Көрінбейтін шынжыр

Көрінбейтін шынжыр

Көрінбейтін шынжыр
ашық дереккөзі
Белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесі: «Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат...», – деп басталады. Сөй­те­ді де, «Пирамида» казиносын күні-түні торуылдап, ішіндегі «көлең­ке­лі» істердің куәсі болып жүрген Жошы мен казино қызметшісі Есі­лайдың қым-қуыт ғұмырын баяндайды. Жошының жон-арқасын осып өтетін де осы – құмар ойын. Бұған жіпсіз байланған кейіпкердің өмір­дегі прототиптерін іздемей-ақ табуға болады. Қазір кез келген кө­шеде казино, букмекерлік кеңселер, әйтеуір адам жанын тірідей тұн­шықтыратын небір зұлмат сұмдықтар менмұн­далап тұрады. Осыншалықты қиын хәлге экономикалық-әлеуметтік фак­торлар әсер еткенмен, бұл құ­мар ойындарға жас та, кәрі де, ау­қат­­ты да, кедей де әуестеніп, аз ғұ­­­­­мырын сарқып жатқаны шын­дық. Ешдеше, мәселе тек адам жасы мен қаржылай жағдаяттарда жат­қан жоқ, барлық гәп – адамның іш­кі әлемінде болса керек. Осыдан ке­ліп, отбасының бұзылуы, шаңы­рақ­тың шайқалуы, жетім мен же­сір­лердің көбеюі, кедейліктің қыс­пағы туындайды. Ұлттық эко­но­ми­ка министрлігіне қарасты Статис­ти­ка комитетінің мәліметіне сүйен­сек, 2020 жылдың жарты жы­лында 12 мыңнан аса жұп ажы­рас­қан. Ажырасудың ең көбі Алма­тыда тіркелген – 1 655, одан кейін Ал­ма­ты облысында – 1 507, Қара­ған­­­ды облысында 1 507, елордада – 1 025, Шығыс Қазақстан облы­сын­да 1 003 жұп ажырасып кеткен. Ста­тистикалық мәліметтерді су­дыр­та оқып шықсақ, қандай да бір зауалды сезіну қиын. Бірақ мұқият оқы­сақ, зерделеп көрсек, 12 мың шаңы­рақтың бұзылуы – одан да көп тағдырлардың қиындыққа ұшы­рап, болашағының бұлыңғыр­лануына себеп болады. Жалпы, құмарпаздық, жеңіс­­ке деген құлшыныс – әр­кім­­нің бойында бар мінез. Ил­лю­зия­­­­ның жетегінде жүріп, адам ба­ла­­сы ар мен намысты, қарыз бен па­рызды ұмытып кетеді де, құмар­лықтың тұманды әлеміне қалай енгенін байқамай қалады. «Адам жанының құпиясы – балалық шақ­тың психикалық драмаларында жа­тыр. Осы драмалардың түбіне жет­кенде, емделу келеді» дейді әйгі­лі психолог Зигмунд Фрейд. Санасы толық жетілмеген бала әкесінің карта ойнағанын көріп, сол әре­кет­терді автоматты түрде қайталайды. Қа­сына өзі қатарлас балаларды жиып, «үлкендердің» ақшаға талас­қан эмоцияларын бастан кешкісі ке­леді. Осылайша, бойына құмар­лық­тың дәні егіліп, кейін соның нә­тижесін көретінін байқау қиын емес. З.Фрейд ұсынған теориялар­дың ішінде «суперэго» ұғымы бар. Мұның басты принципі – қандай да бір қиыншылықтан бас тарта оты­рып, жеңіл әрекеттерден ләззат алу. Адам жеңіл ақша табу жолында казино мен букмекерлік кеңселерге бара­тыны да сондықтан. Кейбір адам­дар, тіпті жеңілгеннен де, жеңім­­паз атанғаннан да ләззат алуы мүмкін. Мұндағы басты мә­селе – ойынның нәтижесі емес, ойын­ның өзі, яғни процесс. Жан дүниедегі қуыс жыл­дар бойы қалыптасып, бір күні шарықтау шегіне жетеді. Сон­да жоғарғы эго өз әрекеттеріне жауап бере алмай, нәпсінің кез