Жаңалықтар

Заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін сотталғандарға рақымшылық жасалмайды

ашық дереккөзі

Заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін сотталғандарға рақымшылық жасалмайды

Бейбіт жиындар мен митинг ұйымдастырғаны, ұлтаралық араздықты қоздырғаны және жалған лаңкестік үшін сотталғандар рақымшылыққа ілікпейді. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау турал» заң жобасы бойынша жұмыс тобы отырысының алдында тілшілерге сұхбат берген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл бап заң жобасының тізіліміне рақымшылыққа шектеу ретінде енгізілген. Яғни, осы баптар бойынша рақымшылық қолдануға шектеу қойылған. Сонымен қатар, бір топ адам жасаған жемқорлық қылмысқа немесе аса ауыр қылмыстарға да тыйым салынады», - деді Меркель. Оның айтуынша, аса ауыр жемқорлық қылмыс жасағандар шығынды толық көлемде өтеген жағдайда жазаны өтеу мерзімдерін қысқартатын болады. Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы жұмысқа алынды. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады. Заң жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады. Мемлекет басшысы енгізген заң жобасы ағымдағы жылдың 30 қарашасында Мәжілістің жұмысына алынған еді.