Әнші Таңжарбай

Әнші Таңжарбай

Әнші Таңжарбай
ашық дереккөзі

Бүгінге дейін халық әні аталып жүрген «Бағила» әні Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында наси­хат­талып келді. Әндегі «Менің атым сұрасаң – Таңжарбаймын» деген жолдар ән авторын анықтап тұр. Атақты Мұхит салмен қатар жүріп, ел аралап ән сал­ған Таңжарбайдың өз заманында өзіндік орны бар әнші болғаны дау­сыз. Десек те, Таңжарбайдың өмірі мен өнернамасы жөнінде мәліметтер өте мардымсыз. Тіпті, туған жеріне қатысты мәліметтер де нақты емес. Кей де­ректерде әншінің Мөртөк, кейде Доңызтау өңірлерінде туғаны ай­тыл­­ғанмен, бұлардың бәрі дәлелсіз болжамдар ғана. Бір анығы – Таң­жар­бай­дың Батыс Қазақстан, Бесқала (Қарақалпақстан) аймақтарын тегіс ара­лағаны. Бүгінде Қ.Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» моног­ра­фиясындағы: «1920-1924 жылдар Қоңырат атыра­бындағы ағайын-туыстарына келіп, сол маңда қалып қояды» деген дерегін алға тар­тып, «Таңжарбай Бесқалаға өмірінің соңы­на қарай барған» деген тұжырым жа­сау­шылар бар. Біздің пайымдауымызша, Таң­жарбай Бесқала өңірінде өмірінің біраз жы­лын өткізген. Оған айтар мынадай бір­не­ше уәждеріміз бар. Біріншіден, Таңжарбайдың мұралары негізінен Қарақалпақстан қазақ­тары арасында сақталған. Оған Таңжар­бай­дың Әму бойында күні бүгінге дейін ай­ты­ла­тын бірнеше әні, одан бөлек, ән-күйлері, жыр-күйлері де дәлел бола алады. Екіншіден, Қ.Жұма­жанов айтқандай, 1920-1924 жыл­дары барып, 1926 жылы дүниеден қайтқан бол­са, оның бес-алты жыл ғана өмір сүрген же­рінде барлық мұрасы сақталмас еді. Мұны Т.Бекхожинаның Таңжарбай жөнінде айта келіп: «Әндері қарақалпақ жерінде кең тара­ған» деген мәліметтері де растайды. Таң­жар­бай­дың әндері Бесқала әнші-жырауларының көбінің репертуарынан берік орын алған. Таңжарбай әндерін қарақалпақстандық әнші-жыраулар – Жақсылық Мамытұлы (1899-1961), Төребай Құрбанов (1910-1977), Нау­рызбек Нұржаубайұлы (1931-1994), Атау­бай Мәмбетұлы (1931-1977), Өсербай Сәр­сен­байұлы бабына келтіре орындап на­си­хаттаған. Ал Таңжарбайдың ән-күйлері мен жыр-күйлері де бүгінге мойнақтық Жұмалы Ем­бергенұлы, кегейлілік Молдағали Балым­бетов, нөкістік Биман Кенжебаев сияқты күй­шілердің орындауынан жазып алынып жетіп отыр. Жалпы, Батыс Қазақстан әнші­лері­нің репертуарында Таңжарбайдың «Бағи­ла» атты жалғыз әнінен өзге мұрасы сақ­тал­мағаны белгілі. Үшіншіден, Таңжар­бай­­дың поэзиялық туындылары да Әму бойын­да сақталып қалған. Төртіншіден, Таң­жарбайдың Бесқала аймағында өмір сү­ріп, халыққа танылғанын сол өңірдегі жы­рау­лардың туындыларынан да кездестіреміз. Теңізбай жыраудың шәкірті Тұрғанбай Жаңа­байұлы: Табыннан өткен – Таңжарбай, Жырларын халқым ұнатқан. Ортаға түсіп бәйгі алып, Соңғыларға сөз қалып, Озып шыққан сынақтан, – десе, Наурызбек, Алдаберген жыраулардың ре­пертуарындағы толғауларда да Таң­жар­бай­дың халық арасында дарынды әнші адам бол­ғаны баяндалады: Табыннан өтті Таңжарбай, Әннің болды арнасы-ай. Наурызбек Нұржаубайұлының шәкірті Өсербай жырау Сәрсенбайұлының «Толғау, толғау сөйлейін» атты туындысында: Табыннан өткен Таңжарбай, Шырқап әнді салғанда, Жетеді, – дейд, – дауысы, Қарауымбеттен Қоңыратқа-ай, – дейді. Мұндағы айтылатын Қарауымбет те, Қоңырат та – Бесқала аймағындағы елді ме­­­кендердің атаулары. Мұндай мәліметтер Таң­жарбайдың сол өңірде өмір сүріп, ел есін­де қалғанын дәлелдейді. Профессор Қ.