Жаңалықтар

Тұрғындар сайлаған әкім қызметінен кетті

ашық дереккөзі

Тұрғындар сайлаған әкім қызметінен кетті

Алматы облысында тұрғындар сайлаған Талғар қаласының әкімі Қайрат Исабаев қызметінен кетті деп хабарлады turkystan.kz. Шенеуніктің қызметінен кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. Талғар ауданының әкімдігі бұл дерекке пікір білдіре алмайтындарын айтып, ол жөнінде жергілікті сайлау комиссиясынан сұрау керектігін айтты. Сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. «Кеше, 5 сәуірде Қайрат Исабаев өз өтініші бойынша қызметінен кету туралы арыз жазды. Ол денсаулық жағдайына байланысты осындай шешім қабылдаған. Оның өкілетін тоқтату туралы шешім бүгін, 6 сәуірде шығады», - деді Дүйсенбаев Talgarnewskz тілшісіне. Еске сала кетсек, былтыр қарашада өткен қала әкімін сайлауда Қайрат Исабаев жеңіске жеткен болатын. Тұрғындардың 58 пайызы сайлауға қатысқан. Оның ішінде Исабаев 53,5 пайыз дауысқа ие болды. Әкім лауазымына барлығы 3 адам үміткер болып тіркелген. Қайрат Исабаев – дәрігер-хирург. Қала әкімі сайлауында жеңіске жеткенге дейін Қызылқайрат ауылының дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, Талғар орталық аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болған.