Жаңалықтар

Классик

ашық дереккөзі

Классик

Ортамызда жүре түскені жөн еді. Жүреді деп ойладық. Жүреді деп сендік... Хас ақынға 70, 80 тіпті 90 жасың не, тәйірі. Тіпті, аз дегенде Гетенің жасын жасауға болар еді де... Әлде таланттың ғұмыры біздің пенделік танымдағы өлшемімізбен емес, басқаша кеңістіктік-уақыттық ауқыммен белгілене ме?! Хақ Тағала біледі бәрін... Оның қазақ еліне, Ұлы даласына деген сүйіс­пен­шілігі ерекше болды. Зобалаң кезде үрке көшкен ел­дің, кеңес жүйесінің айыптауымен «банды» атан­ған Әбдіжаббардай әкенің тағдыры, ел көкірегіндегі, әке жүрегіндегі зар-шемен Есенғалидай ақынның дү­ниеге келуіне себеп болған шығар. Туған жерден жырақта, өзге топырақ­та дүниеге келіп, Әуехандай анадан туа сала атакүлдігіне деген шексіз сағыныш­тың жөргегіне оранған ұл өсе келе Маң­ғыс­тау­дың Қараойы мен Үстіртін, Сыр бойын­дағы қараша ауыл Келінтөбені, ару Алма­ты­ны алапат махаббатпен жырына қосты. Ха­лықтың өткен тарихын өлең тілімен тол­ғады. Сол кездегі республикалық «Пио­нер» журналының 1979 жылғы шілде айын­да (№7) «Шалғынға тұнған шық моншақ» ат­ты өлеңдер топтамасы жарық көргенде Есен­ғали Раушанов 22-ге де толмаған екен. Бол­мысы бөлек жыр үлгісі сол топтамадағы өлең­дерінен-ақ аңғарылған. Үркер жамбасқа келді, Жаздың жеткені ғой бұл. Жадырап ән бастады енді, Жасарып көктеді де ой-қыр. Бармақтай таң еркесіне Балқиды балапандай гүл. Нардың нән өркешіне Қонған қараторғай бұл. Көзіме толды нұр бөлек, Шалқытып көңіл кемерін. Екі ауыл қонды бірге кеп, Бауырына Келінтөбенің. Шашын тараған емен Тұрды сән құрып тағы. «Бағым жана ма», – деп ем, Кетті жаңғырып бәрі: «Үркер жамбасқа келді, Жаздың жеткені ғой бұл»... «Бастаудан» басталып, «Келінтөбеге» жал­ғасқан көшін «Шолпан жұлдыз туған­ша» қара өлеңнің сара жолына салып үл­гер­ген Ақын «Ғайша-Бибі» секілді өз орта­сы­нан оза туған поэманы һәм оны айнала қон­ған жауһар жырды жарқыратып ұсын­ды. «Қара бауыр қасқалдақ» қара өлеңнің кө­гінде қанат қаққанда ақын 30-ға да тол­­­маған еді... ...Үлкеннің сөзін нұсқаға ап, Бір рет жонып, үш қарап, Сартасты кесіп, сазды ойып, Қиюын тауып, қыш қалап, Тізілдіріп тізбелеп, Үзілдіріп үзбелеп, – деген жыр үзіндісінде айтылған бабадан ба­лаға мирас өнер мен шеберлік – Есенғали өлеңінің бір сипаты. Ол бар болмыс-бітімі, жан жүрегімен ақын бола тұра көркем прозаға да ат­басын бұрды. «Нұрдан жаралған» романы дү­ниеге келді. Досы Аманханның «автор­лы­ғымен» алты әңгімесін жариялады. «Сей­се­байды» жазды. «Сирень гүлдегенде» но­вел­ласының лирикалық сазы қандай! Но­вел­ла емес, қара сөзбен жазылған баллада еді... «Айғырға ода», «Көктем еді» хикаялары аяқ­талған дүниелер болғанымен, оларды жа­рия­лауға асықпады. «Call Shop ағай» жаз­ба­сы да бітімі өзгешелеу дүние. Құстар әле­­мін көркем проза тілімен, поэзия үні­мен толғады. Жыл он екі айды да солай бей­­­­неледі. Қара сөзбен жазылған өлеңдері (Prose poetry – «стихотворение в прозе») осы жанрда арғы-бергіде жазылған күл­лі дүниеден мойны озық тұрғанын ай­тайық. Бұл жанрдың тарихын Алоизиюс Бертраннан бастап, Шарл Пьер Бодлермен жал­ғастыра отырып, И.Тургенев, М.