Жұмажанов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» моног­ра­фиясында Таңжарбайдың өмірі мен мұра­ларына қатысты біршама мәлімет қалдырып, оның әкесінің есімін және бүгінге дейін бей­мәлім болып келген туған, дүниеден қайт­қан жылдарын жазып қалдырған. Онда: «Таң­жарбай Бәкірұлы (1872-1926). Ән өне­рінің жүйрігі, ару сазды кісі. Руы Табын, Қоңыр» дей келе: «Туған жері Ақтөбе облы­сын­да. Өмірінің соңында 1920-1924 жыл­дары Қоңырат атырабындағы ағайын-туыс­тарына келіп, сол маңда қалып қойған» дей­ді. Бұл мәліметтің ел ішінен жиналып, өзге деректермен салыстырылмағаны бай­қа­лады. Бұл Қ.Жұмажановтың Таңжарбай мұра­ларын зерттеуге арналған еңбегі емес, сон­дықтан қолына тиген деректерді ғана пай­даланғаны анық. Ол шынымен бар өмірін Ақтөбе, Орал жерлерінде өткізіп, Бес­қала­ға өмірінің соңында барған болса, оның түгел дерлік мұралары Әму бойындағы қа­зақ­­тар арасында сақталып қалмаған болар еді. Енді осы айтылған және өзге де мә­лі­мет­терді бір-бірімен салыстырып қара­сақ, Таңжарбайдың өміріне, мұраларына қа­тысты біршама деректер жүйеленеді. Мы­салы, Қ.Жұмажановтың жоғарыда аталған ең­бегінде әншінің 1926 жылы дүниеден қайт­қаны айтылса, Т.Бекхожина «Қазақтың 200 әні» атты музыкалы-этнографиялық жи­нағында: «Әннің авторы Таңжарбай, ком­позитор және әнші, туған жылы белгісіз, 1933 жылы Қарақалпақстандағы Қоңырат қа­ла­сында өлген» дейді. Т.Бекхожина Қарақ­алпақстанға фольклорлық экспедициямен барған 1960 жылдары елде Таңжарбайдың кө­зін көріп, әнін тыңдаған адамдар баршы­лық еді, соған қарамастан әншінің туған жы­лы мен туған жері туралы нақты мәлімет­тер бере алмаған. Профессор Қ.Жұмажанов зерт­теулерінде Таңжарбайдың әкесінің есі­мін Бәкірұлы десе, өзге мәліметтерде әншінің әке­сінің аты Қазыбай деп көрсетіледі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Ба­сығараевтың 2019 жылы жарық көрген «Ақ­қудай Әлима едім қонған көлге...» атты ең­бегінде күйші Б.Басығараевтың ре­пер­туарындағы «Таңжарбайдың әні» жария­лан­ды. Ән авторы жөнінде берген мәліметінде: «Ән­ші, композитор Таңжарбай Бәкірұлы 1872 жылы туған, Бесқала өңірінде (Қара­қал­пақстан) өмір сүріп, ел аралап ән-жыр айт­қан. Кезінде Қарақалпақстанға, Ақтөбе өңірі мен Қазақстанның батыс аймақтарына та­нымал болған. Әндері Бесқала қазақтары ара­сында сақталған» дейді. А.Жұбановтың «Қазақ компози­тор­лары­ның өмірі мен творчествосы» еңбегінде Мұ­хит пен Таңжарбайдың сапарлас болға­нын айта келіп: «Мұхит жалғыз емес, оның өзін­ше пікірлес, өнерлестері болды. Олар да біреуі әнші, біреуі жыршы, біреуі ақын бо­лып, Мұхитты дәріптеді. ...Міне, соның бірі Таң­жарбай әнші. Таңжарбай өнерге бай әнші бола тұрса да, малға кедей адам екен. Таң­жар­бай өзінің кедеймін деп қорланбайтынын дә­лелдеп бір өлеңінде: «...