«Қысым көрсетті»: Абдығаппаровтың әйелі Болат Назарбаевқа қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстандағы белгілі бизнесмен Алмас Абдығаппаровтың жары Ольга Абдығаппарова елордада баспасөз мәслихатын өткізіп, Болат Назарбаевтың Esentai Sity жобасын қалай тартып алғанын айтып берді деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, Esentai Sity жобасы Алматыда 2016 жылы басталған. 46 гектар аумақты алып жатқан элиталы үйге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың назары ауған.

«Менің күйеуіме қысым көрсетіп, Болат Назарбаевтың қызы Құндыз Назарбаева мен көмекшісі Елдос Қоспаевты AV-Construction компаниясына құрылтайшы етіп алуға мәжбүрледі. Бұл компанияны күйеуім 2014 жылы біздің бірқатар бизнесімізде кішігірім үлесі бар досының атына рәсімдеу арқылы алған болатын. Көпбаев пен Назарбаеваның бар жұмысы компания салып жатқан үйлерді өз бағасымен сатып алып, нарықтағы бағаға сәйкес, екі есе қымбат сату арқылы ақша шығару болды. Осылайша, компания мен оның үлескерлерінің мүддесіне қайшы келіп, құны 40 млн доллардан асатын шамамен 20 мың шаршы метр қымбат жылжымайтын мүлік шығарылды», – деді ол.

Элиталық үйлердің шаршы метрі 1800-1900 АҚШ долларына сатылған. Айтуынша, сатып алушылардың басым бөлігі – бизнесмендер, арасында ресейліктер де болған.

«Бұл компанияға зиян келтірді және үлескерлердің алдындағы жылжымайтын мүлікті уақтылы тапсыру бойынша міндеттемелерді орындауымызға әкеліп соқты. Айтпақшы, зардап шеккендердің арасында АҚШ Үкіметі де бар. Олар дипкорпус үшін 50 жыл бойы 56 пәтерде тұру ақысын төлеп қойды. Бірақ олардың пәтерлерін аяқтауға жол бермеді», – деп қосты ол.

Ольганың мәлімдеуінше, қалыптасқан жағдай Алмас Абдығаппаровты компаниядан кетуге және өзінің 35% үлесі үшін 35 млн теңге талап етуге мәжбүрлеген.

«Алайда компанияның жаңа «басшылары» жобаға бір тиын инвестиция салмай, идеясы мен ақшасын жұмсамастан, бізге одан 10 есе аз сома – 3,5 млн доллар ғана ұсынды. Біз Болат Назарбаевтың айналасындағы адамдардың репрессиясына ұшыраудан қорқып, олардың шартына келісуге мәжбүр болдық. Сөйте тұра, бір тиын да салмаған Құндыз Назарбаева компаниядан шыққан кезде құны 1,5 млн АҚШ доллары тұратын 11 вилла, 2753 шаршы метр болатын 12 пәтер мен 12 автотұрақ орнын алды. Барлығы шамамен 23,5 млн АҚШ доллары. Бұл 40 млн долларды есептемегенің өзінде…», – дейді ол.

Бұған қоса, Абдығаппарова Болат Назарбаевтың адамдары уәде еткен 3,5 млн АҚШ долларын бермей қойғанын айтып отыр.

«Клиент әкеліп, ақшаңызды алыңыз деген соң, жылжымайтын мүлік сатып алған Рахметжанованың ақшасынан Алмас өзінің 10% үлесі үшін транш алды. Кейін бұл күйеуімнің қылмыстық қудалануына және жалған айып бойынша қамауға алынуына себеп болды. Алмастың Болат Назарбаевтың адамдары жасаған жалған айыптауы бойынша түрмеде отырғанына 9 ай болды. Осы 9 айдың ішінде аталған адамдар рейдерлік басып алу, қорқыту және бопсалау арқылы Алмастың 73 жастағы анасынан қалған 25% үлесін Елдос Қоспаевтың жалған тұлғаларына жазып беруге мәжбүрледі», – деді әйел.

Сондай-ақ ол Болат Назарбаевтың адамдары Алматы қаласында құны 2 млн АҚШ доллары болатын жер учаскесін иемденіп алғанын айтып отыр.

«Бізге ескерту беріп, Есентай желісіндегі тұрып жатқан үйімізден шығарып жіберді. Esentai Sity идеясынан бастап, толықтай Алмастың жобасы еді. Өкінішке қарай, тонап, ұрлап, түрмеге отырғызу арқылы менің күйеуіме бұл жобаны аяқтауға мүмкіндік бермеді. Болат Назарбаевтың осындай зиянды әрекеті біздің отбасымызды айтпағанда, бірнеше жылдан бері баспанасын күтіп келе жатқан үлескерлерге, толық алынбаған салық түрінде біздің бизнесіміз бен мемлекетке орасан залал келтірді», – дейді ол.

Ольга Абығаппарова күйеуінің бизнесін рейдерлік жолмен тартып алғандарды Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов пен Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев «қолдап отыр» деген пікірде. Айтуынша, қылмыстық іс жүргізу барысы бопсалауға құрылған.

«Күйеуім Полиция департаментіне жеткізілген кезде одан босап шығу үшін 4,5 млн АҚШ доллары мен компаниядағы үлесін беруді талап етіп, бопсалады. Бұл Алматы қаласы Полиция департаментінің ғимаратында болғандықтан, мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуімде осындай әрекеттерге жол беретін ПД басшылығына шара қолдануды өтіндім. Ал оның орнына ПД орынбасары Әбдірахманов ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы сотқа берді. Енді ол өзінің тікелей қызметтік міндеттерін орындаудың орнына салық төлеуші, Алматы қаласының тұрғыны Ольга Абдығаппаровамен соттасатын болады», – деді ол.

Ольга отбасына үнемі қысым көрсетілетінін айтып отыр. Бүгін баспасөз мәслихатының алдында белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оған Алматыға келгенде абай болуын ескерткен. Сондай-ақ изоляторда отырған күйеуіне күнде тексеру жасап, қысым көрсетіліп келгенін айтты.

«Қылмыстық істің ойдан құрастырылып, қолдан жасалғаны соншалық, оны сотта қарауға келмейді. Себебі сот тергеу органы емес, ол сотқа дейінгі тергеудің қателіктерін түзетіп отырмауы керек. Сондықтан 8 сәуірде Медеу аудандық сотында өтетін алдын ала тыңдау кезінде біз істі тоқтатуды немесе сотқа дейінгі тергеуге қайтаруды талап етеміз. Б. Назарбаев отбасының рейдерлеріне өздерінің қылмыстық жоспарын іске асыру үшін сотты пайдалануына жол бермеу керек. Сот тәуелсіз болуы керек. Тергеу сотының арқасында менің күйеуім 9 ай бойы тергеу изоляторында заңсыз отыр. Бұл – ЖШС қатысушыларының арасындағы үлесті бөлу және сатып алуға қатысты азаматтық-құқықтық қатынас. Бұл мәселе экономикалық сотта шешілуі тиіс», – деді бизнесменнің жары.

Қазір Абдығаппаровтың отбасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр. Олар Жаңа Қазақстанда мұндай заңсыздыққа жол берілмейді деп үміттенеді.

Еске сала кетсек, Parmigiano Group ресторан желісінің негізін қалаушы, бизнесмен Алмас Абдығаппаров 2021 жылдың 24 маусымында ұсталған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button