Жұма­баев сияқты сөз зергерлерінің суреткерлік ше­берханасына тән екенін білеміз. Қара сөзбен жазылған өлеңнің типтік белгілері – бей­нелеу арқылы өрілетін сюжеттің өте қыс­қалығы, кейде сюжеттің мүлдем жоқ болуы, салыстырмалы түрде оқиғаның толық шең­берінде емес, оның жеке бір көріні­сін­дегі кейіпкер бейнесі, баяндаудың, ерекше әсер­лілігі. «Ымырттағы» көне түркінің тас­қа қашалған жазуларының қараңғы түн­де қара тастан қанат бітіп ұшып шық­қа­ны, сөйтіп бүгінгі ұрпағының тыныс-тір­шілігін бақылағаны, лирикалық кейіп­кер­дің ашық терезесінен дәптеріне үңілгені – бұл «оқиғаны» Есенғали ғана көре алды, се­зе алды, жаза алды! «Тас балбал» ше? Кө­не­ден жеткен белгінің сырына ақын түй­сігімен үңілу жаңа сипатты бейнелеуді ту­ғызған. Заман, уақыт, адам – бәрі сырт ай­нал­ғанда күн ғана оған – тас балбалға де­ген ықыласын жоғалтпаған. Күн – ақи­қат­тың, тас балбал – тарихтың өзі емес пе? «Сат­қындағы» ақ жаулықты ақ толқын мен қа­ба сақал қара түннің қақтығысының ас­тарында не жатқанын оқырман өзі-ақ түй­сінеді. «Тек» – ақынның ақын тағдырын өк­си отырып толғауы. Қара сөзбен жазыл­ған өлеңдерінің қай-қайсысына да бей­не­леу­дің классикалық үлгісімен қатар ескіні ес­ке салатын, тарихымызды, тегімізді тер­гейтін оқиғаларды арқау еткен. Қаламгер ретінде әдебиеттің қай жанр­да болсын шеберліктің, біл­гір­ліктің, қарымдылықтың классикалық үл­гісін ұсынған Есенғалидың талант кемелдігі дау­сыз. Драма жанрында «Зауал» пьесасынан бас­тап, «Нұқ пайғамбардың кемесі­не» жалғасқан қаламгерлік ізденісі «Ци­це­рон­ды», «Кападокия ертегісін» жазуға дейін әкел­ді. «Абай мен Құнанбай» пьесасы та­лант­ты режиссер Гүлсина Мерғалиеваның қойы­лымында көрерменінің ықыласына бөленіп үлгерді. Болғаны – осы... Перғауындар туралы жазбақ болды, алғашқы адамдар туралы да жазу­ды ойлады. Шығыс поэзиясының бір үлгісі – арузды терең зерделемек еді. Ақ­төбе облыстық театрының өтінішімен Ер Еді­генің қаһарман тұлғасын сахнада тірілт­пек болды... Әдебиеттің теориялық мә­селелерін жаңаша пайымдауды жоспар­лады... «Цицеронның» сахналануын жан-тә­німен қалады... «Сирень гүлдегенденің» екін­ші бөлімін архитектоникасын айқын­дап, жазуды қолға алған... Ел ішінде аңызға ай­налған оқиғаларды прозалық туын­ды­ларына арқау етуді көкседі... Болмады. Классик ақынның, дара туған сурет­кер­дің ортамызды толтырып жүр­ге­нін көп көрді ме, көзге көрінбей, жүрісі бі­лінбей келген ажал періштесі тез-ақ алып жөнелді. Аспан жақын сияқты жерден гөрі, Кешіріңдер... – деді де, кете берді. Бозаңға біткен боз жусан Боқыраудың күні болғанда Бозарып барып солар ма Мен бозаңды құшып көз жұмсам, Қара жер, қойның толар ма?! – деп, өзі тірісінде жиі барғыштайтын Кең­сайы­на табан тіреді... Ақын көңіліне не құлазу кіргенін біз біл­мейміз ғой, соңғы өлеңдерінің бірінде: Бiзде нендей алысқа самғар күш бар, Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар. Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас, Қонып ұшар қанаты талған құстар, – депті... Студент кезімде Фариза Оңғарсынова­ның «Мұқағали Мақатаев туралы жыр» ат­ты көлемді өлеңін оқығанда ерекше әсер­леніп едім. Әсіресе, мына бір жолдар жа­дымда жатталып қалған: Шың Қадыр, бір жағымда шоң Тұман­бай Тұрса да бір тірегі олқы жандай, Жаралы жүрегімді жарға соғам Орныңды еш тұлғамен толтыра алмай... Фариза апамыздың Мұқағали ақынды із­деген хал-күйін енді түсінгендеймін. «Байқап жүріңдерші... Аман жүрің­дер­ші...». Осы бір ескертуді бізге, өзінен