Сұрасаң, менің атым Таңжарбаймын, Болсам да малға жарлы, әнге баймын. Өкшесі қара етіктің сынық сүйем, Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын...» − деп, өзін өзі көтерген болса, енді бір өлеңде «Са­­­ламын сал Мұхиттың «Айдайына» деп, Мұ­­­хиттың мәртебесін көтеріп, оны бір үл­кен бел етіп ұстайды. Мұхитты дәріптейді, ас­панға шығарады» деген аз ғана дерек ұшы­рас­са да, оның туған жеріне, өмірі мен шы­ғар­машылығына қатысты мәліметтер кез­деспейді. Шынында, Таңжарбай 1920 жылға дейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе ай­­мақтарында өмір сүрген болса, қазақ му­зы­­касын сол тұстардан бастап жинастыра бас­­таған А.Затаевич, А.Жұбановтардың ең­бек­­терінде оның әншілігі мен өміріне қатыс­ты бір ауыз болса да нақты мәліметтер та­бы­лар еді. Енді Таңжарбай мұраларының баспа бе­тін көруі туралы айтар болсақ, тұң­ғыш рет А.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қа­­ласынан шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында авторы көрсетілмей, мә­тін­сіз «Бағила» әні жарияланған. Әнді эт­ног­раф­қа Жымпиты уезі Тамды болысының тұр­ғы­ны Досқайыр Бабасов орындап берген. Таң­жар­байдың тағы бір әні араға жарты ғасыр уа­қыт салып, Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалы-этнографиялық жина­ғын­да жарияланды. Т.Бекхожина әншінің бұл әнін 1960 жылдары Қарақалпақстанға фо­лькл­орлық экспедициямен барғанда Хо­желі ауданында тұратын Төребай Құр­банов­тан жазып алған. Кітап соңында берген тү­сі­ніктерінде ән авторына қатысты айта ке­ліп: «Әндері Қарақалпақ жеріне кең тараған» де­ген мәлімет береді (Т.Бекхожина. Қазақтың 200 әні. Алматы, «Ғылым», 1972. 213-б). Со­ны­мен қатар әншінің «Таңжарбайдың күйі» деп аталатын күйі бесқалалық М.Балым­бетов­тің орындауында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» домбыра күйлері антологиясына енсе, «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында 2010 жылы жарыққа шыққан «Қазақтың дәс­түрлі 1000 әні» антологиясында Ғ.Құр­ман­­ғалиев, Ө.Сәрсенбайұлы, М.Өте­баев­тар­дың орындауындағы Таңжарбайдың «Ба­ғила», «Таңжарбайдың әні» (1-нұсқа), «Таң­жар­байдың әні» (2-нұсқа) сынды әндері жа­рияланған. Сондай-ақ Таңжарбайдың екі әні Кеңес дәуіріндегі пластинкаларда да жа­рық көріп, Қазақ КСР халық әртісі Ғ.Құр­ман­ғалиев (1909-1993) орындаған «Бағила» мен Өз­бек КСР-інің еңбек сіңірген әртісі М.Өте­баев (1928-1976) орындаған «Таңжар­бай­­дың әні» ел ішіне тараған. Соның ішінде Ғ.Құр­манғалиев орындаған «Бағила» әні халық арасында кең тарады. Бүгінде сахна­лар­да жиі орындалатын ән де осы нұсқада. Қарақалпақстанға фольклорлық экс­пе­дициямен 1959 жылы А.Серікбаева, 1962 жылы Т.Бекхожина, 1982 жылы музы­ка­танушы-ғалым Б.Қарақұлов пен аудар­машы, журналист Е.Сафуанилардың барғаны мә­лім. Осы сапарларда қоңыраттық Жақ­сы­лық Мамытұлы мен Наурызбек Нұр­жау­байұлынан хожелілік Төребай Құрбановтан Таңжарбайдың әндері магнит таспаларына жа­зып алынған. Бір қызығы, Наурызбек, Атау­бай жыраулар Таңжарбайдың әніне Балуан Шолақтың: Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең. Менің көңлім Ғалия дауалансын, Ауған түйе секілді бейімделсең, – деп бас­­талатын «Ғалия» әнінің сөзімен орын­да­ған. 2019 жылы жарық көрген «Бесқала қа­зақ­тарының әндері» атты ноталық-музы­ка­лық жинағымызда Жақсылық Мамытұлы (1899-1961), Төребай Құрбанов (1910-1977), Ба­қыт Басығараев (1926-2001), Наурызбек Нұр­жаубайұлы (1931-1994) сияқты танымал әнші-жыршы, күйшілердің орындауынан жа­зып алынған Таңжарбайдың бес әнін но­тасымен жарияладық. Таңжарбайдың өзгеше тағы бір әнін күйші Б.