Бразилия соты Гүленнің жақтастарын экстрадициялаудан бас тартты
Бразилия соты Гүленнің жақтастарын экстрадициялаудан бас тартты
Бразилияның Жоғарғы соты Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қарсыласы және «Хизмет» ұйымының мүшесі, оппозиционер Якуп Сагарды экстрадициялау туралы Түркияның өтінішін қанағаттандырмады деп жазды turkystan.kz. Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Бес судьядан тұратын жоғары сот палатасы Түркияның өтініші талаптарға сай емес деп мәлімдеп, түрік оппозиционері Якуп Сагарды экстрадициялауды қабылдамауға бірауыздан дауыс берді.
54 жастағы бизнесмен әрі «Хизмет» ұйымының мүшесі Якуп Сагар Бразиялияға 2016 жылы отбасымен көшіп келген. Оның Сан-Паулу қаласында киім тігетін фабрикасы бар.
Сұрауда Сагардың түрік мемлекетін жоюға әрекеттенгені үшін іздеу жарияланғаны айтылған. Іске төрағалық еткен судья Александр де Мораес өтініште айыптауларды растайтын ешқандай дәлелдер жоқ екенін айтты.
«Экстрадиция туралы шешім қабылдауда сот процесін мүлдем бейтарап өткізуге мүмкіндік жоқ екені анық», - деп мәлімдеді судья.
2016 жылдың мамыр айында Анкара «Хизмет» ұйымын экстремистік деп жариялады. Ұйымның мәліметінше, бұл қозғалыстың әлем бойынша миллиондаған ізбасарлары бар.
Айта кететін жайт, Сагар – Бразилия экстрадициялаудан бас тартқан Гүленнің екінші жақтаушысы. 2019 жылы Жоғарғы сот Сан-Паулуда мейрамханасы бар түрік азаматы Али Сипахиді экстрадициялау туралы өтінішті қабылдамады. Сипахи қамауға алынып, кейін сот өтінішті қанағаттандырмаған соң босатылды.
Бұған дейін Түркияда Ердоғанды биліктен тайдырмақ болған 500-ден астам әскери қызметкер тұтқындалған болатын.