – Әрине, бәрін пандемияға сілтеп, мың сыл­тау айту – ең оңай іс. Бірақ кез келген ты­ғы­рықтың жаңа мүмкіндіктерге жол аша­ты­нын да ұмытпаған абзал. Мысалы, пандемия ке­зін­де біз барлық жұмыс орнын сақтап қа­на қоймай, айлық жалақыны да біршама өсір­дік. – Қалай? – Бәрін басынан бастап айтайын. Мен 2019 жылғы 28 желтоқсанда басқарма тө­ра­ға­сы боп жұмысқа кірістім. 2020 жыл бас­та­лы­сымен күшті боран болып, жұмысымызға біраз кедергі келтірді. Содан кейін пандемия бас­талды. Жағдай қиын болатын, өйткені ін­дет туралы мәліметіміз өте аз еді. 500 мил­лион теңге қаржы бөліп, бұл қаражатқа қол­ғап, бетперде, дезинфекция құралдарын, ин­­­фекциядан қорғайтын комбинезон сатып алдық. Жолаушының дене температурасын қа­шықтан лезде «оқитын» тепловизорлар ор­наттық. Ухань қаласынан келген эваку­ция­ланған қазақстандықтарды қарсы ал­дық. Медициналық орталықтармен тізе қо­сып жұмыс істедік. Кейін әуежай толық жа­­­былды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағ­дай. Басында не істерімізді білмей дағдарып қалдық. Бізде 2 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың отбасы, бала-шағасы бар. Кө­бі несие алған, оны төлеуі керек. Басында айлық жалақысын жартылай төлеп, үйіне жі­бердік. Жұмысқа өзім ғана келіп жүрдім. Әуе­жай екі-үш ай қаңырап бос тұрды. Не іс­теу керек? Даму стратегиясын өзгерту қа­жет­тігін ұқтым. Бізде негізгі кіріс халық­ара­лық рейстерден түсіп келген. Енді халық­ара­лық рейс түгілі, ішкі рейстер де тоқтап тұр. Бі­рақ солай екен деп қол қусырып отыр­май­сың ғой. Өйтетін болсақ, дефолтқа ұшы­ра­ғалы тұрмыз. Жаңа стратегия құрып, іске кі­ріс­тік. Қытайдан Еуропаға немесе кері ба­ғытта жүк таситын ірі компанияларға шық­тық. Өзіміздің мүмкіндіктерімізді көр­сетіп, қызметімізді ұсындық. Олар пан­де­мия­ның кезінде дәрі-дәрмек, бетперде та­сы­ды. Біздің мүмкіндігімізді көрген соң олар да бұрыла бастады. Соның арқасында біздің кірісіміз ұлғайды. Мысалы, Aerotranscargo атты компания біздің тұрақты әріптесімізге айналды. Пандемияның алдында біздің әуе­жай­дан күніне 100-ден аса рейс ұшатын, қазір күніне 40-50 рейс қана. Оның үстіне, ха­лықаралық рейстер саны 60 пайызға азайды. 2019 жылы әуежайдан 5 мил­лион жолаушы ұшып-қонса, 2020 жылы 3 мил­лионға да жеткен жоқ. Ал 2021 жылы 4,8 мил­лион адам біздің әуежайдың тасымал қыз­метін пайдаланған. Қараңыз, пан­де­мия­ның алдындағы деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Дегенмен біздің кіріс соңғы екі жылда 3 есе өсті. Пандемияның кезінде тағы бір пай­да­лы шаруаны тындырып алдық. Бұрын жаңбыр жауған сәтте әуежайдың іші шыл­қып кететін жайт болған. Біз соны ретке келтірдік. – Демек, дұрыс стратегияның арқа­сында осындай дәрежеге жеттіңіздер ме? – Иә, солай. Қазір әуежайда өте мықты ма­­­мандар жұмыс істейді. Мысалы, Ақтау, Та­раз, Қызылорда, Түркістан, Қостанай әуе­жайларында басшы болып істегендер қазір бізде еңбек етіп жүр. Олар – істің иінін біле­тін мамандар. Жалпы, авиация саласында мық­ты мамандарды ұстап тұру