Басығараевтің жет­кіз­генін жоғарыда айттық, ол әнді Бесқала өңі­рінде өсіп, сондағы Жұмалы Ембергенұлы (1891-1975), Дәулеткелді Жармағамбетов (1899-1950) тәрізді дәулескер күйшілерден өне­ге көріп, күйші ретінде Әму бойында қа­лып­тасқан Б.Басығараевтың сол өңірден алып келгені сөзсіз. Таңжарбай әнші ғана емес, «Кенесары-Наурызбай», «Қыз Жібек» жырларын жыр­лаған жыршы да болған. Десе де, халық оны жыршы ретінде емес, әнші деп та­ны­ғанға ұқсайды. Әншінің «Сұрасаң менің атым Таңжар атым, елдегі есен бе екен қыз бен қа­тын?!» басталатын әнінің шығу тарихын 1982 жылы музыкатанушы-ғалым Б.Қара­құлов пен журналист, аудармашы Е.Сафуа­ни­дың Наурызбек жыраудан жазып алады. Онда атақты жырау Н.Нұржаубайұлы әннің шығу тарихын былайша баяндаған: «Бұрын­ғы уақыттары айтады екен, елден тысқары шығып, елге қайтып келе жатқанда өзінің қа­тар-құрбыларын сағынып, Таңжарбайдың мы­нау ойға қарай (Бесқалаға) қырдан құлап ке­ле жатқанда әні екен». Мұнда айтылған ән та­рихы Таңжарбайдың Әму бойына өмірінің соңында барды деген мәліметтті жоққа шы­ғарып, Бесқала әншінің өмір сүрген мекені бол­ғанынан хабар береді. Себебі әншінің өзге аймақтарды да аралап, елге, Бесқалаға қай­тып келе жатқанда шығарып айтқан әні еке­ні анық баяндалған. Т.Бекхожина, Қ.Жұмажанов, Қ.Аралбаев сияқ­ты музыкатанушы, әдебиеттанушы ға­лым­дардың еңбектерінде әншінің Қара­қал­пақстан аймағынан жазып алынған мынадай өлеңдері жарияланған болатын: Ей, қусаң да жеткізбейді ғой арман дүние, Бұрынғы ата-анадан қалған дүние. Барында оралыңның ойна да күл, Бір күні өте шығад жалған дүние. Барында оралыңның ойна да күл, Өтерін сұм дүниенің ойла да біл. Алдында жақсылардың мереке етіп, Ән салып, түрлендіріп, сайра бұлбұл. Сұрасаң менің атым – Таңжарбаймын, Болсам да өзім кедей, әнге баймын. Өкшесі қара етіктің қарыс сүйем, Болсам да қасқа кедей қыз таңдаймын. Сұрасаң менің атым Таңжар атым, Елдегі есен бе екен қыз бен қатын?! Елдегі есен болса қыз бен қатын, Құдайға құдай жолы жалғыз атым. Таңжарбай жыршы етіп атандырдың, Жақсымен несібемді қатар қылдың, Шебері қызыл тілдің болсам-дағы, Құдай-ау, айдар малға мәттәл қылдың. Сұрасаң қайталаймын – Таңжар атым, Елдегі есен бе екен азаматым, Елдегі есен болса, азаматым, Беремін сүйіншіге жалғыз атым Шауып шықтым басына қызыл қырдың, Сырты бүтін, іші алтын бұзылғырдың. Қауын болып қайсысыңа жарылайын, Бірі өтеді бірінен қырылғырдың. Жалпы, Бесқала қазақтарының ара­сында Таңжарбайдың оннан астам музыкалық мұралары сақталған. Қоңырат өңірінде өмір сүрген Ізбан күйші кейінгі жас өнерпаздарға Таң­жарбайдың жатқан жерін көрсетіп жүреді екен, кейінгі ұрпақ ұмытпай, келіп тұрсын дегені болар. Кіші жүз аймағын түгел аралап ән салып, артына біршама мұра қалдырған Таңжарбай ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Қоңырат ауданының қазіргі «Жаслық» стансасында дүниеден өтеді. Қазіргі әскери қалашықтың шығысындағы қорымда жерленген.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы