Жәркен жыраудың жылдығы

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын Жәркен Бөдешұлы өмірден өткеніне тура бір жыл болды. Әлемге жайылған алапат індет көптеген отандасымызбен қатар әр са­­лада зор еңбек сіңірген танымал тұлғаларды арамыздан алып кет­­ті. Көзі тірісінде «Жәркен жырау» атанған Жәркен Бөдешұлының есі­­мі қашанда ұмытылмақ емес. Тіпті, қайтыс болғаннан кейін көп өт­­пей, ақын інісі Ержанат Байқабайұлы Жәркен ақынға арнап «Бо­­талар неге боздайды?» атты жыр кітабын шығарды. Сонымен қа­­тар ұлылардың алтын бесігі Кеңсайда мәңгі дамыл тапқан ақын­ның басын көтеріп, көктас орнатуға бастамашы болған да осы Ержа­нат Байқабайұлы екен. Жас ақынның аға ақын жайлы тол­ға­ныс­­тарымен бірге, бірқатар ұсыныстары айтылған мақаласын жария­­лап отырмыз.

Ақынның артында не қалды? Өл­мес, өшпес өлең қалды. Ақын жанның сыры, көрген жанның көкейінде нар маң­­­­дайы, құлан қабағы, сағынышқа то­лы жанары, асқақ рухы қалды. Ал­тын басы Алатаудың бауырына жер­лен­­ді, сағынышын Сауыр тау мен Жайыр тауға көмді…
Жәркен жырау өмір есігін өт­кен ғасырдың қиыншылығы мол қырқыншы жылдарының бел ор­­­­тасына жете Майлы-Жайырдың көш жолында ашып, кіндігін Қату тау­­дың қара тасымен кесті. Тарба­ға­тай­­дың таулары мен шалдары жарыса азан шақырып «Жармұхаммед» деп атын қойды. Жайыр тау жайнамазын жайып, ақ сәбиімді маңдайыма сый­ды­ра көр деп алақан жайды. Жоқ­шы­лық жылдарда әкесі Бөдешұлының қал­жасына бөдене сойып қарап отыр­мады, жон таудағы арқардың құл­жа­сын шалмалап әкеліп сойды. Содан да бо­лар, Жәркен жырларындағы ішкі-сыртқы иірімдері ақбас құлжаның ай мүйізіндей неше айналып үйіріліп, буындары бір-біріне бүгіліп, ұйқастары оюласып, өрнектеліп біте қайнасып, қан мен кемік кеңесіп кете беретіні. Ал жыраудың өмірі де оққа сүйенген арқардың қорғасын уыты бойына тарағанша адалдық пен тазалықтың құз-жартасынан кең дүниеге кем­сең­демей керіле қарап тұрды, құламады. Өйт­кені сағыныштың алып самұрығы іліп әкетуін күткен еді. Ее, «балықтың да көз жасын су біледі» дейтін баянсыз өмір осы да.
Бөкеннің желісіндей болдырмас күндер өтіп, қозы жайған бала Жәркен бозбала болып қоңыр құнанға ер салды. Оқыды, ақындық арман жо­лын арши түсті. Ақыры «бір қиырдың әй­теуір дәмір тартып, туған жерінен әкетті ажыратып». Заманның зар дауы­сы ақ түтек ақ боранында бір-ақ түнде соны таудың соқпақшыл бөрісіндей Ар­қаға ауды да кетті. Атамекенге жетті, туған жермен қоштаса алмай аттанды. Бел асып келіп бесігін ұмытпады, әйт­пе­се «не келіп, не кетпеді жігіт бас­қа». Бе­кінген бетінен, берген сертінен ай­нымаған, көрген дертіне қажымаған, дүние-қоңызға қолын бірақ сілтеген ары таза адал ақын еді. «Осы Жәр­кен­нен жақсы ақын шықпаса, мұрнымды ке­сім берейін» деп ақиық Мұқағали бе­кер айтпаған. Батасын беріп, «бауы­рым» деп бауырына тартқан. Жәркен жы­раудың өміріндегі ең алғашқы, ең үл­кен сыйы да, қуанышы да, ең соңғы мара­паты да сол шығар.
