Ұлттық мәртебесі бар мекеме – ұлт қазынасы

Ұлттық мәртебесі бар мекеме – ұлт қазынасы

Ұлттық мәртебесі бар мекеме –  ұлт қазынасы
ашық дереккөзі
Елімізде Ұлттық мәртебесіне ие санаулы мекемелер бар. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы. Оның құрылғанына биыл 85 жыл толғалы отыр. Елімізде басылып шыққан барлық мерзімді баспасөз, кітап өнімдерін тіркеп, олар туралы түрлі статистикаларды жүргізіп отыратын бұл мекеменің маңызы орасан зор. Осы мекеме арқылы күллі әлем Қазақстанда қандай газет-журналдар, кітаптар шығып жатқанын және олардың мән-мағынасын біле алады. Соңғы кезде еліміздегі мемлекеттік тапсырыс негізінде кітап шығару т.б. істерге басшылық жасау Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасына беріліп, аталған ұйымның мәдени-рухани өміріндегі маңызы арта түсті. Осы және өзге мәселелер жөнінде Кітап палатасының директоры Әділ Қойтановпен әңгімелескен едік. – Әділ Қаженбайұлы, сіз басқарып отырған Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы – еліміздегі орны ерекше мекеменің бірі. Қазақстандағы күллі бас­пасөз, кітап істеріне қатысты де­рек­тердің бәрі осы жерде жасалады. Де­генмен көпшілік ол туралы біле бер­меуі мүмкін. Сондықтан ең алды­мен Кітап палатасының тарихына, мақ­сат-міндетіне тоқталсақ. – Айтуыңыз орынды, мемлекетімізде бел­гілі бір салаға қатысты барлық де­рек­тердің жасалуына басшылық жасайтын ме­­­кемені былайғы жұрт біле бермеуі мүм­кін. Сондықтан мұндай жағдайда ол жалпы қо­ғам назарынан тыс қалып жатады. Ал біз­дің Кітап палатасына келсек, бұрын оны бас­пасөз, баспа саласында істейтіндер біл­се, кейінгі дәуірде еліміз азаматтарының өз қаражатына кітап шығару, жекеменшік га­зет-журналдар ашуға байланысты аза­мат­­тарымыз бізбен түрлі байланыс жасау ар­­қылы қоғамға кеңірек белгілі бола бас­тады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс не­гі­зінде кітап шығару ісінде жүргізілген ре­формаларға орай да қаламгерлер мен ха­лық арасында танымалдылығы артты деп айта аламыз. Сол үшінде аталған ме­ке­менің тарихы туралы айтқанның артығы жоқ деп білемін. Биыл құрылғанына 85 жыл толғалы отырған Қазақстан Республика­сы­ның Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы Қа­зақ КСР Мемлекеттік Кітап палатасы Қа­­зақстан Орталық Атқару Комитеті мен Қа­зақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 19 шілдедегі «Қазақ КСР Мем­лекеттік Кітап палатасын құру туралы» бір­­лескен Қаулысы негізінде ұйым­дас­тырыл­ған болатын. Оның мәртебесі туралы айтар болсақ, Кітап палатасы 1937-1945 жыл­­дары Қазақстаның Оқу Халық Ко­мис­сариа­тына, 1945-1953 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мә­дени-ағарту мекемелері басқармасына, 1953-1963 жылдары Қазақстаның мәдениет министрлігіне, ал 1963 жылдан бастап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік кабинеті қарауында жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік Кітап палатасы Қа­зақстан Республикасы Министрлер ка­бинетінің 6 сәуір 1993 жылғы №270 қау­лысымен Қазақстан Республикасының Ұлт­тық Мемлекеттік Кітап палатасы болып өз­гертілді. Қазір Қазақстан Республика­сы­ның Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің құзырындағы маңызды мекеме. Кітап палатасы Қазақстанда шыға­тын басылымдардың жарыққа шығуы­на бағыт-бағдар беріп, халықаралық стан­дарт талабына сай тіркеуге алатын, бас­па және баспасөз өнімдерін жинап, сақ­тайтын, статистикасын жүргізетін бірден-бір ғылыми-библиографиялық орталық. Ғы­лыми-библиографиялық көрсеткіштер шы­ғару, баспасөз статистикасын жүргізу, жүйе­ленген каталогтар