кел­­ген қалауын орындайды. Ондай жағдайда адамдықтан аттау, ар­сыз­дыққа бару, адалдықты мойын­да­мау секілді категориялар өз-өзінен жара­лып, адам ғұмырын ойран ете­ді. Осы орайда, хакім Абайдың «Ға­­­­шықтық пен құмарлық – ол екі жол» дейтін өлең жолдары тақы­ры­­­­бымыздың мәнін ашатындай. Яғни, адам бойындағы шынайы болмыс пен табиғи сүйіспеншілік не­гізгі өзек болса, онда оны «таза» һәм нұрланған жүрекке жатқызуға бо­лады. Екінші жағдаятта жақ­сы­лық­қа кенеттен кенелу, уақытша ләз­­зат алу ісі алдыңғы орынға шы­ғып, кісінің ішкі көріністерін әш­кере­лейді. Бәске ақша қою ойынының сал­дары мен зардаптары түр­лі жағдаяттардан көрінуде. Мысалы, жуырда Маңғыстау облы­сы Бейнеу ауылының бір тұрғыны «Лото клуб» букмекерлік кеңсесін өртеді. Бұл әрекетке себеп болған жағ­дай – тұрғынның құмар ойынға шек­тен тыс берілуі. Оның айтуын­ша, лото, шарик, рулетка, фонбет, олимп секілді түрлі ойындарды ой­­нап келе жатқанына 20 жылдан ас­там уақыт болған. Осы уақыт ара­­лығында тұрғын 200 000 000 теңге көлемінде қаржы жоғалтып, қомақты көлемде қарызға батқан. Нә­тижесінде кеңсені өртеген. Қо­ғам­дық проблемалардың ең өзек­­­тісі – аталған жағдаяттардың жиі қайталануында жатыр. Психо­ло­гия­лық қысым мен қордаланған мә­селеге шыдамаған азаматтар осын­дай қадамдарға барып жатыр. Осындайда тән жарасын емес, жан жарасын терең се­­зі­не­тін хакім Абай тағы да еске тү­седі: Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек. Иә, Бейнеу тұрғынының ішкі «шөлмегі» соңында сынды. Қарыз­ды жабу үшін қаншама тал­­­пын­са да, ара-тұра ұрлық пен қу­лық­қа барса да, бәрібір де кеудені мең­деген дерт асқынып, ақыры қыл­мысқа душар етіп отыр. Журналист, қоғам белсен­ді­сі Айбек Қосан қазіргі бук­­­­мекерлік кеңселердің жұмысы бойын­ша былай дейді: «Букмекерлік кеңселердің жарнамасы жер жа­рады. Аттап бассаң баннер, интер­нет­ті ашсаң, кез келген сайтта осы ойы­нханалардың ақпараты қызыл-жасыл болып жарқырап тұрады. Бұған 100 пайыз тыйым салғанның өзін­де тоқтата аламыз ба? Ойын­құмар­лардың санын азайта аламыз ба? Жоқ! Шындыққа тура қарау керек, бұл мүмкін емес шаруа. Бір нәр­сені жаман деп, жеті қат жердің ас­тына тығып қойған күннің өзін­де, оған деген қызығушылық одан сайын артады. Бұл проблеманы ше­шудің оңтайлы жолы – халық­тың тұрмысын арттыру ғана. Аза­мат­тардың айлығы шайлығына же­тетіндей жағдай жасау. Табысы от­басын асырауға жеткен адам аз жа­лақысын еселеу үшін букмекерге жо­ламас еді. Егер осы шаруа қолға алын­ған күннің өзінде адамдар ойын­ханаға бас сұқса, онда ол адам­ның жеке проблемасы дер едім. Екінші өзекті нәрсе – оңалту ор­талықтары. Өкінішке қарай, біз­де нашақорлық, ащы суға әуестерді ғана емделуге бағыттайды. Ал ойын­­­­құмарлық бір ермек сияқты пікір қалыптасқан. Бірақ бұл – ауру. Басы бәлеге қалған азаматтардың санасынан дертті суырып алу үшін осы оңалту орталықтарын қолға алу қажет. Әйтпесе, елімізде соңғы тиы­нын букмекерге апарып сала­тын адамдардың саны арта