Көрінбейтін шынжыр
Көрінбейтін шынжыр
Белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесі: «Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат...», – деп басталады. Сөйтеді де, «Пирамида» казиносын күні-түні торуылдап, ішіндегі «көлеңкелі» істердің куәсі болып жүрген Жошы мен казино қызметшісі Есілайдың қым-қуыт ғұмырын баяндайды. Жошының жон-арқасын осып өтетін де осы – құмар ойын. Бұған жіпсіз байланған кейіпкердің өмірдегі прототиптерін іздемей-ақ табуға болады. Қазір кез келген көшеде казино, букмекерлік кеңселер, әйтеуір адам жанын тірідей тұншықтыратын небір зұлмат сұмдықтар менмұндалап тұрады.
Осыншалықты қиын хәлге экономикалық-әлеуметтік факторлар әсер еткенмен, бұл құмар ойындарға жас та, кәрі де, ауқатты да, кедей де әуестеніп, аз ғұмырын сарқып жатқаны шындық. Ешдеше, мәселе тек адам жасы мен қаржылай жағдаяттарда жатқан жоқ, барлық гәп – адамның ішкі әлемінде болса керек. Осыдан келіп, отбасының бұзылуы, шаңырақтың шайқалуы, жетім мен жесірлердің көбеюі, кедейліктің қыспағы туындайды. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың жарты жылында 12 мыңнан аса жұп ажырасқан. Ажырасудың ең көбі Алматыда тіркелген – 1 655, одан кейін Алматы облысында – 1 507, Қарағанды облысында 1 507, елордада – 1 025, Шығыс Қазақстан облысында 1 003 жұп ажырасып кеткен. Статистикалық мәліметтерді судырта оқып шықсақ, қандай да бір зауалды сезіну қиын. Бірақ мұқият оқысақ, зерделеп көрсек, 12 мың шаңырақтың бұзылуы – одан да көп тағдырлардың қиындыққа ұшырап, болашағының бұлыңғырлануына себеп болады.
Жалпы, құмарпаздық, жеңіске деген құлшыныс – әркімнің бойында бар мінез. Иллюзияның жетегінде жүріп, адам баласы ар мен намысты, қарыз бен парызды ұмытып кетеді де, құмарлықтың тұманды әлеміне қалай енгенін байқамай қалады. «Адам жанының құпиясы – балалық шақтың психикалық драмаларында жатыр. Осы драмалардың түбіне жеткенде, емделу келеді» дейді әйгілі психолог Зигмунд Фрейд. Санасы толық жетілмеген бала әкесінің карта ойнағанын көріп, сол әрекеттерді автоматты түрде қайталайды. Қасына өзі қатарлас балаларды жиып, «үлкендердің» ақшаға таласқан эмоцияларын бастан кешкісі келеді. Осылайша, бойына құмарлықтың дәні егіліп, кейін соның нәтижесін көретінін байқау қиын емес. З.Фрейд ұсынған теориялардың ішінде «суперэго» ұғымы бар. Мұның басты принципі – қандай да бір қиыншылықтан бас тарта отырып, жеңіл әрекеттерден ләззат алу. Адам жеңіл ақша табу жолында казино мен букмекерлік кеңселерге баратыны да сондықтан. Кейбір адамдар, тіпті жеңілгеннен де, жеңімпаз атанғаннан да ләззат алуы мүмкін. Мұндағы басты мәселе – ойынның нәтижесі емес, ойынның өзі, яғни процесс.
Жан дүниедегі қуыс жылдар бойы қалыптасып, бір күні шарықтау шегіне жетеді. Сонда жоғарғы эго өз әрекеттеріне жауап бере алмай, нәпсінің кез келген қалауын орындайды. Ондай жағдайда адамдықтан аттау, арсыздыққа бару, адалдықты мойындамау секілді категориялар өз-өзінен жаралып, адам ғұмырын ойран етеді. Осы орайда, хакім Абайдың «Ғашықтық пен құмарлық – ол екі жол» дейтін өлең жолдары тақырыбымыздың мәнін ашатындай. Яғни, адам бойындағы шынайы болмыс пен табиғи сүйіспеншілік негізгі өзек болса, онда оны «таза» һәм нұрланған жүрекке жатқызуға болады. Екінші жағдаятта жақсылыққа кенеттен кенелу, уақытша ләззат алу ісі алдыңғы орынға шығып, кісінің ішкі көріністерін әшкерелейді.
Бәске ақша қою ойынының салдары мен зардаптары түрлі жағдаяттардан көрінуде. Мысалы, жуырда Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының бір тұрғыны «Лото клуб» букмекерлік кеңсесін өртеді. Бұл әрекетке себеп болған жағдай – тұрғынның құмар ойынға шектен тыс берілуі. Оның айтуынша, лото, шарик, рулетка, фонбет, олимп секілді түрлі ойындарды ойнап келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болған. Осы уақыт аралығында тұрғын 200 000 000 теңге көлемінде қаржы жоғалтып, қомақты көлемде қарызға батқан. Нәтижесінде кеңсені өртеген. Қоғамдық проблемалардың ең өзектісі – аталған жағдаяттардың жиі қайталануында жатыр. Психологиялық қысым мен қордаланған мәселеге шыдамаған азаматтар осындай қадамдарға барып жатыр.