оңай емес. Біз сол сынақтан өттік. Мамандарымызды ша­шау шығарған жоқпыз. – Сонда қазір әуежайда ешқандай проб­лема жоқ па? – Олай деп айта алмаймыз. Жұмыс бол­ған жерде проблема болары хақ. Ал бізде түйі­ні шешілмеген бірнеше мәселе бар. Мы­са­лы, біздің ұшу-қону жолағы жөнінде. Ол – Орталық Азиядағы ең үздік, халықаралық стандарттарға сай, түрлі метеожағдайда ұшақ­тың барлық түрін қабылдап, шығарып салу­ға мүмкіндігі бар жолақтың бірі. Алайда 2003 жылдан бері күрделі жөндеуден өт­пеген. Жылына бір рет жөндеу жұмыстарын жүр­гіземіз. Негізі, әлемдік стандарт бойынша он жылда бір рет күрделі жөндеу жүргізілуге тиіс. Бір күні жолағымыз істен шығып жатса, ұят­қа қаламыз. Елорда әуежайы – мем­ле­ке­ті­міздің айнасы. Ал айна жарқырап тұрғаны аб­зал. Сондықтан да ұшу жолағын күрделі жөн­деуден өткізу керек. Біз қазір өз ақ­ша­мызға жобаның сметасын жасап жатырмыз. Мем­лекеттің қолдауы керек. Жалпы, әуежай мә­селесі ұлттық жобаға енуі қажет. Қазір Көкшетау әуежайы біздің ба­лан­сымызда тұр. Онда 140 адам жұмыс іс­тейді. Әрине, ол әуежайдың да дамуына ақ­ша салып отырмыз. Бұл – бізге қосымша жүк. Сондықтан оны Ақмола облысы әкім­дігі­нің балансына өткізген жөн. Курортты ай­мақ қой, өз арбасын өзі сүйреп кетері хақ. Осы мәселе шешілсе дейміз. Үкімет жанар-жағармай мәселесін реттеуі керек – Былтыр төртінші тоқсанда жанар-жа­ғармайға қатысты дау туды. Жыл сайын жетіп келген керосинннің был­тыр жетпей қалу себебі неде? Оның үс­ті­не рейстер саны азайды деп отырсыз... – Мәселе мынада. Атырау, Шымкент, Пав­лодар зауыттары жылына 500 мың тон­на­ға жуық керосин өндіреді. Жоғарыда айт­­­қанымдай, бізде қазір транзиттік ұшақ­тар саны көбейді. Оларға жанар-жағармай ке­рек. Бұрын біздің әуежай жылына әуеком­па­нияларға 20 мың тоннаға жуық керосин сат­са, біз қазір бұл көлемді бір айда сатып отыр­мыз. Былтыр, мысалы 150 мың тоннаға жуық жанармай құйдық. Яғни жанармай сату көлемі 9 есе өсті. – Бұл дегеніңіз қып-қызыл пайда емес пе? – Менің де айтып отырғаным – сол. Бізге қа­зір әлемдегі алпауыт компаниялар бұрыла бас­тады. Ендігі мәселе – соларға лайықты қыз­мет ете білу. Біздің әуежайда Орталық Азия­дағы ең үздік жерүсті инфрақұрылым, рейстерге жылдам қызмет көрсететін ар­найы техникалық жабдықтар бар. Мысалы, біз­дің арнаулы көліктеріміз ауыр лай­нер­лерге 100 тонна жанармайды небәрі 30-40 минутта құяды. Қазір әуежайымыз жылына 2 000-нан астам транзиттік жүк рейсіне қызмет көрсетіп отыр. Алда оның саны ұл­ғаюы мүмкін. Сондықтан мұнай өңдеу зауыт­­­­тары да өз саясатын қайта қарауға тиіс. Біз арадағы делдалдар арқылы емес, тікелей зауыттан сатып алсақ, біраз шаруа ретке ке­лер еді. Әйтпесе, кейде Ресейден керосин са­тып алуға мәжбүр боламыз. Қаржының өз мем­лекетімізде қалғаны дұрыс. Әрбір қосымша рейс – табыс. Сосын әлем­­дегі стандарт бойынша, белгілі бір уа­қыт­тан соң экипаж ауысып отыруы ке­рек. Яғни, олар біздің қаламызда қалады, қо­на­қүй­ге түседі, тамақ ішеді, бұл – ақша, біздің мем­лекетімізге түсетін табыс.