кейінгі жас буынға қайта-қайта айтты. Өзіне осы сөзді айтқан жан баласы болды ма екен?! Бәрі өткен күннің еншісінде қалды. Өт­кен күн дегеніміз Есенғали ақын­ның «күңіреніп күн түбіне жортып кеткен» ХХІ ғасырдың 21 жылының төртінші айындағы 15 түнінен бұрынғы мезеттер... Енді ол өзін сағынған тірілердің түсіне ғана ара-тұра келіп-кетіп жүр. Бірақ... ол мәңгілік ғұмырға ие болып қал­­­­ды. Бақидан фәниге көшкені шарт­ты түр­де ғана сияқты. Ақын туралы ай­тылған әр сөз оны ортамызға алып кел­гендей бола­ды. Қалың қазаққа оны қадірлі еткен – қара өлең, текті жыр. Көненің көм­бесі­н­ен әспеттеп алып шыққан көнермес сөз асылы оның өлең-жырларының ішін ал­тын­дап, сыртын күмістеді. Түпсанадан түлеп шыққан құнарлы ойдың өлең болып құйылып түсе қалуы қандай ғажап! Көз алдындағы көріністі көрікті тілмен кестелеп, өнердің өлмес туындысы етіп жаңғыртудың не сыры бар екен?! Түпсананың өзегі, шығармашы­лық­тың бастау көзі – түпкі ой болса, сол түпкі ойдың санадан өсіп, дараланып бой көтеруіне себеп тұлға санасының жа­сам­паз, тылсым қабаты екенін эстет, теоре­тик оқымыстылар дәйектейді. Бейнелерді туын­датып, көркемдік кеңістікті қалып­тас­тыру үшін суреткер санасының «тылсым қа­баты» оның талант деңгейін танытады. Есен­ғалидың қайталанбас, дара сипатты шы­ғармашылық болмысы оның сонау 20 жа­сынан басталып, 62 жасымен тәмам­дал­ған ғұмырының айдынында жарқырап жа­тыр десек болады. Есенғали Раушанов өлеңдері –қазақ поэзиясының қазынасына қосылған ескірмес, тозбас құнды жәдігер. Музейге кеткен әкесінің құранды ері бар еді ғой. Сол секілді қазақтың санада сақталар ру­хани экспонаты. Музейге келіп, әкеден қал­ған көзді көрген сәтінде ақынның өзін де осы бір ой қатты толғантқан еді ғой: Нақышы бұл киелі паң даланың, Бояуы да осында бар, қарағым. Сары шалдың өзі емес, көзі қапты, Сөзі қалса жарар ед сары баланың... Есенғали поэзиясындағы сюжет пен кейіпкер (баллада, поэмаларындағы емес, лирикасындағы) – суреткердің қыра­ғы көзі мен сезімтал ойы қалт жібермей іліп қалған мезеттің сана көрігінде қоры­тылуының ерекше үлгісі. Кез келген шығар­машылық иесінің түйсігінен тууы неғайбіл сойы кесек ой мен қатпары қалың, астары терең сөз ақынның әр өлеңінің тармағында, тіркесінде тізіліп тұр. Рейім шалдың, Көркембай ақсақтың, Рахила қыздың, Саламатханның, Шарапат пен Қанағат шопырдың, күйші қыздың, Абылғазы мен Ақтеңгенің, Ділшот-ханымның... осылай тізбектеліп көз ал­ды­мызға келетін кейіпкерлерінің ерекше қа­лыптары, көңіл күйлері, сезімі, арман-мұраты лирика деп атап-түстелетін шағын ғана өлеңнің өн-бойына сіңіп кеткендей әсер қалдырады. Шағын өлеңге тұтастай сюжетті сыйдыра отырып, оның компози­ция­лық бітімін суреттеудің алуан түрлі ама­лымен даралау – Есенғалидай дегдар ақын­ның танымы мен талғамына тән. Оның өлеңіне арқау болған оқиғаның берілу тәсіліне қарайық: Бүгін айдың он бесі, Айдын жаққа келі деші. Айдын жақта не бар-ау – қатқан мұз бар, Қатқан мұзға көміліп жатқан қыз бар. Қыздың аты – Ақтолқын. Айды күтіп, Мұзға айналды ақыры ақпанда ызғар. Айна көлге тесіліп Ай қараған, Ай қараған аяулым қайдалаған. Қайран жаз-ай, айдында оңаша қап, Ақтолқынды түнімен аймалаған. Мұз айдынды таусылған үміт дейін, Ай қайтады діңкесі құрып кейін. Сүйген қызын алыстан іздеп келіп, Моласына