негізінде баспа­лар­ға, мекемелерге, жекелеген адамдарға ақ­парат­тық-библиографиялық анықтамалар беру – Кітап палатасының негізгі қызметі­нің бірі. Ұлттық мемлекеттік Кітап пала­та­сы баспаларға және баспа өнімдерін шы­ғара­тын ұйымдарға, штрих белгілер ISBN – (ағылшынша International Standard Book Number деген сөздің қысқартылған түрі) беру­ді жүзеге асырады. ISBN – кітапты сауда же­лілерінде тарату және басылыммен жұ­­мысты автоматтандыру үшін қажетті кітап басылымының бірегей нөмірі. Осы белгімен шыққан еліміздегі барлық кітаптар әлем кі­тапханаларында тіркеліп, кітапқа қатыс­ты барлық деректерді береді. Бұл стандарт Ұлыбританияда 1966 жылы Гордон Фос­тер­дің тоғыз таңбалы стандартты кітапты нө­­мірлеу коды (SBN коды ретінде қысқар­тыл­ған) негізінде әзірленді. 1970 жылы шамалы өзгеріспен ISO 2108 халықаралық стан­дарты ретінде қабылданды. 2007 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап халықаралық стан­дартты кітап нөмірі үшін жаңа стан­дарт – штрих-кодқа сәйкес келетін 13 таң­­балы стандарт енгізілді. Бұрынғы Кеңес­­тер одағы аумағында халықаралық стан­­дартты кітап нөмірі 1987 жылдан бері қол­­данылады. Кітап палатасы қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасының Бас­па­сөз мұрағатын, мемлекеттік биб­лиог­ра­фия­ның, баспасөз статистикасының рес­пуб­ликалық ғылыми орталығын құру, ор­талықтандырылған каталог жасау; рес­пуб­лика аумағында шығатын барлық баспасөз туын­дыларын есепке алу және ғылыми тұрғыдан өңдеу, жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламаны іске асыру, сондай-ақ кітап­тарды халықаралық стандартпен нөмірлеу, штрих-кодтар беру, КБЖ (кітапханалық-библиографиялық жіктеу) жөніндегі функцияны орындау болып саналады. Сондай-ақ Қазақстан Республи­ка­сын­да барлық мерзімді басылымдар­дың шығатын басылымдардың даналарын Мұрағатқа жинап, тіркеуге алу, Қазақстан Рес­публикасының Баспасөз мұрағатындағы міндетті даналардың сақталуын қамтама­сыз ету, мерзімді басылымдардың туын­ды­л­арын сақталуын бақылауға алу да осы ме­к­еменің міндетті жұмысы. Бұдан әрі айта берсек, еліміздегі ғы­лыми мекемелерді, кітапханаларды, ғы­лыммен айналысатын орталықтарды би­б­лиографиялық ақпаратпен: жыл­на­ма­лар және анықтамалармен қамтамасыз ету, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының Бас­пасөз мұрағаты қорында мерзімді ба­сы­лымдарды толықтыру және сақтау; Қа­зақстан Республикасында шығатын баспа өнім­деріне халықаралық ISBN, ISSN, ISMN штрих-кодын беруді қамтамасыз ету; Қа­зақстан Республикасында басылып шыққан жариялымдардың, материалдардың негізгі түрлерінің библиографиялық өңделуін жү­зеге асыру; Қазақстан Республикасында шы­ғатын мерзімді басылымдардың (газет, жур­нал, жалғаспалы басылым т.б.) статис­тикалық есебін жүргізу; Қазақстанда шы­ға­тын кітап пен журналдарға ӘОЖ (әмбе­беп ондық жіктеу) индексін беру де Кітап палатасының міндетті жұмысы. Сонымен бірге Қазақстан Респуб­ли­касында 1917 жылдан бері басылып шыққан жарияланымдардың, материал­дар­дың барлық түрлеріне, Кітап палатасы­ның қорында 1917 жылға дейін басылып шық­қан әдебиетті қамтитын каталогтар мен картотека жүйесін жүргізу; Қазақстан Республикасы туралы шет елдерде шыққан материалдарды жинау; Қазақстанда алыс және жақын шет елдері туралы жария­лан­ған туындыларды, материалдарды анықтау, есеп­ке алу, библиографиялық сипаттама ж­а­салған карточкаларды басқа кітапх­а­наларға, ғылыми мекемелерге жіберу; Елі­міз­дің мемлекеттік, қоғамдық орындардан, жеке тұлғалардан түскен сұраныс бойынша бас­па өнімдерін алып беру; Баспасөз Мұра­ға­тында сақтаулы