Осындайда тән жарасын емес, жан жарасын терең сезінетін хакім Абай тағы да еске түседі:
Жамандар қыла алмай жүр
адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп
қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық
көрмей қалмас,
Мың күн сынбас,
бір күні сынар шөлмек.
Иә, Бейнеу тұрғынының ішкі «шөлмегі» соңында сынды. Қарызды жабу үшін қаншама талпынса да, ара-тұра ұрлық пен қулыққа барса да, бәрібір де кеудені меңдеген дерт асқынып, ақыры қылмысқа душар етіп отыр.
Журналист, қоғам белсендісі Айбек Қосан қазіргі букмекерлік кеңселердің жұмысы бойынша былай дейді: «Букмекерлік кеңселердің жарнамасы жер жарады. Аттап бассаң баннер, интернетті ашсаң, кез келген сайтта осы ойынханалардың ақпараты қызыл-жасыл болып жарқырап тұрады. Бұған 100 пайыз тыйым салғанның өзінде тоқтата аламыз ба? Ойынқұмарлардың санын азайта аламыз ба? Жоқ! Шындыққа тура қарау керек, бұл мүмкін емес шаруа. Бір нәрсені жаман деп, жеті қат жердің астына тығып қойған күннің өзінде, оған деген қызығушылық одан сайын артады. Бұл проблеманы шешудің оңтайлы жолы – халықтың тұрмысын арттыру ғана. Азаматтардың айлығы шайлығына жететіндей жағдай жасау. Табысы отбасын асырауға жеткен адам аз жалақысын еселеу үшін букмекерге жоламас еді. Егер осы шаруа қолға алынған күннің өзінде адамдар ойынханаға бас сұқса, онда ол адамның жеке проблемасы дер едім. Екінші өзекті нәрсе – оңалту орталықтары. Өкінішке қарай, бізде нашақорлық, ащы суға әуестерді ғана емделуге бағыттайды. Ал ойынқұмарлық бір ермек сияқты пікір қалыптасқан. Бірақ бұл – ауру. Басы бәлеге қалған азаматтардың санасынан дертті суырып алу үшін осы оңалту орталықтарын қолға алу қажет. Әйтпесе, елімізде соңғы тиынын букмекерге апарып салатын адамдардың саны арта бермек.
Үшінші, букмекерлерге тіркелген әрбір логин иесі белгілі болады. Егер бір азаматтардың ақша салу жиілігі артса, оны букмекер ескеріп, бәлкім тиісті орталықтарға хабарлап отыру керек пе екен. Заңнама негізінде осыны міндеттеуге болар еді. Бірақ бұл утопия сияқты көрінеді».
Әрине, оңалту орталықтары құрылғаны жөн. Дегенмен өкінішке қарай, біздің менталитетте ондай орталықтарға барып емделу мәдениеті әлі толық қалыптаспаған. Яғни, қоғамнан жасқану, қоғамның пікіріне құлақ асып, бірақ өз өмірін ойран ету үдерісі көптеп кездеседі. Шын мәнінде, адам – жалғыз. Оның сүретін өмірі де – жалғыз. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерді саралай келе және ішкі потенциялын игере келе адам өзі қорытынды шығаруы қажет.
Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт ойын бизнесі туралы заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар шаралар ұсынды. Депутаттарға азаматтардан көптеген өтініш келіп түседі. Сенатордың айтуынша, құмар ойынға ұрынып, қарызға батқан адамдардың туыстарынан букмекер кеңселерін жарнамалауға қатысты заңнамалық шаралар қабылдауды өтінген хаттар келеді. ««Жарнама туралы» қолданыстағы заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде жарияланады. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет», – дейді депутат. ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің мәліметінше, елімізде тұтынушылық мақсатта алынған несие көлемі 2021 жылдың қыркүйек айының өзінде 3,7%-ға артқан. Бұл дегеніміз — 6,63 трлн теңге. Сонымен қатар 18 жасқа толған кез келген азаматқа төлеу қабілетін анықтамастан мобильді қосымшалар арқылы несие беріледі. Сенатордың мәліметінше, Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы — 10 миллион теңге. Осындай экономикалық жағдаяттардың күрт нашарлауы адам болмысы мен жеке қасиеттеріне әсерін тигізеді. Психологиялық қысымға душар болып, өмірлік көзқарастары басқа арнаға бұрылады.
Түйіндей келе, көпті толғандырған мәселелердің қатарындағы құмар ойындардың зияны әлі өршуде. Бұл үрдіс ұлғайып, жалпыхалықтық деңгейге дейін көтерілді. Мәселенің шешімін таппайынша қаншама азаматтарымыз қу ойынның құрығына түсіп, ашу мен кекті шақыратын аяусыз іске ұрына берері сөзсіз. Осы орайда, қазақ салтындағы тоқтам мен байлам ұғымдары аса өзекті. Сөзге тоқтай білген халық, іске де тоқтай біледі һәм ақ пен қараны ажыратып, дер кезінде өзінің асау мінезін ауыздықтай алады. Ендеше, ойынқұмарлық мен азартты заң шеңберінде жедел қарастырып, ұлттық дүниетаным негізінде жаңа, заманауи ұстанымдар мен тыйымдар қарастырылған жөн.
Біржан АХМЕР