«НАТО-ға қабылдамағаныма өкінбеймін»: Ангела Меркель Зеленскийдің сынына жауап берді
«НАТО-ға қабылдамағаныма өкінбеймін»: Ангела Меркель Зеленскийдің сынына жауап берді
Украина Президенті Владимир Зеленский 3 наурызда батыс елдеріне үндеу жасап, Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель мен Францияның экс-президенті Николя Саркозиді украин әскері азат еткен Буча қаласына шақырған еді. Украин билігі Киев маңындағы Буча қаласын басып алған орыс әскері 300-ден астам бейбіт тұрғынды «жазықсыз өлтірді» деп айып тақты.
Қанша бейбіт тұрғынның жау қолынан қаза тапқаны әлі белгісіз. Батыс елдері Ресей әскерінің бұл ісін геноцид деп бағалады. Украина билігі де осылай атады.
Осыған орай, В.Зеленский Ангела Меркель мен Николя Саркозиді Буча қаласына бейбіт тұрғындардың қалай қаза тапқанын көруге шақырған еді. Ондағы мақсаты – кезінде осы екі басшы Украинаны НАТО-ға қабылдауға қарсылық білдіргенін еске салу болғанға ұқсайды.
«Мен Меркель ханым мен Саркози мырзаны Бучаға барып, 14 жыл ішінде Ресейге жеңілдік саясатының неге әкеліп соққанын көруге шақырамын. Азап көрген украин халқын көзбен көріңіздер», - деді ол.
Әрі Батыс елдеріне Украинаны НАТО-ға мүшелікке қабылдамағаны үшін кінә артпайтынын, кінәлауға да хақысы жоғын айтты.
«Алайда осының бәрін көре тұра батыс елдерінің қимылдамай отырғанына таңымыз бар», - деген еді Зеленский.
Ал бұған Германияның экс-канцлері Ангела Меркель түсініктеме берді.
«Неміс Үкіметінің экс-басшысы Украинаны НАТО-ға қабылдауға қарсылық білдіргеніне өкінбейді. 2008 жылы Бухарест қаласында қабылдаған шешімін әлі де дұрыс шешім деп таниды», - деп пікір білдірді Меркельдің баспасөз қызметі.