Ақ бауыр жылдар аунаған сайын су тиген арқандай ширай түсті. Туған жер туралы ғажап жырлар жазыла бер­­ді. Ол жақтың ауылында, бауы­рын­да, аруында, бұлағында, жыланын да, қоңы­зын да, «өреден құрт-ірімшік алып қашатын кезқұйрығы мен қарға­сын да» сағынды. «Тіс шұқитын жалғыз тал аршасына да зар болған» запыран түн­дер басынан өтті. Қылыш жүзді қыр­қында да, егеулі елуінде де, алқын­бас алпысында да ата жұртын, туған жерін сағынып жүрді. Жылқы мінезді ақын жаны, ақ жүрегі жүлдеге емес, пен­дешілікке жүдеді. Ыстық құшақ, жы­лы қабақ болмағасын тобырлардың тойынан жалғыз шығып, жалын күнге иіс­кетіп, кісінеп кісілік тауына жал асып езбен емес, желмен сырласып ба­ра­­­­тын. Ол сағыныш арқылы жалғыз ғана Жайырды емес, жарық әлемді жыр­лады. Опалылық, мейірімділік, адам­дық ар-ұжданды жырлады. Айта­рын ащы айғаймен емес, пері қыздың бета­шарындай ажарлы айтатын. Сон­дық­тан соны жырдың нілін сорған Жәркен – жырдан жылқы айдаған қара өлеңнің Қамбары, оқырманы ең көп ақын, бақытты ақын. Бозадыр маң­дайлы, аңыз текті, жырымен қара тас­ты да жылатып, жылан түлейтін қа­зақтың жырауына айналды.
Бұл сөздер аруақты асыра мақтау емес, енді не десек те Жәркенге бәрі­­­бір. Жәкең өрт өмірде, мұз тағ­дыр­да өзінен бұрын өзгелерге гүлістан ба­қыт тілейтін. Тірісінде қысылғанда жа­нынан табылған жандар, жанашыр бауыр­лары болды. Жарты құртты бө­ліп жеп, жартылықты бөле ішкен сыр­­лас-сыйластары да болды. Алпы­сын­да күміс шапанын жауып, астына ат мінгізген інілері мен бауырлары бол­ды. Оған әуелі Алла, одан соң өлең мен Жәркен атамның өзі риза болар. Алай­да қазақтың кеше ғана көзі тірі жырауы өзі әбден лайық ат-атағын ала алмай, жетерлік сый-сияпатын көрмей кетті. Тіпті, жыр маңғазы Жәркенге кей­­­­бір ауыл арасының өлеңшілеріне де бұйырған Мемлекеттік сыйлықты да қимағанымыз қынжылтады. Енді қан­дай атақ берсек те, Жәркен жырау қайта оралмас.
Дегенмен аруағын әспеттеп, ор­нын суытпай, есімін ескіртпей­тін өткен мен болашақ алдындағы, жыр мен Жәркен алдындағы елдік өтеуі­­­­мізді өтеуге тиістіміз. Аруақты көл­денең тартқанымыз емес, бұл ретте мы­надай ұсыныс айтар едік:
Жәркен Бөдешұлы шығар­ма­лары мен оған қатысты зерт­­теу, эсселер қам­­­­­тылған толық томдық құрас­тырыл­са;
Жәркен Бөдешұлы атындағы ха­лық­аралық жыр мүшәйрасы дәстүрлі түр­де өткізіліп тұрса;
Көзі тірісінде тұрған Құлагер ық­шам ауданында немесе сондағы парк­ке ақынның монументі орнатылса;
Өмір бойы туған мекенін жырлап, са­ғынып өткен ақынға Қазақ елінен бір елдімекеннің немесе ірі қалаларда­ғы бір көшенің аты берілсе;
Жоғары оқу оырндары мен кітап­ха­налардан Жәркен Бөдешұлы атын­дағы оқу залы ашылса;
Бұл ұсыныстарымызды мәде­ниет­ке жауапты құзырлы орын­­дар мен Қазақстан Жазушылар ода­­ғы жағынан ескеріледі деп үміт­тенеміз. Ал Жәркен жырын оқыған, қа­дыр-парқын білетін жаны жылы, қолы жомарт жандардың ақынның ар­тында қалған жары Гүлшат Бөде­шова апайға қолдан келген көмегін аяп қалмауын өтінер едік. Мәртебелі қазақ поэзиясында сағыныш жыры­ның дабылын қаққан дауылпаз жы­рау­дың аруағы риза болып, болашақ ұрпақ­тың алдында жүзіміз жарық бол­ғай!

Ержанат БАЙҚАБАЙ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button