басылымдардың элек­трон­­дық көшірмесін жасау да Кітап па­латасының атқаратын жұмысы. Қазір Кітап палатасы елімізде мер­зім­ді басылымдар туралы ғылыми-зерттеу, білім беру ісі туралы социологиялық зерт­теулер жүргізу және ғылыми-прак­ти­ка­лық семинарлар, конференциялар, «дөң­гелек үстелдер» және кітаптарға көрмелер мен жәрмеңкелерді өткізуді ұйымдастырып отыр. Кітап палатасы құрылған күннен бастап, Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын білікті және кәсіби түр­де орындап келеді. Бір сөзбен айтқанда, Қа­зақстан Республикасы Ұлттық мемле­кет­тік Кітап палатасы – 85 жылдан бері елі­міз­дегі бірегей ұлттық библиографиялық ор­талығы. Қазірде Кітап палатасының Бас­­пасөз мұрағаты қорында 1896 жылдан бас­тап шыққан 5 миллионға жуық баспа өнімдерінің міндетті даналары сақталуда. Аудан­дық газеттен бастап, барлық басы­лым­дар бар қорымызда. Кейбір жекеменшік баспалар шығарған кітаптарын бізге тап­сырмай, ізінен қуып жүретін де жағдайлар болады. Себебі бізден ISBN алғандар өздері шығарған кітаптарының бір данасын бізге өткізуге міндетті. ISBN Лондон кітап­ха­насынан беріледі, біз соған делдал боламыз. ISBN белгісі – халықаралық кітап стан­дар­ты, ол белгісі бар кітаптар туралы мәлімет әлем­нің барлық кітапханаларында тұрады. – Соңғы жылдарда Мемлекеттік ұлт­тық Кітап палатасының жұмысы мемлекеттік тапсырыс негізінде кітап шы­ғару ісін қолға алғалы қаламгер қауы­мы мен оқырмандардың на­зары­на ілініп, қызығушылығын арт­тыр­ғаны анық. Авторлардың кітаптарын мем­лекеттік тапсырыс негізінде шы­ғару процестерін қалай жүзеге асыра­сыздар? – Былтырдан бері заң бойынша «Қо­ғам­дық маңызды әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша ал­дын ала іріктеу ісі Кітап палатасына беріл­ді. Бұрын ол Қазақстан Республикасы Мә­де­ниет және спорт министрлігіндегі ко­митеттің өзінде жүргізілетін. Бірақ мынаны білу керек, кітапты шығару біздің құзыры­мыз­ға жатпайды, біз тек авторлар тара­пы­нан ұсынылған кітаптарды саралап, іріктеп бере­міз. Ол жұмыс алғаш жүргізілгелі отыр­ғанда пандемия басталып кетіп, біз істі электронды түрде іске асыруға көштік. Яғни, авторлар бізге шығармалары мен дерек­терін жібереді, біз ұсынған автор мен ұсынылған деректерді сайтқа орна­лас­тырамыз, оған оқырмандар электронды түр­де дауыс береді. Содан кейін біз шығар­маларды іріктеу жұмысын жүргіземіз. Бұл жұмысты жүргізу оңай емес, өйт­кені кітаптарын ұсынатын авторлар көп, ал басып шығаруға беретін рұқсатта оның саны шектеулі. Мәселен, өткен жылы біз­ге сараптау, іріктеуге 800-дей автордан туын­ды келіп түссе, биыл соның ішінде 50-іне ғана кітап болып шығуына рұқсат беріл­мек. Өйткені мемлекет тарапынан бөлініп отырған ақша соған ғана жетеді. Екі жылға созылған ғаламдық пандемия біздің еліміздің экономикасына да әсер етіп, соның себебінен кітап шығаруға бөлініп отырған қаржы да азайып отырған тәрізді. Іріктеудің алғашқы турын ашық түрде жүргізіп, оқырмандардың электрон­ды түрде дауыс беруін ұйымдастыруымыз да біраз даудың тууына себепші болғанын білесіздер. Оны біз іріктеуді әділ жүргізудің бір жолы ретінде қарастырғанбыз. Бірақ біз сайтқа орналастырылған туындыларды тек дауыс берумен бағалап отырған жоқпыз, ол оқырмандардың қандай кітаптардың шығуын қалайтынын байқау еді. Әрине, оның ыңғайлы да, ыңғайсыз жақтары бар. Кейбір танымал авторлар шығармалары аз дауыс алып қалуы мүмкін, керісінше, жал­пы әдебиетте танымал емес болғанымен әлеу­меттік желіде белсенді жас авторлар көп дауыс жинауы мүмкін. Сондықтан біз тәуел­сіз сарапшы комиссия құрдық. Олар көп дауыс жинаған туындыларды