Әуежай маңында тұтас жаңа қала бой көтереді – Әуежайға келген кісіге дұрыс қыз­мет ұсынсақ дегеніңізден шығады, кей­де айқай-шу болып жатады... – Мұның бәрі маманға байланысты. Елі­міз­де әуежай қызметкерлерін даярлайтын оқу орны жоқ. Бұл да болашақта назарға алыну­ға тиіс дүние. Алматыдағы «Азаматтық авиа­ция академиясы» негізінен әуеком­па­ния­ларына маман әзірлейді. Бізде оқу орта­лығы бар. Сол оқу орталығында біздің ма­ман­­дар сертификациядан өтіп, алған білім­дерін жетілдіреді, яғни мамандарды өзіміз тәр­биелейміз. Әуе қауіпсіздігі қызметі, аэродромда жұмыс істейтін, жанар-жағар­май құятын, құстан қорғайтын, арнаулы тех­­никаға қарайтын мамандар бізге әр­дайым қажет. Сіз әуежайға келгенде толық тексеруден өткізетін мамандарды біз тексеру қызметінің инспекторы деп атаймыз. Әр тексеру ныса­нын­да төрт маман тұрады. Кейде әуеко­м­па­ния­ларының өз қызметкерлері тексеріс жүр­гізеді. Бірақ кімнен ағаттық кетсе де, сөз әуелі әуежайға келеді. Біз өз қызметкер­лері­мізге жолаушылардың көңілін табу басты мін­­­детіміз екенін үнемі ескертіп отырамыз. – Сонда мамандарды қалай таң­дай­сыздар? – Бізге келгендердің ішінен ірік­тейміз. Халықаралық терминалға маман қабылдағанда бірнеше тіл білетіндерге артықшылық беріледі. Жалпы, әуежай қызметіне келген дұрыс кадрды жібермеуге, оған жағдай жасауға тырысамыз. Сонымен бірге әрбір жолаушыға жағдай жасау – міндетіміз. Цифрландыру мәселесін Қа­зақ­станда бірінші болып біз қолға алдық. Әуе­жай ішінде қымбат тамақтану орындарымен бірге арзан асхана да бар. – Ұшу жолағын күрделі жөндеуден өткізу туралы айтып қалдыңыз. Неге екінші жолақ салмасқа? – Бұл – оңай дүние емес. Біріншіден, қа­зіргі жолақ өз мүмкіндігінің 35 пайызы ша­масында ғана жұмыс істеп тұр. Сондай уа­қытта екінші жолақ салу, экономикалық жа­ғынан тиімсіз. Оны ұстап тұруға қыруар қар­жы қажет. Сондықтан ең дұрысы – қазіргі жо­лақты күрделі жөндеуден өткізіп алу. Ал енді екінші жолақ салу да ретімен бо­ла­тын дүние. 2023 жылы әуекемелерін қа­былдау, жолаушылардың тасымалы жө­нінен біздің әуежай елімізде бірінші орынға шы­ғуға тиіс. Әзірге алдымызда Алматы әуе­жайы бар. Сондай-ақ алдағы бес жылда жүк тасы­малын төрт еседен астам ұлғайтуды жос­парлап отырмыз. Міне, сол кезде жаңа сіз айтқан екінші ұшу-қону жолағы керек бола­ды. Біздің есептеуімізше, бұл 2027-2028 жылдарға келуге тиіс. Оған дейін мына жо­лақты, жүру жолдары мен перронды, жарық бере­тін жабдықтарды жаңартып алуымыз керек. – Сонда әуежайдың әлеуеті әлдеқай­да артады ғой? – Әрине. Солай болуға тиіс. Өйткені жо­ғарыда айтылғандай, әуежай – еліміздің айнасы. Елімізге келген түрлі мемлекеттің басшылары әуелі әуежайды көріп, ой түйеді. Қарапайым жолаушы да ең бірінші әуежайға назар аударады. Жалпы, елорда әуежайын Атланта, Нью-Йорк, Франкфурт, Амстердам, Сингапур әуежайлары секілді аэрополиске айналдырған дұрыс. Ол үшін осы кезден бастап кірісуіміз қажет. Қазір астанамызды 2035 жылға дейінгі дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр, біз соған әуежайды дамытудың тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап қойдық. Ол бойынша біздің әуежай ТМД елдері мен Орталық Азия аумағында жетекші әуехабына айналуға тиіс. Мультимодальді жүк тасымалдау орталығы, электронды коммерция қызметі және еркін сауда аймағы құрылады. Ол үшін елорданы дамытудың бас жоспарына біздің даму жоспарымыз міндетті түрде енуі керек. Біз өз аумағымызды шегелеп алуымыз қажет. Әлемдік нормада көрсетілгендей, әуежайға тым жақын жерлерде елді мекен, тұрғын үйлер болмауы қатаң бақылануы қажет. Әуе­жайға дейін теміржол желісі тартылуға тиіс. Мысалы, әуежайдан түскен жолаушы пойыз­ға отырып, Көкшетауға тартып кетсе, несі бар? Зәулім, жоғары класты қонақүйлер, та­­мақ­тану орындары салынады деп отыр­мыз. Бір сөзбен айтқанда, алдағы 10-15 жыл­­да әуежай аумағында тұтас бір жаңа қа­ла бой көтереді. –Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