Оффшордағы ақша: 5 жұмыс тобы құрылды

Оффшордағы ақша: 5 жұмыс тобы құрылды

Оффшордағы ақша: 5 жұмыс тобы құрылды
ашық дереккөзі
Ақпан айының басында Президент Үкіметке заңсыз шетелге шығарылған ақ­шаны қайтаруға байланысты ұсыныс әзір­леуді тапсырып, екі ай уақыт берген еді. 5 сәуір күні Премьер-Министр Әлихан Смайылов төрағалық еткен отырыста Үкімет шетелге шыққан қаржыны қай­тару аясында 5 жұмыс тобынан тұратын ко­миссия құрылғаны белгілі болды. Қайтуы қиын қаражат Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс де­пу­­­­таты Мақсат Раманқұлов ақпан айын­да Қаржы мониторингі агенттігіне осы мә­селе бойынша сауал жолдаған болатын. Ол депутаттар 10 жыл бойы «Панама тізімі», «Па­­­р­адис досье» сияқты Швейцария банк­те­рін­дегі қазақстандық есепшоттарға қа­тыс­ты бірнеше рет сұрақ қойғанын да атап өтті. Депутат Tax Justice Network халық­ара­лық ұйымының мәліметін дереккөз ретінде ал­ға тартып, соңғы 25 жылда елімізден шет­елдік оффшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылғанын мәлімдеді. Бұл бүкіл елдің жылдық жалпы ішкі өнімі мен оның сыртқы қарызына тең екені де сол кезде айтылған болатын. Tax Justice Network халықаралық ұйы­мының 2020 жылғы деректе­рін­де Қазақстаннан тек оффшорлық ай­мақ­тар­ға жылыстаған капитал шамамен 140 мил­лиард доллар екені айтылған. Ал еліміздің құқық қорғау органдары соң­ғы 5 жылда шетелге капиталды заңсыз шы­ғару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған деген мәлімет бар. Алайда бұл жұ­мыстың нақты нәтижелері туралы еш­теңе белгісіз екенін айтқан депутат қаңтар оқи­ғасы кезінде олигархтардың Қазақ­стан­нан жеке ұшақтарымен кетіп қана қой­май, қыруар қаржыны шетелдегі есеп­шот­тарға шұғыл түрде аударып алғаны қызу талқыланып жатқанын қосып өтті. Газетіміздің алдыңғы сандарының бірін­де осы мәселе туралы жазғанбыз, сол кез­де сарапшылар шетелге шығарылған ақшаны қайтару қиын жұмыс, күрделі процесс екенін, тіпті шетелге шығарылған қара­жаттың қайтарылу-қайтарылмауы екіталай болатынын айтқан еді. Капиталдың жартысының өзі экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға жеткілікті деген пікірді де естідік. Не десек те, сол кезге дейін трюизм ретінде қабылданып келген мәселе ашық көтеріліп, сең қозғалғандай болды. Бірақ содан бері шетелге нақты қанша қаражат шығарылғаны, оның артын­да кімдердің тұрғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ұрланды дейміз, ұрлаған кімдер? Дегенмен Мемлекет басшысының Қа­зақстанда байлықтың 55 пайызы бар бол­ғаны 162 адамға тиесілі деген сөзі қызу тал­қыланды. Артынша бұл мәселе тіпті Ұлыб­­ритания үкіметінде де көтерілді, ол жер­де біраз адамның аты да аталды. Не де­сек те, осынша қыруар ақшаны ұрлаған­дар­дың ізі құмға сіңген судай жоғалуы мүмкін емес. Енді Үкімет осы мәселеге қатысты ар­найы комиссия құрылды деп мә­лімдеді. Әзірге комиссия жұмысының жал­пы бағыттары жайлы ақпарат қана бар. Жоқ іздегендер Премьер-Министр Әлихан Смайылов заңсыз шығарылған ақшаны елге қай­тару және енді мұндай жағдайдың қай­та­лануына тосқауыл болатын шараларды кү­шейту туралы ұсыныстарды талқылап, кеңес өткізді. Кеңесте Премьер-Министрдің өкімімен арнайы комиссия және оның ая­сын­да бес жұмыс тобы құрылғаны мәлім бол­ды. Жұмыс топтары осы мәселеге бай­ла­нысты жалпы ахуалға талдау жа­сап, капиталды шетелден елге қайтару, шек­теу шараларын енгізу үшін тиісті ұсы­ныстарды әзірлейтіні айтылды. Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитетіне валю­та­лық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныс талқыланды. Ынталандыру шараларының бірі – келіп түскен валюта түсімінің 80 пайы­зына айырбас жасалған жағдайда, қай­таруға ұсынылған ҚҚС сомаларын оңай­латылған тәртіппен өтеу. Яғни, қара­жат қайтарылған жағдайда оның 80 пайызы теңгеге конвертацияланбақ. Сондай-ақ резидент еместерге диви­денд­тер төлеу кезінде салықтық жеңіл­діктерді жою, резидент емес өзара бай­ланысты тұлғалар көрсеткен материал­дық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты салық мәселесін жеңіл­дететін шаралар ұсынылады. «Транс­ферт­тік баға белгілеу туралы» заңын жетіл­діру­ге бағытталған нормалар әзірленді. Одан бөлек, ресми ақпаратта капи­талды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ ка­питалды елден шығаруды са­лықтық әкімшілендіруді кү­шейту бойынша да шаралар пысықталып жатқаны да айтыл­ған. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша сарапталған тиісті ұсы­ныс­тар Мемлекет басшысының атына жол­д­ан­бақ. Осыған дейін қаражаттың қай­та­рылуы қиын екені айтылған бола­тын, бірақ өзге елдердің тәжірибесінде мұн­дай жағдай болған ба, комиссия жұ­мысы қандай бағытта жүруі керек деген сауал­дардың төңірегінде сарапшы маман­ның пікірін білген едік. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Қаражатты күштеп қайтару мәселесі де көтерілуі керек – Шынын айтқанда, бұл – өте күрделі мә­селе. Шетелге шыққан қаржының мөл­шері негізінде 140-160 миллиард доллар деп бағаланған. Ал бұл тұтастай бір Қазақстан шет­елге шығып кетті дегенмен тең. Ал егер де бұл қаражат ел экономикасына, халық игілігіне жұмсалған болса, онда біз мүлдем басқа кейіптегі Қазақстанды көрер едік. Сондықтан да Президент нақты тапсырма берді. 5 жұмыс тобының құрылғанын біліп отырмыз. Дегенмен олардың қалай жұмыс іс­тей­тіні әлі белгісіз. Ең алғашқы ын­та­ландыру мәселесі айтылды, егер қаржы қай­тарылатын болса, оның 80 пайыздан аста­мын теңгемізге конвертациялап, салық мә­с­елесін жеңілдетуді қарастырамыз деген сияқ­ты бастамалар айтылып жатыр. Одан бөлек, әрине заңсыз шығар­ыл­ған ақшалар болса, ондай қаражат­ты күшпен қайтару мәселесі де көтерілуі ке­рек деп ойлаймын. Ол енді заңның күші мен құзыретті органдарды жұмылдыру заңсыз ақша шығарылған елдерге ар­найы ақпарат жолдау арқылы қайтаруға бо­лады деп ойлаймын. Дей тұрғанмен код­тал­ған шоттарға байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. Бірақ Өзбекстанның өзінен байқап қарауға болады, олар қазір шет­елге шығып кеткен қаражатын қайта­рып алып жатыр. Оның өзі тез емес екенін та­ғы көріп отырмыз: жаңа Президент кел­ге­ніне 5 жылдай уақыт болды. Демек, бұл ко­миссияның жұмысы ұзақ уақытқа созы­ла­тын болады деп ойлаймын. Алайда елімізден қазір шығып жатқан қаражатты жіті қадағалау керек деп есеп­тей­мін. Өйткені шелектің түбі тесік болса, бәрі­бір ешқандай өзгеріс болмайды. Ең әуелі, елімізден енді қаражат шықпайтындай етуіміз керек. Комиссия қалай жұмыс істейді, процесс қанша уақытқа созылады, оның нәтижесі қандай болады – мұның барлығы әлі белгісіз, тіпті болжауға келмейтін күрделі мәселе болып тұр. Дегенмен үміт жоқ емес, судың да сұрауы бар екені қашаннан анық қағида.