бермек. Үшінші, букмекерлерге тір­кел­ген әрбір логин иесі бел­гілі болады. Егер бір азамат­тар­дың ақша салу жиілігі артса, оны бук­мекер ескеріп, бәлкім тиісті ор­талықтарға хабарлап отыру ке­рек пе екен. Заңнама негізінде осы­­­­ны міндеттеуге болар еді. Бірақ бұл утопия сияқты көрінеді». Әрине, оңалту орталықтары құрыл­ғаны жөн. Дегенмен өкі­нішке қарай, біздің мента­ли­тет­те ондай орталықтарға барып ем­делу мәдениеті әлі толық қа­лып­тас­паған. Яғни, қоғамнан жасқану, қо­ғамның пікіріне құлақ асып, бірақ өз өмірін ойран ету үдерісі көп­теп кездеседі. Шын мәнінде, адам – жалғыз. Оның сүретін өмірі де – жалғыз. Сондықтан әлеуметтік-эко­номикалық мүмкіндіктерді сара­­лай келе және ішкі потен­ция­лын игере келе адам өзі қоры­тын­ды шығаруы қажет. Парламент Сенатының де­пу­таты Дана Нұржігіт ойын биз­несі туралы заңнаманы жетіл­діру бойынша бірқатар шаралар ұсын­ды. Депутаттарға азама­т­тар­дан көптеген өтініш келіп түседі. Се­натордың айтуынша, құмар ойын­ға ұрынып, қарызға батқан адам­дардың туыстарынан букме­кер кеңселерін жарнамалауға қа­тыс­ты заңнамалық шаралар қабыл­дау­ды өтінген хаттар келеді. ««Жар­на­ма туралы» қолданыстағы заңға сәй­кес казино мен интернет-ка­зи­но қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ бук­ме­кер­лік кеңселердің қызметтерін жар­намалауға тікелей тыйым жоқ. Сон­дықтан мұндай компания­лар­дың жарнамалары интернетте агрессивті түрде жарияланады. Осы фак­тіні ескере отырып, букме­кер­лік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қол­да­ныстағы заңнамаға тиісті өз­геріс­тер енгізу қажет», – дейді де­пу­тат. ҚР Қаржы нарығын дамыту жә­не реттеу агенттігінің мәлі­ме­тін­ше, елімізде тұтынушылық мақ­сат­та алынған несие көлемі 2021 жыл­­­дың қыркүйек айының өзінде 3,7%-ға артқан. Бұл дегеніміз — 6,63 трлн теңге. Сонымен қатар 18 жас­қа толған кез келген азаматқа тө­леу қабілетін анықтамастан мо­биль­ді қосымшалар арқылы несие беріледі. Сенатордың мәліметінше, Қазақ­станда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойын­шы­ның орташа қарызы — 10 мил­лион теңге. Осындай эко­но­ми­калық жағ­даяттардың күрт на­шар­лауы адам болмысы мен жеке қа­сиет­тері­не әсерін тигізеді. Пси­хо­ло­гиялық қы­­сымға душар болып, өмір­лік көз­қарас­тары басқа арнаға бұрылады. Түйіндей келе, көпті толған­дыр­ған мәселелердің қа­тарын­дағы құмар ойындардың зия­ны әлі өршуде. Бұл үрдіс ұл­ғайып, жалпыхалықтық деңгейге дейін көтерілді. Мәселенің шешімін тап­пайынша қаншама азамат­тары­мыз қу ойынның құрығына түсіп, ашу мен кекті шақыратын аяусыз іс­ке ұрына берері сөзсіз. Осы орай­да, қазақ салтындағы тоқтам мен байлам ұғымдары аса өзекті. Сөзге тоқтай білген халық, іске де тоқтай біледі һәм ақ пен қараны ажыратып, дер кезінде өзінің асау мінезін ауыз­­дықтай алады. Ендеше, ойын­құмарлық мен азартты заң шең­берін­де жедел қарастырып, ұлттық дү­ниетаным негізінде жаңа, за­ма­науи ұстанымдар мен тыйымдар қарас­тырылған жөн.

Біржан АХМЕР