жолыққан жігіттейін. Он бесінде толған айдың бейнесі қан­шама қазақ жырына арқау бол­ғаны анық. Ал Есенғали өлеңіндегі сурет бас­қаша. Ай мен айдын, мұз, қыз, жаз, тол­қын сияқты ұғымдар детальға айналып, тұтас­тай көркемдік әлеміне ауысқан. Ақ­пан айында судың мұзға айналуы, қатып жат­қан толқынның қыз сипатына кө­шірілуі – ұлт поэзиясындағы жаңашыл із­де­ніс нәтижелерінің бірі. Суреткерге ас­социативті ойлау тән екені белгілі. Кез кел­ген ұғым, яғни зат (деректі, дерексіз) шы­ғармашылық «көрігіне» түскенде түрлі ма­ғына тудырып, сан қилы суреттеулерге тірек болады. Ұғым мен затты сипаттайтын сөз көпмағыналығымен, көптүрлілігімен де шығармашыл тұлғаға ассоциацияның шексіз мүмкіндігін сыйлайды. Сол мүмкін­дікті таланттың кемелі ғана биік деңгейде пайдалана алмақ. Есенғалидың шағын ғана лирикаға түрлі детальдардан түзілген бей­не­лерді тоғыстыра отырып, оны сю­жеттің же­лісімен өрбітуін, ширық­тыруын, шеші­мін табуын біз осылайша түсіндірер едік. Көркем бейне бір құбылысты екінші бір құбылыс арқылы танытатын табиғатымен ерекшеленетіні белгілі. Көне үнді ойшылдарының бірі бейнелі ойдың не­гізгі тіректері ретінде поэтикалық ай­шық­ты, мағынаны және көңіл күйді атаған екен. Осы үшеуінің тұтастықтағы әрекеті бейнелілікті туындатады. Ал сол бейнелілік табиғатын метафоралық деп сипаттау қалыптасқан. Біз оқып отырған өлеңдегі метафоралық тәсіл осыларды ойға салады. Көркем бейнелеудің құрылымына үңілсек, түрлі ұғымдарды үйлестіре отырып, жүрек­ті толқытқан күйді жеткізудің өзіндің тә­сілін байыптай аламыз. Ал бұл өлең – бір ға­­на мысал. Үлгіге алар ондай өлеңдер ақын­­­ның күллі шығармашылығының өзегі. Есенғали поэзиясы – әдебиеттанудағы жаңа парадигмалар аясында талда­нып, зер­деленетін, сөйтіп ұлттық поэзия­ның өрі­сін әлемдік өлең өнеріне жалғайтын дүние. Сөйтіп, қазақ өлеңінің шашасына шаң жұқпаған хас жүйрігі «сом тұяқ жыр болып» өте шықты. Қас қағымда... На­бат жеңгеміз «40 жыл бірге кешкен ғұ­мыры­­мыз бір сәт қана болып қалды» деп еді ағаның жылдық жиынында. Есенғали дәурені өмірдің бір ғана жалт еткен сәті бол­ды... Алайда өлеңнің – ХАС ӨЛЕҢНІҢ ғұ­мыры тоқталмасы, үзілмесі хақ! Анасын сағынып өтті. Анасын ойлама­ған, анасы туралы айтпаған сәті жоқ шы­ғар. Өлеңдерінен де әзіз анасына деген перзенттік сүйіспеншілігі аңқып тұрған... Аша құрсағынан шыр етіп дүниеге келгенде алақанын ашып туған екен. Өзі айтқан еді: «Мен таңда туыппын, мамам түнімен ұйық­тай алмай қиналыпты, алақанымды ашып туыппын, әкем айтыпты мынау ырысы мол бала болады деп»... Ашылған алақанға қон­ған ырыс – қазыналы өлең екен де... Ақынның мұрасы қазақ әдебиетінің ескірмес, тозбас құндылығына айналары сөз­сіз. Оны көздің қарашығындай қас­тер­леу, санаға сіңіру шаңырағын ұстап қалған үш тал гүлі – Айнұр, Әйгерім, Нұргүл мен бір тал ұлы – Нұр-Мұхаммедке ғана емес, біз­­­дерге – тірісінда ағалап алқалаған өзі­нен кейінгі буынға аманат. Жастар оның айналасына көп жинала­тын. Ол бәрімен тіл табысатын, емін-еркін әңгіме-дүкен құратын. Әңгіме тақыры­бының ауқымы кең. Сол тақырыптардың бәрі айналып келіп өлеңге тірелетін. «Қазаққа бірдеңе бере алдым ба?!» деп сұрар еді бізден, сосын өзінен. Ол қазаққа берерін берді. Енді сол бер­ген құнды мүлкінің қадіріне жете алсақ, ақынның рухы шат болар.

Жанат Әскербекқызы