Әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы бастама көтерілді

Қазақстан Халық партиясы еліміздің Конституциясына 5 түзету енгізу туралы бастама көтерді. Аталған түзетулерді бүгін Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жария етті деп хабарлады turkystan.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Біріншіден, жер, оның қойнауы мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі. Біз әрбір қазақстандықтың жер мен пайдалы қазбаларды иеленудің, одан табыс алудың конституциялық құқығы үшін жердің, жер қойнауы мен байлығының халықтық меншігін бекітуді ұсынамыз. Екіншіден, мемлекет ерлер үшін 63 жастан, әйелдер үшін 58 жастан бастап зейнетке шығуға кепілдік береді. Біз негізгі әлеуметтік кепілдік ретінде Конституцияда азаматтардың зейнетке шығу жасын белгілеуді және бұл мәселеде алдағы бірнеше жылға нүкте қоюды ұсынамыз. Бұл ретте әйелдер үшін зейнет жасын арттыру шешімін түзетіп, оны 58 жасқа дейін төмендету қажет деп санаймыз», – деді партия төрағасы.

Оның айтуынша, үшінші түзету– мемлекет жыл сайын зейнетақыны, шәкіртақыны және әлеуметтік жәрдемақыны өткен жылғы инфляциядан жоғары деңгейге индекстеуге міндеттенеді.

Осы ретте Халық партиясы зейнетақыны, шәкіртақыны және бюджеттен төленетін барлық әлеуметтік төлемдерді жыл сайын міндетті түрде инфляция деңгейіне индекстеу туралы түзетуді ілгерілетеді. Бұл шығыстар басым сипатқа ие болуы керек және Үкіметтің шешімдеріне тәуелді болмауға тиіс.

Төртінші, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобаларын енгізу кезінде Үкіметтің оң қорытындысының болуы туралы норма алынып тасталуы қажет.

«Бесінші – атқарушы биліктің Парламентке есептілігін бекіту. Атқарушы билікке парламенттік бақылауды күшейту қажет. Министрлер депутаттарға үнемі есеп беруі керек. Есеп бекітілмеген және сенімсіздік білдірілген жағдайда министрлер отставкаға кетуге тиіс», – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button