сарап­тайды, лайықтыларын шығаруға ұсынды. Сондай-ақ аз дауыс алған бірақ маңызды, құнды шығармаларды да басып шығаруға болады деп шешім шығарады. Бізде тоғыз сала бойынша шығаруға ұсы­нылған кітаптар тіркеледі. Кі­тап­­тарды тіркеу маусымының 1-нен бастап ав­томатты түрде тоқтатылады. Содан кейін бір ай бойы дауыс беріледі. Электронды түр­де дауыс беру аяқталған соң туындылар 15 адамнан тұратын тәуелсіз комиссияның (оның құрамына Мәдениет және спорт министрлігі мен Кітап палатасының қыз­меткерлері кірмейді) қарауына беріледі. Солар бізге келіп түскен барлық кітаптар­дың мән-маңызын саралап, шешім шығара­ды. Одан соң іріктеуден өткен кітаптар ми­нистрлікке жіберіліп, ол жақта ве­домствоаралық комиссияның талқылауына тү­седі. Содан өткен кітаптар ғана басып шығаруға жол табады. Сондықтан жұртшы­лық бұл мәселеде шешуші орган біз емес­ті­гін білсе дейміз. – Авторлар тарапынан кітаптар ұсы­нуда және оны қабылдауда бағдар­ла­маларға байланысты қандай ерек­ше­ліктер бар? – Шынын айту керек, мемлекеттік тап­сы­рыс негізінде кітап шығару ісінде негі­зі­нен жаңа шығармаларға мән беріледі. Ал біз­дің қаламгерлер көп жағдайда жаңа кі­тап ұсына бермейді, бұрын жарық көрген шы­ғармаларының қасына бірді-екілі жаңа шы­ғарма қосып кітап жасай салады, тіпті бұрын шыққан кітаптарының, оның ішіне енген кейбір шығармаларының атын өз­гертіп қайта ұсына беретін жағдайлар да кез­десіп қалады. Бұл енді ыңғайсыз нәрсе. Оқырманды да ойлау керек қой. Бірақ оның бәрін үлкен кісілер түсіне бермейді. Сон­дықтан кейінгі кезде көптомдықтарды шығару ісі де тоқтатылып жатыр. Ми­нистр­лік тарапынан жаңа авторлар, жаңа шы­ғармаларға басымдық беру көзделіп отыр. Бұл енді кітап басып шығарудың бір бағ­дарламасына қатысты мәселе. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарудың Қоғамдық маңызды бар әдебиетті сатып алу, басып шығару жә­не тарату қағидасы бойынша бұрын басып шы­ғарылмаған әдебиетті шығару ісі – өз ал­дына бір бағдарлама. Ол бұрын кітап бо­лып шықпаған туындыларды шығаруға ба­ғытталған. Ол бағдарлама бойынша шығатын кітаптар авторлардан сатып алынып, қаламақысы төленіп, бес жылдың ішін­де шығарылады. Яғни, бес жыл бойын­ша кітапты шығару, тарату құқы мем­ле­кет­ке тиесілі болады. Бұл бағдарлама бойынша кітап­тарды саралау мен сұрыптау құқы да алдағы кезде біздің мекемеге берілгелі отыр. Айта кету керек, осыдан 4-5 жыл бұ­рын мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап­тардың таралымы 5 мың дана болса, қазір ол 3 мың данаға түсірілген. Оның бір себебі еліміздің кітапханаларында жыл сайын шығатын жүздеген кітаптарды сақ­тау қиындық тудырып отыр. – Кітап палатасы елімізден шыққан кітаптарды, қаламгерлерді насихаттау мақсатында қандай мәдени шаралар өткізеді? – Әрине, осы кезге дейін өткізген және жал­ғасып жатқан жобаларымыз баршылық. Со­ның бірі – Қазақстан Жаушылар ода­ғы­мен бірігіп өткізген «Асыл сөз» жобасы. Бұл жоба бойынша елімізге белгілі қаламгер­лер­мен, мәдениетімізге еңбегі сіңген тұлға­лар­мен еркін форматта сұхбат өткіземіз. Осы кезге дейін Халық жазушысы, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­пен, Халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовпен, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаттары Мыр­­затай Жолдасбековпен, Сәбит Доса­нов­­пен, Бексұлтан Нұржекеұлымен, Қазақ­стан­ның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен мазмұнды сұхбаттар жасадық. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің еліміз­дің барлық өңірлерінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүргізіп отырған «Адалдық алаңы» атты жоба бар. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық мем­лекеттік Кітап палатасы мен «Ақ­парат­тық-технологиялық орталығы» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламалары аясында жасалған Smart qalamger атты жобасы бар. Ол – мем­ле­кет тарапынан қаржыландырыл­май­ды. Кітап палатасының электронды базасын жасауда серіктесіп жұмыс істеу үшін дайындалған әлеуметтік жоба. Енді ақылы ашылған сайтын әр жазушы өз өз контен­ті­мен толтырып, өз шығармашылығын ға­ламторда қалың оқырманға ұсынып, насихаттай алады. Сондай-ақ онда автор­лар өз кітаптарының қолжазбаларын орна­лас­тырып, баспалардың назарын аударуға мүм­кіндік бар. Бұдан басқа bookfund.kz сай­ты еліміздегі кітапханалардың кітап қоры туралы мәлімет алуға болады. Биылдан бастап Қазақстан Жазу­шы­лар одағымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сымен және Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлт­тық консерваториясымен бірлесіп, ма­мыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек ай­лары­ның соңғы сенбісінде Абай даң­ғы­лы­ның басындағы Абай ескерткішінің жа­нын­да кітап және өнер жәрмеңкесін тұрақ­ты түрде өткізіп отыруды баста­мақ­пыз. Онда баспалар мен қаламгерлер, сурет­шілер мен қолөнер шеберлері өз туын­дыларын насихаттайды, сатады. Тұсау­кесерлер жасалады. Сондай-ақ ақын­дарға өз өлеңін оқуға, әншілерге ән салуға, күй­шілерге күй тартуға жағдай жасалады. Ол қазақтың өнері мен әдебиетін кең на­сихаттайтын шара болуы тиіс. Бұны дәс­түрге айналдыру керек, бұндай шаралар өт­кен ғасырдың 40-жылдарынан бастап Лис­сабон (Португалия), Мадрид (Испания) қа­лаларында жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұрады. – Кітап палатасы – елімізде Ұлттық мәр­тебесі бар санаулы мемлекеттік ме­кеменің бірі. Тіке өздеріңізге тиісті ше­шімін табуы қажет қандай мә­се­лелер бар? – Әрине, ұйым, мекеме болған жерде да­му болады, уақыт өте өсіп-өркендей келе оның қызмет аясы кеңіп, маңызы арта тү­седі. Ал ондай жерде шешілуі тиіс мәселелер де болмай тұрмайды. Ал қазір 40-тан аса ең­бек ететін қызметкері бар Ұлттық мем­лекеттік Кітап палатасының да мем­ле­ке­тіміз тарапынан қолдау табуы қажет басты екі мәселені айтар едім. Оның алғашқысы – Кітап палатасының өз ғимараты болуы қажет десек, екіншісі қызметкерлеріміздің айлық жалақысын өсіру дер едім. Кітап па­латасының қазіргі тұрған ғимаратының асты-үсті, жан-жағы базар. Қанша дегенмен бұл жерге еліміздің барлық жерінен, шетелдерден қонақтар, ізденушілер келіп тұрады. Сондайда мына жерде отырғаныңа қысыласың. Бізде Ұлттық мәртебесі бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Құрманғазы ор­кестрі, Ұлттық кітапхана секілді меке­ме­лер бар, бәрінің жеке ғимараты бар. Ал біз біреулердің қуыс-қолтығында отырған сияқты ыңғайсызданамыз. Бұл мәселені, әрине, көтеріп жүрміз. Мемлекет оны жуық арада шешіп берер деген үмітіміз бар. Сол сияқты бұл жерде түрлі сала бойынша жұ­мыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы жүз мыңның ол жақ бұл жағында. Онымен бала-шаға асырау оңай емес. Биылдан бас­тап айлықты жиырма бес пайызға көбейтіп жатыр, солай жайымен көтеріле бермек, бірақ айлықты аз-аздан көтерем дегенше қосылған қаражатты ақшаның құнсыз­дануы жеп қойып жатыр. Алдағы уақытта да бұл мәселе толық шешімін табады деп сенемін. Қалай десек те, Ұлттық мәртебесі бар мекеме ұлт қазынасы саналады. Тек сол мәртебе мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, оның жұмысының маңызды екені естен шықпаса дейміз.

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